Қазақ қауымында қыз баланың орны айрықша болған. Ата-бабаларымыз қызды қонақ деп есептеп, барған жерде бағының ашылуын үйде отырып қамдаған. Барынша ізетті, сыпайы, мейірімді де ісмер, қылықты да қырмызы болуын үнемі қадағалап отырған. Еркін ұстаған, бірақ тым еркінсітпеген. «Қыз - өріс, ұл - қоныс» деп білгендіктен қазекем өрісін кеңейтер қыз балаға айырықша көңіл бөлген. Қыз мінезді келсін, ұл өнерлі келсін» дей отырып, «қызға қырық үйден тиым» жасайды. Қыз бала жайлы халқымызда мақал-мәтелдер де жетерлік. Соның бір парасын назарларыңызға ұсынамыз.
Бір қыз күйеуге шықса,
Қырық қыз түс көреді.
Қыз өссе - елдің көркі
Гүл өссе жердің көркі.
Қыздың көзі қызылда.
Қайтып келген қыз жаман,
Қайта шапқан жау жаман.
Төркін десе қыз төзбейді.
Тойған қыз төркінін танымас.
Қыз бала үйге жаққан бояу.
Қыз бала өкпешіл болса,
Қалың малы көп болар.
Қызы бар үйдің жеңгесі сүйкімді келеді.
Қызды ауылдың қызығы көп.
Қызды қымтап ұстаған ұялмайды.
Қыз бен жылқы жаудікі.
Күйеу жаман болса қызыңнан.
Қыздың ұяты шешеге.
Қызды асырап білмеген күң етер,
Жібекті түте алмаған жүн етер.
Қызым саған айтам, келінім сен тыңда.
Қызың өссе қылықтымен ауыл бол.
Қыз қылығымен.
Шешесіне қарап қызын ал,
Аяғына қарап асын іш.
Қызы бардың назы бар.
Қызға қырық үйден тыйым.
Қыз күнінде бәрі жақсы,
Жаман қатын қайдан шығады.
Қыз - өріс, ұл - қоныс.
Екі ауылдың арасын жол қосады,
Екі елдің арасын қыз қосады.
Қыздың жолы жіңішке.
Қыздың қырық жаны бар.
Судың түбін шым бекітер,
Даудың түбін қыз бекітер.
Отырған қыз орнын табады.
Ақылды қыз білімге жүгірер,
Ақылсыз қыз сөзге ілігер.
Қырсыққан қыз бай таппас,
Қырсыз жігіт мал таппас.
Қыз ұзатқанның қызылы қалмас.
Жақсы қыз - жағадағы құндыз,
Жақсы жігіт – аспандағы жұлдыз.
Қыз назы қырық кісіні мас қылады
Қыздың қабағында құт бар.
Қыздың қабағы күлімдесе – құт келеді.
Қыздың жолы қырық кісінің жолын бөгейді.
Қызда қырық көліктік бақыт бар.
Қыз – қонақ.
Қыздың көзі қызылда.