Қойдың жабайы түрі – арқар. Оның қошқарын, яғни, еркегін құлжа дейді. Халқымызда Құлжа, Құлжабай, Құлжабек деген кісі есімдері болған. Соған қарағанда қазақ халқы құлжаны қатты құрметтесе керек. Өйткені құлжаның тегі қой бола тұра, "қой" деген есім жоқ. Бірақ Қойшыбек, Қойшыбай, Қойлыбай сынды есімдер бар.
Ешкіден Теке, Серке, Серкеш, Серкебай деп есім қойылған. Бұрынғы заманда Құлжа, Қошқар, Теке, Серке атты есімдер айбарлы, беделді саналған. Мұндай есімді иеленгендердің арасында елге танылған белгілі кісілер, рубасылар бар. Мәселен, Құлжалы, Текелі деген жер атаулары жануардың өрісіне қарай аталса, Құлжа, Қошқар, Теке деген жер-су, мекен атаулары кісі есімінен шыққан.
Жазушы Сабыржан Шүкірұлының айтуынша, арқар мен құлжа бір ұғым, бір тек. Арқардың қойы екені анық. Құлжа – арқардың қошқары.
"Махамбет ақынның "Құлжа қуған текешік" деген сөзінен құлжаның қоқшар екенін аңғарамыз. Текешігі – күйектен дәмелі тоқты қошқар да, құлжа – отар қожасы сақа қошқар ғой. Бұл сөзді жас буынның құлағында жүрсін деп еске салып отырмын. Ертеде тұрмыста, бұрынғы әдебиетте кеңінен қолданыста болған, жер атауына да айналған құлжа бұл күнде аты ғана қалып, заты сиреп, көпке көріне қоймайтын жануар қатарына қосылған", - дейді жазушы.