Халық арасында бұл мақал кең таралған. Алайда мұның дәл мағынасы туралы тартыс көп. Әркім әртүрлі болжайды. Мақалды тура мағынасында түсінетіндер баршылық. Өзімнің басымнан өткен жағдай бойынша айтып берсем...
Бір күні лифтіге міндім, лифт толы қыз екен. Келесі қабатта тағы бір қыз кіре бергені сол еді, лифтіміз қозғалмай қойды. Сол мезетте қыздардың біреуі «қыздар, біреуіміз артық боп тұрмыз», - деді. Сөйтіп бір қыз шығып кетіп еді, лифт бірден қозғала кетті. Қыздар болса, «қыз ауыр ма, тұз ауыр ма?! деген осы», - деп бір күліп алды. Оқиғадан аңғарғаным, көпшілік мұны тура, яғни «ауыр» мағынасында қабылдайды екен.
Жұмбақ деп те ұғатындар бар екен. Интернеттен бұл мақалды іздеп едім, біреулер оны жұмбақ ретінде талдап қойыпты. Шындығына келгенде, бұл астарлы бір мақал. Қалың көпшілікке түсініксіз мақал болғандықтан, оны тура мағынасында түсініп, «қыз қалай ауыр болуы мүмкін?» деп ойланып қалуы мүмкін. Расында, мақалды түсіне алмайтындай жөн бар. Неге десеңіз, оның құрамындағы ауыр сөзінің мағынасы күңгірттеу. Егер көпшілік мақалдағы ауыр сөзінің ауыспалы мағынасын білетін болса, онда мақалды дұрыс түсіне алар еді.
Ауыр сөзінің мәнін ашар болсақ, бұл «қымбат» мағынасындағы көне сөздердің бірі. Мысалы, Орхон ескерткіштерінен Білге қаған жазбасында «ағыр» сөзі «қымбат, бағалы» мағынасында жұмсалған. Көне ұйғыр жазба ескерткіштер тілінде де ағыр - «қымбат; маңызды; құрмет» сияқты мәндерге ие; «ағыр-аяғ» қылу «құрмет көрсету» тіркесі де бар; «Диуани лұғат ат-түрк» ескерткішінде ағыр - «бағалы» мәнінде сақталған; бұл түбірден aғырлығ - «сыйлы» туынды сөзі де шыққан; көне қыпшақ ескерткіші «Codex Cumanicus-та» да ағыр - «сый, құрмет» сөзі бар.
Қазіргі түркі тілдерінен түрік тілінде ağır - «бағалы, қымбат, құрметке ие»; ağır misafir - «құрметті қонақ»; әзербайжан тілінде agır - «өте қымбат»; сары ұйғырлар тілінде агыр - «қымбат»; тува тілінде - «aaр»; якутшада - «ыар».
Көне түрк тілі және қазіргі түркі тілдерінің материалдары негізінде ауыр сөзінің ауыспалы «қымбат, бағалы, құрметке лайық» мағыналарында қолданылуының мүмкін екендігін көрдік. Түркі тілдері материалдары негізінде қазақ мақалындағы мағынасы түсініксіз сөздің мәнін аша алдық. Осы негіздерге сүйене отырып, «қыз ауыр ма, тұз ауыр ма?!» мақалын «қыз қымбат па, тұз қымбат па?!» деп аудардық.
Қазақ тілі сөздіктеріне келер болсақ, сөздіктерде ауыр сөзінің «қымбат» мағынасы туралы сөз қозғалмаған. Өйткені оның бұл мағынада жұмсалуы тек осы мақалда байқалған. Бірақ «ауыр» мағынасындағы сөздердің ауыспалы мағынаға ие болу құбылысы тілде бар. Мәселен, «күшті, әйбат, зор» сөздерінің «ауыр» деген алғашқы мағынасынан «керемет, тамаша» т.б. туынды ауыспалы мағыналар туған. Сонымен қатар, моңғол тілінде «ауыр» мағынасындағы «күндү» сөзі тува және алтай тілдерінде «құрметті, қымбатты» мағыналарына ие болуы бұған семантикалық дәлел бола алады.
Енді екінші мәселеге келер болсақ, неге қыз қымбат? Неге тұз қымбат?
Ежелден қазақ жұртында қыз ең қымбат, ең асыл, ең ардақты жан болып, оны ерекше құрметтеп, қастер тұтқан, төрден орын берген. Көне ескерткіш тіліндегі қыз сөзінің өзі «қымбат» мағынасында пайдаланылған.
Тұздың да қазақ даласында орны бөлек болған, ең қымбат қазына болып есептелген. Содан болу керек, осы мәтелде қыз бен тұздың бағалы дүние болғаны айтылған. Оны аяққа таптамай да, таптатпай да қастерлеп, қадірлеу керек екені сөз етілген.
Ауыр сөзінің «қымбат» мағынасын шығару арқылы жоғарыдағы мәтелді дұрыс түсінеміз. Бұл сөзге қатысты қорыта айтқанда, кейбір жеке сөздердің де бұл күндегі қолданылуы мен ертеректегі мағынасы бірдей еместігі байқалады. Мысалы, ауыр сөзін біз салмаққа байланысты ұғымда (ауыр жүк) немесе осы ұғымнан шыққан ауыспалы мәнде ауыр сөз, ауыр тиді, жұмыстың ауыры деген сияқты тұстарда айтамыз. Ал Қыз ауыр ма, тұз ауыр ма?! мақалында келіп, «қымбат» деген мағынаны білдіріп тұр.