Қайтадан сәнге енген көне есімдер – ұл бала

Қайтадан сәнге енген көне есімдер – ұл бала
Фото: syrboyi.kz

Әр заманның өзіне тән есімдері бар. Өткен ғасырда танымал болған есімдер қазір танымал болмауы мүмкін. Балаға есім таңдарда бәрібір тренд әсер ететіні белгілі. Қазір қазақ қоғамында ескі, кейде тіпті көне есімдердің қайта тіріліп, сәнге айналғанын байқаймыз.

Ендеше қазір сәнге айналған, танымал болған ескі есімдерді жинастырып көрелік.

Әлихан

Статистика деректеріне сүйенсек, ұл балаларға жиі қойылатын есімдердің көшін бастап тұрған – "Әлихан" есімі. Кейде "Алихан" деп те қойып жүр. Дұрысы – бірінші нұсқа.

Бұл есім арабтың "әли" мен қазақтың "хан" сөздерінің бірігуінен жасалған. "Әли" сөзі "биік, заңғар, аса, зор" деген мағынаны білдіреді. Ғали, Қали, Әлі сынды синонимдері бар.

"Әлихан" қазақ тілімен айтқанда, "билігі күшті хан" дегенді білдіреді. Әлихан есімінің қайтып оралуына Алашорда көсемі Әлихан Бөкейхановтың ықпалы зор. Сондай-ақ, танымал адамдардың арасында жазушы Хамза Есенанов ұлының, жазушы Төлен Әбдік немересінің атын "Әлихан" деп қойған.

Алдияр

Алдияр – ханға қаратып айтылатын сөз. "Алдияр, тақсыр", "алдияр, патшам" деп жатады. Қазір "Алдияр" есімі қазақ және араб халқында көп қойылатын есімдердің біріне айналды. Араб тілінен аударғанда "дос", "қосақ" деген мағынаны білдіреді.

Батыр Ақша Есенгелді ұлының, театр және кино әртісі Бақытжан Әлпейісов немересінің атын "Алдияр" деп қойған.

Кейде "Алдиярхан", "Алдиярбек" деп те есім қойып жатады.

Санжар

Көне түркі дәуірінен бері келе жатқан есім. Ғасырлар бойы айтыла келе, Саншора-Саншор-Саншар-Санжар болып өзгерген.

Көне түркі тілінде сан – "он мың", шора – "ер, батыр" деген мағыналарды береді. Яғни, "бір өзі он мың әскерге тең батыр, ер" деген мәнді білдіреді. "Түйреп өтуші", "бұзып өтуші" деген мағыналарды да білдіреді.

ХХ ғасыр басындағы мемлекет және қоғам қайраткері Санжар Асфендияров – қазақтан шыққан тұңғыш дәрігерлердің бірі.

Ерасыл

Ерасыл – Қаракерей Қабанбайдың бала күнгі аты. ХХ ғасырдың 90-жылдары біршама танымал болған есім. Кейінгі кезде қайта жандана бастады.

"Жаужүрек батыр, ерін қорғаған батыр, асыл ер, қаһарман" деген мағынаны білдіреді.

Әнші-термеші, "Дарын" сыйлығының иегері Айгүл Елшібаева ұлының, ақын Хамит Ерғалиев немересінің атын "Ерасыл" деп қойған.  

Аңсар

Араб және қазақ халқында көп кездесетін бұл есім "күннің нұры", "шапағат" деген мағынаны білдіреді. Ата-аналар сәбилеріне бұл есімді жарық жұлдыз, тұлға болсын деген ниетпен қояды. "Көмекші", "қолдаушы", "жолсерік" сынды мағынаны да білдіреді.

Кейде синоним ретінде "Аңсат, Аңсаған, Аңғар" деп те қойып жатады.

Ибраһим

Көне еврей тілінен келген есім. "Халық әкесі, ұлы әке" дегенді білдіреді. Алла тағаланың пайғамбарларының бірі әрі пайғамбарлар тараған әулет. Ибраһим есімі ислам дінінде "Алланы мойындаған адам", "Алланың досы" деген мағынаны білдіреді.

Абай Құнанбайұлының шын есімі де – осы Ибраһим.

Омар

Араб тілінен аударғанда "өмірге құштарлық", "адамның ғұмыры" және "өмір" деген мағыналарды білдіреді. Негізгі түбірі – ғұмыр, өмір. Бұл жағынан "өмірі ұзақ, өміршең, ғұмырлы" деген мағыналарды білдіреді.

Есімнің танымал болуына VI ғасырда өмір сүрген сахаба әрі мемлекет қайраткері, ислам дінін алғаш қабылдағандардың бірі Омар ибн әл-Хатаб себеп. Қазақ және татар халықтары қысқартып "Омар" деп атайды. Басқа тілдерде Кумар, Умаркай, Гумер және Умар деп айтылады.

Әмір

Тағы бір жиі қойылып жүрген есімдердің бірі. "Амир" деп те қойылып жүр. Дұрысы – біріншісі.  

Арабша "басшы, бастық" дегенді білдіреді.

Ақын Абайдың ағасы Құдайбердінің ұлының есімі – Әмір. Демограф ғалым Мақаш Тәтімов немересіне, әнші-композитор Ескендір Хасанғалиев жиен немересіне "Әмір" деп ат қойған.

Тарихтан Орта Азияның жаһангері, әлем жаулаған билеуші Әмір Темір бәрімізге таныс.

Әмірхан, Әмірмырза, Әмірсана, Әміржан сынды есімдердің қалыптасуына негіз болған.

Дамир

Темір сөзінің түрікші нұсқасы. "Дәмір" деп те қойып жатады. Тарихта айтылып жүрген нұсқасы – "Тимер,Тимур, Демир".

"Темірдей мықты, болаттай берік" болсын деген ниетпен қояды.

Тарихта XIV ғасырда Орта Азияны жаулаған Тимур (Темірлан) атты билеуші болған. Тимуридтер әулетінің өкілі. Алтын Орданы басқарған хандардың бірі – Тимур хан.

Мұхаммед

Тізімді түйіндеуші, әлемде ең танымал есім аталған – Мұхаммед. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) есімі. "Қайта-қайта мадақталған", "Мақтауға лайық" деген мағынаны береді.

Балаға лайықты есім қою – ата-ана үшін зор жауапкершілік. Сондықтан пайғамбар есімінен құдірет пен қасиет танып, балаға ізгі ниетпен осы атты қойып жатады. Кейде бұл есім балаға ауыр болып кетеді деп, соған ұқсатып есімдер қойған. Халқымыз "Мұхаммед" деп атамай "Махамбет, Мәмбет, Мұқан, Мұқаш" деп атаған. Ахмет есімінің де түп негізі – Мұхаммед.

Ал Сізге қай есім көбірек ұнады?

Қ. Слямбек