- Негізгі бет
- Асыл сөз
- Оралхан Бөкей: Өмір...
Оралхан Бөкей: Өмір – ешкім шығара алмас қиын есеп
Ол табиғат пен адамзаттың байланысын жазды. Заңдылықтарды көркем әдебиетке енгізді. Ол қысқа ғұмырында классикалық тың туындылар қалдырды. Ол – Оралхан Бөкей. Назарыңызға классиктің туған күіне орай шығармаларынан алынған афоризмдерін ұсынамыз.
Жалғанда адам бір қателескенде, жалғыз рет аяғыңды тас қағып қалса, өмір бойы сүріншек болып оңбай өтесің.
Өмір – ешқашан шешуі табылмас жұмбақ, ешкім шығара алмас қиын есеп.
Адамның қолы қанат емес, ұшуға арналмаған. Ұшып жүргендерді атып түсіру оңай деуші еді, қаңғыған оқ, қаңғырған аңшыдан сақтан, жарығым!
Бардың қадірін білу үшін жоғалту керек, тоқтықтың қадірін білу үшін ашығу керек екен.
Қанатыңмен ұшқанда,
Құйрығыңды ұмытпа!
Тіршіліктің сұлулығында шек жоқ.
Әр таудың басын аңсаған арқар аштан өледі.
Жүгірген алмайды,
Бұйырған алады.
Бүкіл әлемде адам баласы қаншалықты мол болса, соншалықты жалғыз. Оны жалғызсыратпайтын айрылмас адал досы – өзінің ойы ғана!
Неғұрлым керек болсаң,
Соғұрлым жақсы естисің.
Махаббат – зор саналылықтың, білгір-білімділіктің, асқан ақыл-ойдың жемісі емес, ол – тек жерде ғана өмір сүретін, бірте-бірте архаизмге айналатын, тууы бар, өсіп-өнуі жоқ көзге көрінбей мәңгі жасайтын бейнесі белгісіз дара ұғым.
Ақыл мен ар-ожданды адамдарға берсінші.
Егер жалғыздық жаныңды жегідей жеп, сүліктей сорып меңдеп алса, адам да өз-өзінен мәңгіргендей албаты лағып, беті ауған жаққа сандала бермей ме?
Дүние кезек екен.
Жек көрудің ең сұмдығын адамдардың өздері туғызады.
Г. Берік