- Негізгі бет
- Асыл сөз
- Қырық жігіт, қырық...
Қырық жігіт, қырық қыз: Орыстардың қазаққа қолданған шоқындыру саясаты
XIX ғасыр Ресей Патшалығының Орта Азия мен Қазақстан жерін басып алып, отарлау кезеңі болған. Бұл ғасыр әдебиетте Зар заман кезеңі деп аталатыны белгілі. Осы жүзжылдықтың басында олар башқұрт, татар, қазақ жерлеріне бекіністер салып, түрлі миссионерлік жұмыстарын жүргізген. Төменде берілген аударма мақала орыстардың қазақ жерін отарлауға жасаған алғашқы қадамдарының бірінен мағлұмат береді. Мақала 1903 жылы Торғай газетінде басылып шыққан.
«Орынбор шегаралық комиссиясының мұрағатында 1830 жылдары көптеген қазақтар Сырдария, Қоқан жеріне ауа кешкені жайында құжаттар бар. Олардың қоныс аударуына орыстардың қазақ балаларын оқытып, кейіннен шоқындырып, әскерге алатыны жайлы қауесет түрткі болған. Сондықтан да орыстармен шектес аймақтағы қазақтар, Ресейдің ықпалынан құтылу үшін көшкен. Алайда біраз уақыт өткеннен кейін байырғы қоныстарына қайта келген. Бұл қозғалыстың басында белгілі қазақ батыры Жоламан Тіленші болған. Ол табын руынан шыққан, батыл әрі мықты қазақ екен. Алайда мақала авторы қазақтардың қайтып келу қозғалысы мен оның себебі жайында мұрағаттан ешбір құжат таппағандығын айтады. Бұл аралықта тек қазақ балаларын орысша оқыту мен сауаттандыру үшін ақпарат жиналғандығы белгілі.
Бірақ қазақтардың қашып қайта келуі фактісі біздің (орыстардың) Орта Азияны билеп-төстеуімізден сырт қала алмайды. Қазақ даласына жасаған кезекті сапарымда мен бір интелигент қазақ досымның үйінде қонақ болдым. Досымның ақжарқындығының арқасында ауылдың ақсақалдарымен әңгімелестік. Олар бұл оқиғаға бала кездерінде куә болған екен. Бұл туралы бізге аса қадірлі қария Мәмбетәлі Ұнай айтып берді. Төменде біз қарттың айтқанын дәлме-дәл айтып береміз. Мұны басқа да ақсақалдар қуаттап отырды.
– Бұл тым әріде болған оқиға. Ол кезде мен 11 жаста едім. Қазір 80-нен ассамда, ол оқиға әлі көз алдымда. Біз қарттар қазір болған жағдайды ұмытып қаламыз, бірақ бала кездегі жайлар біздің есімізде мәңгі сақталады. Ол уақытта халық бай, мықты әрі төзімді болатын. Қазіргідей қарыз дегенді білмейтін. Шай деген нәрсе атымен жоқ еді. Оның орнына шалап ішетінбіз.
Қыстың үскірік аязында да қазақ үйде тұратынбыз. Дәл сол тұста ел арасына орыстар қазақтардан қырық жігіт, қырық қыз алып, оларды мектепке алып, шоқындырып, артынша балаларымызды әскерге береді деген сөз шықты. Содан бастап бәрінің ауызында қырық жігіт, қырық қыз. Кім келсе де, осы туралы әңгімелеседі. Балалар шабармандарды көрген бойда сай-жыраға, талдың артына қарай қашатын. Қас қарайған соң ғана үйге келетін. Сосын үлкендердің ұзаққа жалғасқан әңгімесіне құлақ түретін. Сөз арасында балалардың үрейін ұшырған қырық жігіт, қырық қыз сөзі жиі қайталанатын.
Қуанышымызға орай Жоламан батырдың бұл нәубеттен құтқаратыны жайында елге хабар тарады. Жоламан батырдың шабармандары ауылдарға келіп, кеңеске шақырды. Шабармандар батырдың ержүректігі мен айлакерлігі, оның орыстарды қалай сан соқтырғаны жайында айтатын. Бұл хабарға халық қатты қуанып, хабар жеткізуші жігіттерді жас малдың етімен, қымызбен сыйлап шығарып салды. Жоламан батырдың ордасына Жайық, Елек, Хобда бойларын қоныс еткен Табын, Там руларының ақсақал, билері, рубасылары жиналды. Барлығы жиналған соң, қонақасыға біршама мал сойылды. Сонда Жоламан батыр:
– Қиын күндер келді. Орыс барлық күшімізді алды. Даламызға қала, ауыл салды. Енді біздің салт-дәстүрімізді бұзбақ. Біздің дінімізді өзгертіп, өзімізді әскерге алмақ. Барлығыңыз да біздің балаларымызды оқытамыз деген желеумен бізден қырық жігіт, қырық қызды алғысы келетіні білесіздер. Бұның арты бәрімізге де қауіпті. Бұл жайлар мені күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырды. Елдің қайғысы – ердің қайғысы. Ал өздеріңіз осы тығырықтан шығатын, орыстың шылбырынан құтылатын жол таптыңыздар ма?
– Біз де көп ойландық, бірақ еш нәрсе ойлап таба алмадық. Көкте қалықтаған қыран жердегіні жақсы көреді. Сол сияқты бұл нәубеттен бізді сен ғана құтқара аласың. Тоқ етерін өзің айт, біз сенің соңыңнан ереміз. Дұрыс жол көрсет!
– Біз сенің құзырыңдамыз, – деп шуласты халық. Алып денесіне басын сәл бүгіп, батыр біраз ойланды да:
– Туған жерімізден кетіп, сайтан жәрдемшісі болған орыстардан құтылып, алысқа қоныс аударып өзімізбен діні бір жұртқа көшеміз. Ол жерге орыстардың сүңгісі тұрмақ, атқан оғы да жете алмайды.
– Қайда баратынымызды айт батыр, біз соңыңнан ереміз.
– Мен Қоқан ханына шабарман жібердім. Ол бізді қуана қарсы аламын деп отыр. Бізді өзінің саясына алатынын жеткізді. Оның сайын даласынан малға шүйгін шөп те, таза су да табылады. Оның патшалығында тыныштық пен бейбітшілік орнаған, бізді шошындырған жаңа тәртіп оларда жоқ. Халық байып жатыр, және ханының аты да асқақтап отыр. Хан бізді Сырдарияға шықырды. Егер де келіссеңдер, сол жерге қоныс тебеміз. Осы қыста Сырдың бойына қыстайтын боламыз».
P/S. Бұл мақала Орынбор қаласына іссапармен барғанда табылды. Өкінішке орай мақаланың жалғасы бар деп көрсетілген, бірақ біздің қолымызда жоқ.
Мақаланың дереккөзі:
Торғай газеті (Тургайская газета) 1903, 11 мамыр, № 20.
САЯСИ-ӘДЕБИ-ҚОҒАМДЫҚ газет.
Мақаланың атауы: Қазақ ескіліктері
Авторы: И.Крафть
Аударған: Сейтбатқал Әрлен
Қ. Слямбек