- Негізгі бет
- Асыл сөз
- Кемпірқосақ сөзінің шығуы...
Кемпірқосақ сөзінің шығуы
Кемпір сөзі мағыналық тұрғыда біздің түсінігімізде кереғар ұғым беретін кездері бар. «Кемпір» сөзі парсы тілінен келген сөз, «кәрі, қария» деген мағынаны білдіреді. Бірақ бұл сөз қазақ тіліне ауысу кезінде біршама бөлек мағынада енген, яғни, әже, ана ұғымына ие болған.
Ал қосақ сөзінің бірнеше мағынасы бар. Қосақ – екеу, егіз, жұп (қосылған қосағым, қосағыңмен қоса ағар, қосақтасу), қосақ – қосақтау, тізу, бірлестіріп байлау, матау, малды қосақтау, қосақ – арқан тәрізді ұзын жіп.
Кемпірқосақ сөзіне арқау болған қосақ арқан мағынасындағы сөз. Осы бір-бірінен алыс тұрған қос сөздің бірігуінің себебі неде? Ел ішінде кемпірлердің жүнді әртүрлі бояуға бояп, одан жіңішкелеп, бостау етіп жіп есіп, сол әртүсті жіптерді біріктіріп ысып немесе ширатып, құлынға ноқта, жас бұзауға басжіп, қозыға көген, тай мінген баласына шылбыр, ауыз жіп, кебеже бау, киіз үйдің әртүрлі бау-шуларын жасайды. Мұндай жіп жұмсақ, түрлі-түсті сәнді болады.
Осындай ақты-көкті, қызылды-жасылды кемпірлер ескен жіпті кемпірқосақ деп атайды. Халқымыз табиғат құбылыстарындағы сәулелер тоғысын осы түсті жіптерге теңеп, кемпірқосақ атаса керек.
Мәселен, орыс халқы кемпірқосақты "радуга" деп атайтыны белгілі. Бұл екі сөздер құралған бірі - рай немесе рад, радость, ал екіншісі - дуга (доға). Яғни, қуаныш жолы, жаннат жолы деген мағыналарды береді.
Қ. Слямбек