Көшпенділер қоғамында айыпты адамды жазалаудың жөні бөлек. Абақтыға тастап, жазасын өтету жоқ. Керісінше адам құқығын толық сақтаған демократиялық құндылықтарға негізделген жаза түрлерін қолданған.
Ендеше қазақ қоғамында бұрында жазалаудың қандай түрлері болған екен, соған назар аударайық.
Малмен тарту жазасы. Өлген адамның құнын малмен өтеу жолы.
Басымен тартатын жаза. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы қылмыстыны жазалаудың «қанға – қан, жанға – жан» принципінің негізінде жүзеге асатын өлім жазасы; дүрелеу, табанын тілу, ыстық-суықпен тән азабын шектіру сияқты адамның қылмысына қарай оның дене мүшелеріне зақым келтіру; масқаралау, яғни айыпкердің бетіне күйе жағылып, қара есекке немесе қара сиырға теріс мінгізіп, әрі мойнына қара құрым киіз іліп, ауылды болмаса зәбір көрушіні айландыру; айыпкерді ел-жұрттан аластау жазасының жалпы атауы.
Жан жазасы. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы қылмысты кісіге берілген садақпен ату, түйеге асу (дарға асу, аспақтау), тас боран, ат құйрығына байлау, сарпастау, үстінен мал айдау арқылы орындалған өлім жазасы, туысқан адамдардың арасындағы қылмыстыларға жүрмейтін жаза.
Мал жазасы. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы қылмыстыны құн төлеу арқылы жазалау түрі.
Ар жазасы. Елден қуу немесе күйе жағып, мойнына құрым іліп, қара есекке теріс мінгізіп, ауылды айналдырып масқаралау, бетке түкіру, бетіне күйе жағу, зинақорлық жасаған әйелдің бұрымын кесу және т.б. тәрізді жаза.
Малымен тартатын жаза. Қылмыстыға берілетін айып төлеу, құн төлеу, мүлкін тәркілеу, жәбірленуші жаққа қызмет көрсету, жалшылыққа бару сияқты жаза түрі.
Жұртта қалу / жұртта қалдыру. Ертеде рулық тәртіпке бойсұнбаған адамдарды жазалау үшін жұртта қалдыру үрдісі де кездесіп отырған. "Жібек мінезді жігіт жұртқа жағады, жылан мінезді жігіт жұртта қалады" деген мәтел осыдан қалса керек. Бұндай жұртта қалған адам ешкімге керексіз және ешкімнің қолдауынсыз қалатындықтан екінші өз ауылдастарымен санасуға, көпшіліктің сөзін мойындауға мәжбүр болған.