Сырым Үргеніштің ханына барып жүз керіс қылған. Хан Сырымның атағына сырттай қанық: «Қазақтың өзі шешен, өзі батыр кісісі»,— деп естиді екен. Хан Үргеніш шешені мен Сырымды айтыстырыпты:
Үргеніш шешені:
- Сөз анасы не?
Су анасы не?
Жол анасы не? — деп сұрайды.
Сырым батыр:
- Сөз анасы — құлақ,
Су анасы — бұлақ,
Жол анасы — тұяқ! — деп жауап береді.
Үргеніш шешені:
- Дау мұрады не?
Сауда мұрады не?
Қыз мұрады не?
Жол мұрады не? — дейді.
Сырым батыр:
- Дау мұрады — біту,
Сауда мұрады — ұту.
Қыз мұрады — кету,
Жол мұрады жету,— дейді.
Үргеніш шешені:
- Намазда жан-жағыңызға қарай береді екенсіз, оныңыз не? — деп сұрайды.
- Жан-жағыңызға сіз қарамасаңыз, менің қарағанымды қалай көрдіңіз? — дейді.
Үргеніш шешені:
- Сізді екі аяқты, бір тілді адам баласы жеңді ме? — Дейді.
Сырым батыр:
- Сырымның айтқанын тыңдамай, өз сөзін соға берген адам Сырымды күнде жеңеді,— дейді.