Тіс шұқуыш – тістің арасына тұрып қалған тамақ қалдықтарын тазалауға арналған тазалық құралы.
Бір қарағанда жай құрал болғанымен, халқымыз мұндай гигиеналық құралды жасауға аса мән берген. Тіс шұқуыш ең алдымен иекке зиянын тигізбеуі тиіс әрі иекті қанатса, қанаған жерге микроб түсіп кетпеуі керек.
Сондықтан халқымыз тіс шұқуышты микробтарды жойғыш қасиеттері бар аршадан, күмістен және қойдың жақ сүйегінің жіңішке келген шыбығынан жасаған. Мұсылман елдері тіс шұқуыш ретінде мәсуак ағашын қолданады. Оның да микробты жоятын қасиеті бар.
Ал ауқатты қазақтар тіс шұқуышты тіпті зергерлерге арнайы тапсырыс беріп күмістен көркемдеп жасатқан. Бұндай күмістен жасалған тіс шұқуыш құралы, құлақ шұқуышпен қатар жүреді.
Арша халқымыз үйді, жатар орынды және бесікті аластау үшін пайдаланғанын бәріміз білеміз. Мұның сыры тегін емес. Аршаның микроб пен басқа да патогенді зиянкестерді дезинфекциялайтын қасиеті бары қазір дәлелденіп жатыр. Сондықтан кейде қылқан жапырақты ағаштан бесік шауып жасаудың да сыры осында болса керек.