Көген деген не?

Көген деген не?
Фото: www.dahmarda.ru

Көген – қозы-лақ көгендеуге, яғни, арнаулы түрде жасалатын, ұсақ мал төлін бөлектеуге арналған құрал. Ертеде қазақтар қой-ешкі сауатын болған. Сол үшін төлдер бөлек бағылып, саулық мал келген кезде жамырап кетпес үшін көгенделген.

Әр саулықтың қозысы иітуге ғана қосылып, сауылып болғанша қайыра көгенделеді. Дәл сиыр сауған сияқты.

Көген – ұзын арқанға, яғни, көгеннің желісіне белгілі бір жиілікте бекітілген жүннен есілген қысқа жіптер. Оның бір ұшы түйіншекті де, екінші ұшы сол түйіншек кигізілетіндей сақиналы болады. Мұны көгеннің бұршағы дейді. Сол бұршақтарға бірін бір бетіне, екіншісін екінші бетіне кезектестіре қозы-лақты мойынынан тізеді. Көген желісі екі шетінен және ортасынан бір-үш қазықпен мықтап керіліп бекітіледі. Кей жағдайда қой да көгенделеді.

Қой көген қозы көгеннен әлдірек, бұршақтары үлкен болады. Бұл мал емдеген, әртүрлі ретпен іріктеу-сұрыптау жағдайларында болады. Бұл қосақ қой қосақтаудан басқа. Қосақ жіпте бұршақ болмайды. Былайша қой-ешкі байлаусыз, қотанға иіріледі, қораға бос қамалады.

Көгентүп...

Осы көген сөзінен туындаған көгентүп деген сөз бар. Халқымызда мал тұқымын сұрыптау, іріктеу ісі ерте заманнан келеді. Әр жылдың төлінен сұрыпталып, өсіруге алып қалынған малды көгентүп деп атаған. Қалғаны сатылады, сойылады, ал көгентүп төлден жаңа отар алынады.

Көгентүптің тағы бір мәні – жас отауға енші бергенде көгентүп деп мал бөлінеді. Сол сияқты жиендерге, басқа да жақын-жуықтардың жаңа үй болып жатқан жастарына көгентүпке деп мал аталады. Ондай мал құт саналып, жұмсалмай өсіріледі.

Қ. Слямбек