- Негізгі бет
- Асыл сөз
- Мехнат деген сөздің...
Мехнат деген сөздің мағынасы қандай?
Қазақ тіліне "мехнат" сөзі араб тілінен енген. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіне сүйенсек, "ауыр азап, бейнет, қиыншылық" деген мағына береді.
Қазақ әдеби тілінің сөздігінде де "ауыр азап, бейнет, қиыншылық" деген мағыналарды білдіретіні жазылған.
Не бітер күшті орынсыз жеккенменен?
Шығар ма тасқа егін еккенменен?
Ойлама алғыс, абырой аламын деп,
Пайдасыз құр мехнат еткенменен.
Мақсұтқа ойыңа алған жете алмайсың,
Мал шашып құр далаға төккенменен.
Пайдалы істен алар абыройың
Кетпейді кейін қарай тепкенменен.
Орынды болса еткен миһнатың,
Халықтың түсірерсің ілтипатын.
"Пәленше, бәрекелді... жарайды!" - деп,
Шығады сол уақытта жақсы атың.
Ахмет Байтұрсынұлының "Маймыл" атты мысалында "мехнат" сөзін "қасірет, кесапат" деген мағынада қолданған.
Қазақ тілінде "мехнат" сөзіне байланысты "мехнат кешті", "мехнат шекті", "мехнат көрді" сынды тұрақы сөз тіркестері бар. Негізінде мағыналары – бір. "Азап көрді, бейнеттенді, азаптанды" деген мағынаны үстейді.
"Мехнат" сөзі түбірінен өзгеріп, "мехнаттану", "мехнатсыз", "мехнатты", "мехнаттандыру", "мехнаттан" түрінде айтылады.
Кейде қазақ әдебиетінде "мехнат" сөзінің "мехнет" түрінде қолданылатын формасы бар.
Қ. Слямбек