Бас бармақ пен ортан үйрек саусақтарының екі ұшының арасын қарыс дейді. Ол шынашақ, елі, бармақ, сынық сүйем, сүйем, шынтақ тәрізді әртүрлі нәрселердің ұзын-қысқалығын, жуан-жіңішкелігін, қалың-жұқаңдығын анықтап-білуге қолданылатын мөлшер түрлерінің бірі.
Қарыс – кере қарыс, қарыс сүйем, бір қарыс та сынық сүйем, бір қарыс та бір елі мөлшерге бөлінеді. Бас бармақ пен ортаңғы саусақтың жәй ғана созылуын қарыс, ал бұл екеуінің барынша керілуін кереқарыс дейді.
Бас бармақ пен балаң үйрек, яғни, сұқ саусақ ұштарының арасын сүйем, бас бармақ пен сұқ саусақтың үш жағындағы екі буынның бүгілісі аралығын сынық сүйем дейді.
Бармақ – бас бармақтың, елі – ортаңғы саусақтың, шынашақ – шүлдір шүмектің жуандығындай. Бұлардың ешқайсысы өлшемге жатпайды.
Өлшем – қадақ, аршын, мысқал, кез тәрізді нақты, тұрақты болады. Ал алақан айналасындағы мөлшерлер де қадам, құлаш сияқты әр адамның тұлға, бітіміне қарай әртүрлі болады.
Маңдайы керекқарыс дегенде адамның маңдайы нақты қарысталып, өлшеніп тұрған жоқ. Маңдайдың ұзындығы, енділігі деген ұғым жоқ. Бұл – бейнелі сөз. Кең маңдайлы дегенді әсірелеп, бейнелеп айту. Мәселен, аузы алты қарыс дегенде азудың ұзындығы емес, мықтылып бейнеленіп тұр. Қазының да ұзыны мен енін ешкім өлшемейді, қабырғаға біткен майдың қалыңдығын анықтайды.
Сонымен кереқарыс дегендегі кере сөзі – кере адым, кере құлаш, кере сөйлеу, кере шайнау, кере лақтыру, кере тарту дегендердегідей кәдімгі керу (созу) мәніндегі сөз.
«Таныс сөздердің бейтаныс сырлары» кітабынан