Адам бойындағы жағымсыз қасиеттердің бірі – қызғаншақтық. Қасиет деп те қателесуіміз мүмкін. Қызғанудан немесе көре алмаудан алмаудан келіп-кетер пайда шамалы деп те айтуға келмейді. Себебі қызғаныш жан дүниеңді жаралап қана қоймай, жапа шектіруі де мүмкін.
Қызғаныштың түр-түрі бар. Тек жағымсыз қасиет деп қателесуіміз мүмкін. Қателесеміз де. Себебі қызғанатын сәт бар, қызғанбайтын сәт бар. Орынды, орынсыз тұстары бар. Қазақ әдебиетінің тарихында бүгінге дейін ең көп роман (17) жазған жазушы Ілияс Есенберлин осы бір қызғаншақтық жайлы шығармаларында жаза кеткен. Соның бірі қызғаныштың түрі жайлы: «Қызғаншақтың өзі сан түрлі болады. Ананың балаға деген, жарының жұбайына деген қызғаншақтығы бар. Бұлар адамның жан сезімінен, үлкен махаббат сезімінен туады. Бұл – таза мөлдір сезім» - дейді. Әсілі бізге дейін жеткен хадистерде, өсиет әңгімелерде де өмірлік жарыңды қызғана білу игі іс саналады. Бұл тұрғыдан алғанда қызғана білудің жөні бар. Ал орынсыз, біреудің жетістігін, болмаса дүниесін қызғану – күпірлік.
Қызғаныш – жапа шектіреді. Бұл туралы да Ілияс Есенберлиннің ой орамы ойға оралады: «Қызғаншақтық – кең дүниені тарылтатын кесел. Өз мінезінен өзі құса болған қайғыдан жаман қайғы жоқ. Ол адамды іштен жегідей жейді. Бір кездері денелі салмақты жас жігіт, енді құжіреген, қас-қабағы түнерген, ашулы кісіге айналады» - дейді. Сондықтан себепсіз қызғану мен өзгені көре алмаудан сақ болайық.
Қызғаныштан көре алмаушылық, көре алмаушылықтан қандай да бір кесір жасау секілді ой пайда болуы мүмкін. Осындайда Жүсіп Баласағұнның «Қызғаныш қайда болса, ұрыс сол жерде» дегені еріксіз еске түседі. Сондай-ақ атақты парсы және тәжік ақыны, ұлы ойшылдардың бірі Әбдірахман Жәми де өз ғибратнамасында «Қызғаншақтық ақылдың көзін байлайды, соқыр қызғаныш көзсіз етеді» - дейді.
Қазақтың маңдайалды жазушыларының бірі Мұхтар Әуезов те: «Қызғаныш – құрт ауру. Ол мыс қазандай қайнайтын азап оты» деп бағалаған. Ал қазақтың жарқ еткен жарық жұлдызы Шоқан Уәлиханов: «Қызғаншақтық – сыртқа шықпай қоймайтын ішкі былық» - деп жазып кеткен.
Қызғаныштан ада болып, бойымыздағы бір кеселдің бой көрсетпеуіне өзіміз ғана себепкерміз. «Кең болсаң, кем болмайсың!».