Қазақ халқы қай уақытта болмасын, ұрпақ тәрбиесін ұлттың тағдыры, ұлттың болашағы деп білген. «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Бүгін оқырман кәдесіне жарар деген ниетпен бала тәрбиесіне байланысты қазақ зиялыларының айтқан ойларын топтастырып отырмыз.
Балаға берілген бірінші тәрбие ата-анасын, туысын, жолдасын сыйлауға үйретуден басталады.
Ы. Алтынсарин
Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады.
Абай Құнанбаев
Ұлды ұлша тәрбиелесең - ұл болады, құлша тәрбиелесең - құл болады.
Ахмет Байтұрсынов
Бала тәрбиесін, оқытуын жақсы білейін деген адам әуелі балаларға үйрететін нәрселерді өзі жақсы білуі керек, екінші баланың табиғатын біліп, көңіл- сарайын танитын адам болуы керек. Оны білуге баланы туғаннан бастап өсіп жеткенше тәнімен қатар ақылы қалай кіретін жолын іздеуі керек, баланың ісіне, түсіне қарап ішкі халінен хабар аларлық болуы керек.
Ахмет Байтұрсынов
Адам мінезінің, ақыл-қайратының әртүрлі болуы тәрбиенің түрлі-түрлі болуынан... адам баласының ұрлық істеу, өтірік айту, кісі тонау, өлтіру сықылды бұзақылықтарды жасауы, тәрбиенің жетіспегендігінен...
Ж. Аймауытов
Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер. ...бала тар ойлы ақымақ болса, бала кінәлі емес, тәрбиеші кінәлі, бала сұлулықтан ләззат ала білмейтін мылқау жанды болса, бала айыпты емес, тәрбиеші жазалы.
М. Жұмабаев
Адам баласының жаман құлқы жаратылысынан емес, өскен орта, алған үлгі, өнеге білетіндігінен және түзелу, бұзылу жас уақытта болады.
М. Әуезов