Қазақ халқы тіс ауруын қалай емдеген?

Қазақ халқы тіс ауруын қалай емдеген?
Фото: skupka-ocenka24.ru

Халықтық білімде тіс аурулары деп сыну, кетiлу, жарылу, босау, арасы алшақтау қатарлы кiнараттарымен тіс етiнiң қанауы, сөгiлуi, iрiңдеуi, қызаруы, ойылуы, iсуi, бұзылуы, езiлуi, қолдырауы сияқты ауру түрлерін атайды. Малдың тіс ауруына қарсы қазақтар ерекше дауа жасамаған. Бар болғаны, ұры тіс болса қағып алып тастайтын.

Адамның тіс ауруына түрлі улы шөптердің дәнінің көмегімен дауа жасаған. Оның мәні тіс ауруының негізгі себебі болып табылатын құрттарды тек улы шөп арқылы қайтаруға болады деп есептегенмен байланысты болса керек. Тіс ауруы ыстық-суықтан, жас күндері тісті жақсы қорғамай сызат түсіруден, сондай-ақ қан бұзылудан пайда болады. Халықтық медицинада ауырған тістің түбіне меңдуана дәнін, у қорғасын тамырын немесе қалампырды, тіпті апиын басады.

Қанжегі деп аталатын тіс ауруының қауіпті ауруына қарсы өлтірілген алмас жаққан. Халық емшілері тісті етінде «ұялаған» «құрт жеу» деп аталатын ауру қоздырғышынан арнайы арбау өлең айтып, меңдуана шөбінің түтінін жібере отырып, емдеген. Басын бүркеп, аузын меңдуана түтініне қарай ашып, отырған аурудың жанындағы тәуіп арбау өлең ырғағына келтіріп айтады.

Тіс ауруларының алдын алу үшін ауызды тұзды сумен шаю, мәсуәкпен тазалап күту, әсіресе ауыз шаюға арналған суы бар құманға арша бұтағын салып қою, тұзды ұнтақпен ысу сияқты амалдар жасалады. Балалардың тісті жетіліп, берік болуының бір жолы – бала күннен қатқан құрт-ірімшік кеміру, сүйекті тіспен мүжу. Тіс еті қашқан жағдайда жаңа сауылған сүтпен шаю керек.

Сайып келгенде, қазақтың халықтық біліміндегі тіске қатысты мәліметтер мен оның ауруларына қарсы жасалатын ем-дом шаралардың дені аталған мүшенің біршама жете танылғанынан ғана емес, оның тегі, тұқымы және биологиялық қуатына тікелей тәуелді «ағза» ретінде бағаланғанынан хабар берді.

Ж.Бабалықұлы

Қ. Слямбек