- Негізгі бет
- Асыл сөз
- Саудаға қатысты көне...
Саудаға қатысты көне сөздер
Қазақ даласында орта ғасырда да, кейінгі ХIX-XX ғасырларда да сауда дамығаны белгілі. Орта ғасырда Ұлы Жібек жолы мен керуен саудасы болса, кейінгі ғасырларда қазақ халқы көрші елдерге мал сатып экономикалық қатынастар жасады.
Сол дәуірден қалған, қазір бірақ қолданыстан шығып, көне сөзге айналған тіркестер бар. Олардың кейбірі қазір қайта қолданысқа еніп, жаңаша мағынада қосылған.
Саудаға қатысты көне сөздер.
Сауда күсет болсын. Сауда сәтті болсын дегенді білдіреді. Мұнда "күсет" деген сөз сәтті, табысты болсын деген мағынаны береді. Әдетте қазақ халқы саудаға шыққан, сауда сататын адамға "саудаң сәтті болсын", "саудаң өтсін" деп тілек білдіріп жатады. Осы тілектің бұрынғы ХІХ ғасырдағы формасы осы болса керек.
Саудаң имам ағзам болсын. Саудагерге білдірген жылы лебіздердің бірі. "Саудаң адалынан болсын" дегенді білдіреді. Жалпы қазақ халқының түсінігінде сауда адалдықты, шынайы ниет пен пейілді білдіреді. Сауданы адал жасаған адамдарды ғана саудагер деп таныған.
Несиені жию. "Қарызға берген ақшаны немесе мүлікті өсімімен алу" дегенді білдіреді. Бұл тіркес – ХІХ және ХХ ғасырда кең қолданылған, шаруашылық экономикалық қатынастарды білдіретін маңызды түсінік болған. Абайдың қара сөзінде де айтылады. "Саудагер несиесін жия келгенде "тапқаным осы, біттім деп, алсаң – ал, әйтпесе саған бола жерден мал қазам ба?" дейтұғыны болушы еді ғой" дейді Абай он алтыншы қара сөзінде. "Саудагер қашты бұл елден, несиесін жия алмай" дейді тағы бір өлеңінде.
"Несие жию" тіркесінен шығатын сөз – несие. Қазіргі қаржы институты мен несие ұйымдарының қолданысындағы сөз. Кәдімгі кредиттің баламасы қазақ даласында ХІХ ғасырда да болғанын байқаймыз.
Көтерер жинаушылар. Несиені таратумен, берумен айналысатын адамды "көтерер жинаушылар" деп атаған. Бұған қазіргі банк пен шағын несие беруші ұйымдарды жатқызуға болады.
Бақалшық, ұзын қоржын, арбакеш. Шағын саудамен айналысқан, ел-елді аралап зат сатқан адамдарды ХІХ ғасырда осылай атаған. Ұсақ саудагерлерді бұлай атауының себебі қарапайым. Мұндай саудагерлер тауарды қоржынға салып артып немесе арбасына салып тасып жүрген. Көбіне, ұсақ тауарларды сатқан. Ұсақ заттарын малға не ақшаға айырбастаған. Соның арқасында ауыл халқы күнделікті тұрмысына қажет заттарды алып отырған. Бұларды қазіргі шағын кәсіпкерлермен салыстыруға болады.
Көпес. Жалпы қазақ даласында сауданың негізгі екі түрі болған. Бірі – қалалық сауда, екіншісі – далалық сауда. Қалалық сауданы халықаралық деңгейде сауда-саттық жасаған ауқатты саудагерлер жүргізген. Ал далалық сауда дегеніміз – кәдімгі ішкі нарық. Оны көпес, арбакеш сынды саудагердің түрлері қамтамасыз етіп отырған.
Керуен – сауда не басқа мақсаттарда көлікке жүк артып ұзақ жолға сапар шеккен жолаушылар тізбегі.
Керуенбасы. Керуенді басқарып, айшылық алыс жолға шығатын кәсіби маман. Оны саудагерлер арнайы жалдайды. Жағрапия мен астрономияны жетік білген адам. Өйткені ол табиғат жағдайына қарай шешім қабылдай алуы тиіс.
Кіреші – түйеге жауап беретін, керуенге жалдамалы болып жұмысқа орналасқан адамдар. Бұлар да құтқару мен төтенше жағдайы кезінде тез шешім қабылдауға үйренген кәдімші құтқарушылар.
Керуенсарай – керуен тоқтап демалатын арнайы орын. Қазіргі тілмен айтқанда қонақ үй, мотель. Бұл – кәдімгі логистикалық орталық. Керуенге қажет қызметтің бәрі осында жинақталған. Соның арқасында керуенсарай пунктілері кейде қалаға айналып, бөлек бір сауда орны өсіп шыққан. Бұған қазақ даласындағы Түркістан, Сарайшық сынды қалалар дәлел.
Қ. Слямбек