ХV-XIX ғасырларда өмір сүрген қазақтың ақын-жырауларының өлең-толғауларында, бағзы заманнан келе жатқан мақал-мәтелдерде, сондай-ақ кейбір ежелден қалыптасқан сөз тіркестерінің құрамында бұл күнде аса көп қолданылмайтын, мағынасы күңгірт тартқан немесе мүлде түсініксіз біраз сөз кездеседі. Сонымен қатар, қазірде жиі айтылатын актив сөз болғанымен, ертеректе беретін мағынасы басқаша болған атаулар бар. Ендеше, ұмыт болған, мағынасы көмескіленген ескі сөздерді қайта жаңғырту үшін сөздер сөйлейді.
Алдияр. Қазақтың эпостық жырларында, ертегілерінде, Махамбет жырларында хан, сұлтан сияқты дәрежесі жоғары адамдарға қарата айтылатын алдияр сөзі жиі кездеседі:
Алдияр бас хандарым,
Жаңа келді Қамбарың...
Алдияр тақсыр ханымыз.
Шоқан алдияр сөзін «Алла жар болсын» дегеннен шыққан деп таниды. Кейінгі этимологтер де осы пікірді қуаттайды. Қырғызша-орысша сөздіктің авторы К. К. Юдахин де алдияр – араб, парсы сөзі (алла + йар) деп табады да, монархтар мен хандардың құрметті дәрежесін (титулын) білдіретін, орысша «ваше величество» дегенге сай тарихи көне сөз деп түсіндіреді. Біздіңше, бұл – жаңсақ пікір.
Ертеректе, хандық дәуірде қазақтар қолдаған алдияр сөзі монғолша алдар сөзімен төркіндес болу керек. Алдар «даңқ, атақ, мәртебе, дәреже» дегенді білдіреді. Бұл сөз қалмақ тілінде де бар. Алдияр қалмақша «ұлы» деген мағынада. Алдияр қазақ тілінде жеке тұрып та, алдияр тақсыр, алдияр хан сияқты тіркестер түрінде де қолданылған. Бәрінде де ол «мәртебелі, ұлы» деген мәнді білдірген. Ал бұл эпитет хан, бек, сұлтан сияқты билеушілерге ғана айтылғаны мәлім. «Алдияр деген сөзді қазақтар хандарға айтқан, бұл сөз кейде алдияр тақсыр деп те келеді» дейді зерттеуші Будагов.
Шынында да, бұл сөз орысша «ваше величество» деген тәрізді құрметті титулды (дәрежені) білдірген. Әрине, алдияр сөзі қазақ тіліне монғол немесе қалмақ тілінен кейінгі ғасырларда енді ме, әлде ежелден түркі-монғол тілдеріне ортақ сөз бе – әзірге кесіп айту қиын. Сірә, бұл сөз түркі тайпалары тілінде монғол шапқыншылығы кезінен (ХІІІ ғ.) бастап қолданылған болар. Оның үстіне хандары тек қана Шыңғыс әулетінен болып келген қазақ қоғамында сол хандарға монғолдарша алдияр (ұлы, мәртебелі) деп айту орын алған болу керек. Өйткені, алдар/алдияр сөзі көне түркі тілінде жоқ, өзге түркі тілдерінің де барлығына тән емес.
Р. Сыздықованың «Сөздер сөйлейді» атты еңбегінен.