- Негізгі бет
- Асыл сөз
- Қыдыр ата кім?...
Қыдыр ата кім?
Наурыз мейрамының маңызды атрибуттарының бірі – бұл Қыдыр ата. Мерекенің рухани бейнесі саналады. 22 наурызға қараған түні бүкіл халық Қыдыр атаның келуін күтеді. Бұл түнді "Қыдыр түні", "ырыс түні" атайды.
Қыдыр ата – бүкіл халықтың қамқоры, оларға жақсылық жасаушы, ырыс, құт, несібе әкелуші, бақыт, береке, өмір сыйлаушы қасиет иесі, кемеңгер, әулие, көріпкел, жарылқаушы қарт. Ол Ұлыстың ұлы күнінде әр елге келіп, әр шаңыраққа соғып бата береді деген сенім бар. Сондықтан әр үй Қыдыр атаның жолын күтіп, өздерінің жанын да, тәнін де, киер киім, ыдысы мен бұйымдарын да таза ұстауға тырысады. Үйдің іші-сыртын, қора-қопсыны тазартып, ағаш егіп, өсімдікке су құяды. Мұсылман қауымы мұндай үйге Қыдыр ата түнеп немесе бата беріп кетеді деп түсінген. "Қыдыр қонған", "Қыдыр дарыған" деген сөздер осындайдан шыққан.
Тарихшылардың айтуынша, Қыдыр атаны Аяз атамен, Санта Клауспен шатастыруға, оған ұқсатуға еш болмайды. Тіпті, Қыдыр атаны бейнелеуге де болмайтын көрінеді.
"Қыдыр ата дегеніміз – мифтік кейіпкер. Яғни, көзге көрінбейтін, адам қиялында өмір сүретін киелі ұғым. Қазір Наурыз мейрамында Қыдыр ата болып киіндіріп, театрландырылған образда шығару әдетке айналды. Алайда оны олай сипаттауға болмайды. Қыдыр атаның сахнаға шығып бата беруі де дұрыс емес. Ол – адам қиялындағы кейіпкер. Халқымыз оны түнде келеді деп, қыдыр дарытады деп сенген", - дейді тарихшы және этнолог, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері Ахмет Тоқтабай.
Оның айтуынша, Қыдыр ата – жиынтық образ. Дерексіз бейне. Ескі наным бойынша, әрбір нәрсені өз иесі мен киесі бар. Құт пен дәулеттің иесі – Қыдыр ата. Кейбір деректе жан-жануардың жебеушісі деп те көрсетіледі. Орталық Азия халықтары Қыдыр атаны жер өңдеуші, егіс алқабын аялаушы, мол өнім беруші ие ретінде көреді.
Қ. Слямбек"Сондықтан мұндай мифтік образды шынайы адаммен бейнелеу әбестік болар еді", - дейді тарихшы.