- Негізгі бет
- Асыл сөз
- Концептінің құрылымы ...
Концептінің құрылымы
"Концепт" ұғым жинақталған ұғым, жинақталған түсінік пен білімдердің қорытылған бірлігі деп танысақ болады.
Кең мағынасында алғанда, концепт ғалам туралы білімдер жүйесінің бір үзіндісі ретінде түсініледі де, индивидтің қоршаған ортадағы, ақиқат болмыстағы бар заттар мен құбылыстар, алуан түрлі объектілер туралы білетінінің, ойларының, қиялдағы көріністерінің бәрін қамтиды.
Ал концепт санада жинақталып, толысуы үшін ол белгілі бір кезеңдер мен образдан, бейне мен ақиқат болмыстан өтеді. Ол құрылымды былай көрсетсек болады.
Нақты сезімдік бейне – біздің санамыздағы зат пен құбылыстың нақты бейнесі (мәселен, тұрмыстағы тағамды тату, ұстау, түрту арқылы тағам нақты қандай түрі екендігін танимыз).
Көрініс – әртүрлі заттар мен құбылыстардың санадағы жалпы бейнесі (мәселен, тағам бейнесі жеуге, ішуге татитын барлық нәрселердің ортақ бейнесі бола алады). Көрініс абстрактіге қарағанда әлдеқайда тануға болатын, көруге, сезуге болатын белгілер мен сипаттардың жиынтығы саналады. Абстракцияланған ұғымдардың белгілері өте көмескі келеді.
Сұлба – бұл заттар мен құбылыстардың контурлы-кеңістік сипатындағы ойша үлгісі (мәселен, әртүрлі тағамдардың пішіні мен сызбасына қарай санада сұлбасының жасалуы, көлемдік белгілері мен ерекшеліктерінің жалпы бейнесі).
Ұғым – зат пен құбылыстың мәнді белгілерінің, оның объективті, логикалық жағынан құрылымдауға болатын сипаттамаларының ортақ мазмұнына сәйкес концепт.
Прототип – белгілі бір категорияның типтік көріністерін тануға мүмкіндік беретін категориялы концепт (мәселен, белгілі бір тағамды көру арқылы оны негізінен көп тұтынатын адамды не халықты, ұлтты еске түсіруіміз мүмкін). Бұған типтік мысалдар, әлеуметтік стереотиптер мен идеалдар, бейнелер жатуы мүмкін. Прототип негіздегі концепті арқылы адам айналасындағы заттар мен құбылыстарға байланысты білімін белгілі бір категорияларға бөліп көрсетуге мүмкіндік беретін негізгі, бастапқы нүктені анықтауға мүмкіншілік туғызады. Мәселен, шығыс халқы, азия халқы, бай, кедей...
Пропозиция – бұл өз білімімізді концептуалды негізде ұйымдастыруға мүмкіндік беретін тәсіл болып табылады. Бұл заттар мен құбылстардың арасындағы байланыстарды сипаттауға мүмкіндік беретін өмірлік тәжірибелердің белгілі бір үлгісін көрсетуге мұрындық болады. Бұл концептілер объективті, логикалық сипаттарға ие. Өйткені белгілі бір заттар мен құбылыстардың арасындағы байланысты, қатынасты тану үшін де логикалық тәжірибе керек.
Фрейм – стереотипті ситуация жайындағы ақпараттардың жиынтығынан тұратын көпқұрамды, көлемді концепт. Мәселен, «театр» фреймі келесідей компоненттерге ие: билет кассасы, көрермен залы, сахна, буфет, спектакль, киім шешетін бөлме.
Сценарий (скрипт) – бұл фреймнің динамикалық көрінісі, эпизордтардың кезең-кезеңімен ауысуы (мәселен, «театр» фреймінің ішіне келесідей эпизодтар енуі мүмкін: театрға келу, билет сатып алу, киім шешу).
Гештальд – бұл біртұтас бейне, концептуалды құрылым. Мұнда сезімдік және рационалдық компоненттердің барлығы біртұтас дүниеге айналады. Ситуацияны қабылдауда еш бөлінуге келмейтін құрылым.
Абстракцияның ең жоғарғы деңгейі. Гештальд адам танымының ең жоғарғы деңгейі болып табылады. Егер адам белгілі бір объекті жайында кең көлемде таусылмас білім қорын жинаған болса, әртүрлі концептілермен таныс болған жағдайда, оның санасы мен танымында бейненің нақты образы да, жалпы сұлбасы да, ортақ сценарийі де, құрылымдық фреймдерді де толықтай қалыптасады. Бұл өз кезегінде біртұтас концептуалды жүйе ретінде орнығады.
Қ. Слямбек