Атақ-лауазым – елдің тарихы мен бұрынғы тыныс-тіршілігін, мемлекет құрудағы ісін көрсететін таңба. Мемлекет құрған халықтың ел құрылымын жасақтау, саяси қарым-қатынастарды жүзеге асыру мен елдің сананы қалыптастырудан хабары бары анық. Тарихи оқиғалар мен заман ағымының ауысына байланысты мемлекеттік құрылым мен атақ-лауазым, шен-шекпеннің түрі де ауыспақ.
Егемендік алғаннан бері бізге Еуропалық басқару жүйесі еніп, ауыл мен аудан әкімінен бастап мемлекет басшысы – президентке дейін түрлі деңгейде атақ-лауазым белгілері бекітілді.
Ортағасырларда Дешті Қыпшақ даласында тайпа құрылысынан мемлекеттік, кейбірі державалық деңгейге жеткен алып мемлекеттер құрылды. Ол мемлекеттермен бірге атақ-даңқ, шен-лауазым атаулары да тарих қойнауында кетті. Кейбірі тек әдеби шығармаларда ғана кездеседі.
Ал кейінгі дәуірде біразы сақталып қалды. Әсіресе, XVIII ғасырдан бергі атаулардың тарихы ерекше. Мысалы, қазақ тілінде кездесетін аға сөзі атақ-лауазымды білдіретін сөздердің көпшілігінде қолданылып жүр. Бұрын аға сұлтан, от ағасы, ел ағасы, аға шопан сынды тіркестер болса, қазір аға маман, аға қызметкер, аға инженер, аға бригадир деп кете береді.
Аға туысқандық атауды білдірумен бірге, төре, қожа, мырза, ел басқарушы деген мағыналарды да білдіреді.
Аға сұлтан. 1822-1866 жыл территориялық округті басқарып келген әкімге берілген атақ. 50-70 үй бір әкімшілік ауыл болатын болған. Ауылды үш жылға сайланатын старшина, болысты – болыс басқарушысы, ал округті – болыс басқарушылары сайлайтын аға сұлтан басқаратын болды.
"Құнанбай аға сұлтан болды да, өзгелердің қатарынан озғындап кетті. Онда өкілдік болды, өздерінің қатарына да, сыртқа да, ұлыкка да өкілдік болды" (М.Әуезов).
От аға немесе отаға – үй иесі, семья басы, түтіннін, шаңырақтың қожасы. Алтайлықтар мен телеуіттер сияқты қазақтар да ертеде отты әулие, ана деп есептеген. Бұрын отаға да осындай қасиетті ұғым болса керек. Кейін келе бұл екі сөз бірігіп, мағыналық өзгеріске түскен.
Енді отаға әулие емес, от жағатын, түтін түтететін семьяның басы, қаңқасы деуге болады.
Елубасы. Патша билеген кездегі қазақ ауылында болыстарды сайлауға елу үйдің атынан қатысатын сайлаушы. Жалақы алатын қызметкер.
Мырза. Мыр зада, яғни аксүйек (әкім) ұлы деген сөз. XIX гасырда бұл атау Қырым татарларында атақты отбасылардың балаларына берілетін атақ болған. XIX ғасырда жеке тұрғанда секретарь, писарь тәрізді атақ ретінде қолданылды. XV-XVI ғасырларда Темір патшаның ұрпақтарын солай атаған. Мырза сөзі адам есімінің алдынан келгенде сауатты адам мағынасында айтылса, ал адам есімінің соңынан айтылса, онда ол адамның князь, яғни хан ұлы екенін аңғартатын болған.
Әлеуметтік атаулар болып табылатын байлар, ақсақалдар, кейде билер де ресми құжаттарда мырзалар деп аталып, ру басқаруда өздерінің беделдеріне сүйеніп отырған.
Хан ордасының басқару ісіне қатысып отырғандықтан оларды да әкімшілік және билікке қатысты лексикаға жатқызуға болады. Хандықтың рулық ұйымдасуы осындай атауларды қамтыды.
Болыс. Аймақтық әкімшілік бөлімшелердің қатарына жататын волость, область тәрізді орыс сөздерінің қазақ тілінің ыңғайына қарай өзгертіліп алынған сөз деген пікірлер бар. Волость – область – волостное управление сөздерінің әкімшілік аймақтың атауы ретінде қазақ тілінде болыс болып сіңген уақыты XIX ғасырдың басына жатады.
1822 жылғы "Сперанскийдің реформасы" деп аталған реформалар қазақ сахарасын басқаруға қолайсыз болғандықтан, 1867-68 жылдары ел басқару ісінде жаңа өзгерістер енгізілгені белгілі. Соның нәтижесінде әкімшілік иерархияның ең жоғарғы өкілі – аға сұлтандықтың орнына болыс атауы келді. Содан бері қазақ хандығын жіктеп, жіліктеп, жаңаша әкімшілік құру мақсатымен патшалық Ресейдің қазақ жерін облыс-облысқа бөлшектеуіне байланысты болыс атауы қалыптасып кеткенін көреміз.
Дегенмен, болыс сөзі кірме атау секілді болып көрінгенмен, оның түркі тектес сөзден шыққаны туралы да мәлімет бар. Профессор Е.Жанпейісовтің айтуына қарағанда, болыс сөзін орыстың волость деген сөзінен тіліміздің ішкі заңдылығына сай өзгерген кірме сөз деп қарауға болмайды. Бұл жөнінде ғалымның өзі былай дейді: "…Біз волость дегеннен емес, ұлыс сөзінен шыққан демекпіз".
Орыс тіліне ұлыс сөзі волость болып өзгеріп енген. Содан соң қайтадан қазақ тіліне енген ол болыс тұлғасына дейін өзгеріп жеткен. Сол себепті болса керек, қазақтар бұл сөзді мүлдем танымай, жат құбылыстай қабылдап алады дейді ғалым.
Соған қарағанда болыс атауы түркі тілдерінен славянға ұлыс сөзінен волость болып өзгеріп енген де, қайтадан қазақ тіліне болыс болып келген.
Кейде болыстыққа материалдық жағдайы төмен, малы (байлығы) жоқ кедей адамдар да өтіп кеткен. Мұндай жағдайдарда болыстың жағдайын сипаттап "бай", "кедей" деген атаулардың қосыла айтылуы байқалады. Мысалы, Тәкен Әлімқұловтың "Кертолғау" атты кітабында бір кейіпкердің аты "Кедей болыс" деп аталады.