Биыл көрнекті лингвист-ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, қазақтың тұңғыш білім министрі Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толды. Айтулы дата ЮНЕСКО аясында атап өтіліп жатыр. Елімізде және шетелдерде өткен әртүрлі деңгейдегі жиындар науқаншылдыққа ұласқан жоқ, керісінше, тақырыптық аясы өте кең, мазмұны терең, тіл білімі ғана емес, ғылымның әр саласымен тығыз байланысып жатқан ахметтану ғылымының көкжиегін кеңейтіп, оны насихаттауға айрықша сипат бергені анық.
5 қазанда Франция астанасында орналасқан ЮНЕСКО ұйымының бас кеңсесінде «Ахмет Байтұрсынұлы және ренессанстық өркениет» атты конференция өтті. Аталған іс-шараға Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бір топ ғалымы барды. Институттың Фонетика бөлімінің бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Зейнеп Базарбаева да қатысып, «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлт ұстазының феномені» тақырыбында баяндама оқыды.
Бір қызығы, ғалым баяндаманы француз тілінде жасады, сөйтіп конференцияға қатысушылардың ыстық ықыласына бөленді. Тіпті француздардың өздері жиын аяқтала салысымен Зейнеп Мүсілімқызымен тілдеспекке асыққан. Біз де бұл маңызды оқиғаны академиктің өзінен сұрап білмекке ұмтылдық.
- Зейнеп апай, жақында ғана Парижде фурор туғыздыңыз. Француз тілін қашан және қайда меңгердіңіз?
- Мен Алматы қаласында дүниеге келдім. 1971-75 жылдары Морис Торез атындағы Мәскеу мемлекеттік шет тілдер институтында (қазіргі Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университеті) оқыдым Мамандығым - француз және ағылшын тілдерінің маманы. Аталған оқу орнында шет тілдерінің оқу әдістемесі жоғары деңгейде болды. Онда «прямой метод» деген әдісті қолданатын, яғни сабақ кезінде тек французша сөйлейтінбіз, орыс тілі мүлде қолданылмайтын. Бір сөз түсініксіз болса, оқытушылар оны аудармай, тек қайтадан французша түсіндіретін. Бірінші курста бір ай бойы фонетиканың кіріспе курсы жүретін. Айнаға қарап, дауысты және дауыссыз дыбыстардың артикуляциясын үйрендік. Барлық дыбыстар қалыптасқанда, сөйлеуге және грамматикаға көшетінбіз. Міне, мұның бәрі тілді үйренуге, оны жоғары деңгейде меңгеруге, практикалық тұрғыда пайдалануға кәдімгідей септігін тигізді.
- Бәрібір практика жүзінде көп қолданбайсыз ғой, қалайша ұмытып қалмадыңыз?
- Әрине, менің университет бітіргеніме бірталай жыл өтті, бірақ сапалы берілген білім ешқашан ұмтылмайды. Мен кандидаттық диссертациямда француз, қазақ және орыс тілдері салыстырмалы түрде зерттедім. Сондықтан француз тілінде мәтіндер оқып, әндер тыңдайтынмын. Ал француз тілініңің табиғатын, заңдылықтарын анықтау үшін ғалымдардың зерттеулерімен француз тілінде танысу керек болды. Осылайша теориялық білімімді практикалық тұрғыда мықтап бекіттім.
- Зейнеп апай, естуімізше француздар сіздің сол тілде сөйлегеніңізге таң қалған деседі. Мұны конференция видеосынан да тамашаладық. Француз тілін меңгеру қаншалықты жеңіл немесе ауыр?
- Қазақ тілінің просодикалық жүйесі француз тілімен ұқсас келеді. Оны ХХ ғасырдың 20-жылдары Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткен болатын. Ұлы зерттеуші поэзия тілінің екпін табиғатын талдай отырып, оны орыс, француз, поляк, чех тілдерімен салыстыра зерттеп, қазақ тіліндегі буын екпінінің француз тіліндегі сияқты сөздердің аяғына келетінін анықтады. Ал қазақ тілінің просодикалық жүйесі орыс тілінен гөрі француз тіліне жақын екенін экспериментті-фонетикалық әдістер арқылы дәлелденген. Сондықтан француз тілінің фонетикасын оңай меңгердім. Грамматика мен орфографиясы күрделірек болғанымен, осы пәндерден сабақ беретін профессорлар бәрін өте жақсы түсіндіріп жеткізетін.
- Баяндамаға қанша уақыт дайындалдыңыз?
- Ахмет Байтұрсынұлының қазақ фонетикасы жөнінде жазылған еңбектері маған таныс болғандықтан, баяндаманы қысқа мерзімде дайндап шықтым. Баяндама жазу үшін жеткілікті материал болғанда, қай тілде болса да, оны дәлелдеп оқырманға жеткізуге болады.
- Видеодан байқағанымыз, француздар сізді қаумалап, сұрақ қойып жатты...
- Иә, олар менің қайдан келгенімді, ұлтымның кім екенін, француз тілін қалай меңгергенімді сұрады және ерекше бағалап жатты. Сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілі мен француз тілін салыстыра зерттегенін сұрап, эмоцияларын жасыра алмады. Мен екі тілдің просодикалық жүйесі бірдей екенін және екі тілде де екпін буынның аяғына түсетінін айттым. Қазіргі кезде жаһанның ортақ тілі ағылшын тілі екені белгілі, осы тұрғыда алғанда қазақ ұлты өкілінің француз тілінде еркін сөйлеп тұрғаны оларды қуантпай қоймады.
- Сіз үш тілде, атап айтқанда қазақ, орыс және француз тілдерінде еркін сөйлейсіз. Салыстырмалы түрде ең күрделісі қайсысы?
- Қазақ, француз және орыс тілдері гетерогенді, туыстас емес тілдерге жатады. Сондықтан олардың ұқсастықтарынан гөрі өзгешеліктері көп. Әр тілінің өзінің ерекшеліктері бар екені белгілі. Шет тілдерді жас кезінде меңгерсе, оның күрделілігі сезілмейді.
- Зейнеп апай, әңгімеңізге көп рақмет!