Көне сөздер - тарихи кезең мен өткен өмірден хабар беретін дәйек сынды. Ақын-жазушы шығармаларында жазылған кей сөздер мағынасын түсінбей жату да заңдылық сондықтан. Ал оның орнын толтыру үшін келесі көне сөздердің мағынасын ұсынамыз.
Азада – жүрісі жайлы жылқы. "Жүрісті, өзі сұлу азада атпен, барайын көпшіл болсаң, жүз жігітпен, сақалсыз өңшең бойдақ азаматпен" (Б.Қалиев сөздігі).
Айыршоқ – тымақтың төбесіне үкінің айналасына қадайтын қоңыраугүл пішінді күміс әшекей. "Шоқпардай үкісі бұлғақтап, айыршоғы сылдырап, көзден көмескілене берді" (Мағауия Сұлтанияұлы).
Ақберен – мылтықтың түрі. "Ақберен мылтық сыналмас, сығалай көздеп сұрмерген, асырымнан атпаса" (Базар жырау).
Аққаптал – көпке танымал, беделді кісі. "Боздақ – ана шеті Қоянды жәрмеңкесіне қоралап қой айдатып, біреуін екеу етіп отыратын қолы ұзын, аққаптал жан еді" (А.Сейдімбек).
Алапай – жаугершілікте қолға түскен олжа. "Ал мына хан: Ант жағын ауызға алма. Әуелі әрқайсысына алапа үлестір» дейді" (Ә.Кекілбаев).
Бойра – қамыстан тоқылған төсеніш бұйым. "Жаманның басы бойрадай, жерде жатқан төселіп" (Майлықожа ақын).
Бөлтек – шағын егіндік алқап. "Бес-алты бөлтек егіні де жайқалып, мол болып шықты" (М.Әуезов).
Серете – ертедегі тас үйген қорым. "Мына біреуді мола деуге де, серете деуге де келмейді" (І.Есенберлин).
Сәрінжі – матаның бір түрі. "Жуан, қысқа мойынды, зор денелі, сыртында сәрінжі сары шапанды біреу отыр" (С.Мұқанов).
Сәйгел – жазда сиыр малына маза бермейтін сона. "Сәйгел тисе мөңкіген, оқыра тисе жөңкіген" (Тұрмыс-салт жыры).
Қылшан – белбеудің екінші қапталына бекітілген жебе салуға арналған кіші қорамсақ. "Қозыжауырын көкжендет қылшанда тұр, Көбебұзар, қасалы, әндігені..." (Светқали Нұржан).
Қылқара – асыл мата. "Үстімде бір пешпетім қылқарадан" (Халық әні).
Жағы – көннен жасалған сырт киім. "Бастарындағы темір дулығалары мен түйенің қап-қара көнінен жасалған жылтырақ жағылары күннің көзіне жылт-жылт етеді" (Ә.Кекілбаев).
Ешкімек – ешкінің асығы. "Тұрқы кеткен қуақы кеней мен бүйірі кемірілген кішкене ешкімектерді ұстағанда көңілі толды" (Қ.Қазиев).