"Алпамыс" жырында баласы жоқта Ұлтан құлға пенде болып, түйе бағып жүрген Алпамыстың әкесі Байбөрі түйелерге:
Айдасам жөнге жүрмейсің,
Қарағымның артында.
Есіз қалған үлегі
Арай жаным, арай! - дейді. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі бұл жердегі арай сөзін "сабыр, ұстам, тоқтам" деп түсіндіреді. "Алпамыс" жырының ғылыми басылымында бұл сөзді көңіл-күйді білдіретін парсының сөзі деп анықтайды. Ал дұрысында арай - түркі сөзі, алтай түркілерінің тілінде "медленно, осторожно, постепенно, тихо, еле-еле" деген мағыналарды білдіреді. Байбөрінің аузынан шыққан арай да "ақырын жаным, ақырын" деген мағынада жұмсалған.
Түсіндірме сөздік арай сөзінің бірінші мағынасы "таң атар кездегі күн шапағы, шұғыласы" дегенді көрсетеді. Бұл мағынаның түп-төркіні түркі-монғол тілдеріне немесе монғол тілдеріне тән арай сөзіне қатысты болу керек. Монғол тілінде арай "едва, еле, чуть, почти, немного" дегендерді білдіреді. Қазақ тілінде арай - енді-енді шашырай бастаған таң шапағы болғандықтан, мұнда "енді-енді, білінер-білінбес, әрең-әрең" деген мәнді қамти айтылған.
Арай сөзінің "ақырын, ептеп, біртіндеп" мағынасын Мұхтар Әуезов қолданған. "Абай" операсының либреттосында жазушы Ажардың аузына:
Өлмек ем сол әнге ұйып арай-арай,
Ол бірге өшпек болды арай-арай.
Көрдім де бекінгенін бірге өлмекке,
Тірлікке мен шақырдым арай-арай! - деген сөздерді салады.