- Негізгі бет
- Асыл сөз
- Сиырдың түсі мен...
Сиырдың түсі мен түгіне байланысты атаулар
Халқымыз үшін сиыр түлегінің орны ерекше. Сауса – сүт, сойса – ет. Әсіресе, сүт үшін сиырды қатты құрметтейді.
ҚАРА СИЫР – сыртқы түгі бірыңғай қара болып келген сиыр.
ҚАРА ҚОҢЫР СИЫР – жүні аса қара болмай келген сиыр.
САРЫ АЛА СИЫР – ақ түктері бар жерлерінен сарылау түктері бар жерлері көбіректеу боп келген сиыр.
АЛА СИЫР – сыртқы түк-түстері біркелкі келмей, ақ-қоңыр, сарғылт түктері бар жерлері аралас келген немесе сырт жүні тегіс қоңыр боп, арқа жүні ала келген сиыр.
КӨК СИЫР – сиырдың сырт жүні шымқай көк немесе бурыл боп келгені.
Көк сиыр бұзау туғанда,
Қамап қойдық қораға (Халық ауыз әдебиеті).
АҚ СИЫР – сырт жүндері біркелкі ақ боз келген сиыр.
ҚЫЗЫЛ СИЫР – сиырдың сырт жүндері бірыңғай қызыл келгені.
ҚАРА ҚАСҚА СИЫР – маңдай жүні тұмсығына дейін ақ болып, қалған дене түктері қара келген сиыр.
ҚЫЗЫЛҚАСҚА СИЫР – сыртқы жүндері қызыл болып, маңдай жүндері тұмысығына шейін ақ болып келген сиыр.
ТАРҒЫЛ СИЫР – сиырдың негізгі сырт түктері сарғыш болып, оның үстіне жолақ-жолақ , бүртік-бүртік боп қара қоңыраулы түк жайылғаны.
Сиыр алсаң танып ал,
Танымасаң тарғыл ал (Халық мақалы).
ҚАРАШҰБАР СИЫР – сырт түктері бірдей болмай, әр жері ұсақ, ойдым-ойдым боп келген түк-терінің қарасы көп сиыр.
АЛА БЕЛСИЫР – сиырдың сырт түгі бірдей келмей, бел тұсының жүні шымқай ақ болып, қалған жері бір түспен келгені.
Қ. Слямбек