- Негізгі бет
- Асыл сөз
- Нұрсұлтан Назарбаев Кеңес...
Нұрсұлтан Назарбаев Кеңес заманының сұрқай саясатының ащы шындығын айтты
Бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Кеңес заманының сұрқай саясатының ащы шындығын айтты.
Мемлекет басшысы өз сөзінде елімізде ханның не батырдың ескерткіші тұрмақ, олардың атында білім, мәдениет нысандары, керек десеңіз жалғыз-жарым көше де болмағанын, қазақ хандарының аты аталған жағдайда оларға үстем тап өкілдері ретінде келеңсіз баға беріліп, қисынсыз айып тағылғанын баса айтты.
«Бұл тура ақын Ғафу Қайырбеков кезінде: «Басқаның патшасының бәрі жақсы, неліктен біздің хандар жаман болған» деп ашына сөйлегенін білеміз. Бұл ұлт жадының тамырына балта шабуға арналған. Осындай сұрқай саясаттың небәрі ширек ғасыр бұрын болғанына сенудің өзі қиын. Бірақ, кеңес заманының ащы шындығы осылай болатын. Тәуелсіздік қазақ халқының өткенін жандырып, өшкенін тірілтті», - деді Елбасы.
ҚР Президенті өз сөзінде Алматы мен Астанада, облыс орталықтары мен ірі елді мекендерде Керей мен Жәнібек, Абылай, Әбілқайыр сияқты әйгілі хандарымыздың, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай батырлардың еңселі ескерткіштері бой көтеріп, олардың есімдері елді мекендерге, жоғары оқу орындарына, мектептерге беріле бастағанын айтты.
«Бабалардың ерлік пен күреске толы өнегелі өмір жолдары жайлы том-том ғылыми еңбектер мен әдеби шығармалар жазылды. Тәуелсіздікпен бірге ұрпағына ұлан ғайыр қоныс қалдырған батыр бабаларымыздың биік рухы, қазақтардың, әсіресе, жаңа буынның арасында аса зор патриоттық өрлеу туғызып, ұлт тарихына деген мақтаныш сезімін оятты», - деді Н.Назарбаев.
Дереккөз: kazinform.kz
Н. Нұрмаханұлы