Қазақ халқының ұлттық баспанасы – бұл киіз үй. Көшпенді халықтардың көпшілігі тез жиналмалы үйде өмір сүргені белгілі. Бірақ халқымызда киізден бөлек, тас пен ағаштан жасалған баспаналар болған.
Олардың кейбірі жылдам соғылатын, құрылатын үйлер болса, енді бірі тұрақты тұруға арналған баспана болған. Солардың айырмашылығын білу үшін қазақтың байырғы баспана атауларын назарларыңызға ұсынамыз.
Ақтағыр – екі қанатты екі үзікпен жабылған киіз үйдің шағын түрі.
Балаған – қабырғалары ағаштан құрастырылып, шөппен жабылған уақытша баспана.
Жаппа – керегесіз киізбен жабылған баспана.
Жеркепе (жертөле) – уақытша мекендеу үшін тұтас немесе дені жерден қазылып жасалған тұрғын жер үй.
Жолым үй – көшіп-қонғанда, жорыққа шыққанда тез құруға, тігуге ықшамдалған, шанышқан уыққа киіз жапқан шаңырақсыз шошақ үй.
Киіз үй – ағаш сүйекті, киіз жабынды, жиналмалы жазық үй, баспана 4-18 қанаттылары болады. Жабынды үзік, туырлық, түндік киіздердің түріне қарай қара, қараша, боз ақ үй қосарлана тігілген көп қанаттылары ақ орда деп аталады.
Күрке – шағын кішкене баспана.
Күркеше – күркешік, күркенің шағын түрі.
Қоржын үй – ауыз үйден оң жақ пен сол жаққа бөлектеніп, тартылған екі (қоржын) бөлмелі тас үй.
Лапас – үш жақ қабырғасы бар, төбесі жеңіл желпі жабылған жазғы баспана.
Лашық – жұпыны, көзге қараш тозығы жеткен баспана.
Там – шатырлы тоқал үй.
Тасболат – төрт бұрышты, не қоржынды қарсы есікті (есігі түстікке қараған), биіктігі әртүрлі үй.
Салма – киіз үйдің керегесін көтеріп, үстіне киіз жаба салған уақытша баспана.
Уақыт үй – көпшілік болып салынған ортақ үй.
Үйтас – киіз үй пошымды тас үй.
Үйшік – уақытша салынған кішкене үй.
Шайла – төбесін шошайтып тіккен баспана, қос.
Әзімхан Сәдуақастың "Әдет-ғұрып, салт-дәстүр" кітабынан алынды