Халқымыз шаруаның жайын, істің мәнін ертеден білген. Сондықтан келер ұрпағына қалай дұрыс іс қылуды, шаруашылықты жүргізуді түсіндіріп, бір ауыз сөзбен өсиет қалдырып кеткен. Ал мақал-мәтел – сол өсиеттің мәйегі.
Назарларыңызға кәсіп, шаруға, іс бастау жайлы мақал-мәтелдер ұсынамыз.
Кәсібі бардың нәсібі бар.
Етікшіні балға мен бізі асырайды,
Егіншіні кетпеннің жүзі асырайды.
Тігіншіні инесі асырайды.
Ісі жоқтың асы жоқ.
Бақташы малын бағады,
Бақшашы бауын бағады.
Мал – баққандікі, жер – жыртқандікі.
Жаман қойшы жайлауын бір күн жейді,
Жақсы қойшы жайлауын мың күн жейді.
Жақсы қойшының төлі түлеп тұрады,
Жаман қойшының төлі жүдеп тұрады.
Жақсы мұраптың соңынан су ереді,
Жаман мұраптың соңынан шу ереді.
Зергер білімді болса зейнет, білімсіз болса бейнет.
Жаман ұста суын таппайды.
Малдың жайын баққан білер,
Оттың жайын жаққан білер.
Егіннің жайын еккен білер,
Арбаның жайын жеккен білер.
Жібекті түте алмаған жүн қылар,
Жездің жайын зергер білер.
Алтынды еріте білмеген ірітер,
Теріні илей білмеген шірітер.
Алтынды ала білген бөле де біледі.
Жұмыстың жаманы жоқ,
Көрінген төбенің алысы жоқ,
Көтерген жүктің ауыры жоқ,
Жұмыстың арлығы жоқ.
Жұмыс қолға жұқпайды;
Жұмыстың көзін тап, қисықтың тезін тап.
Жүйесін тауып жұмыс қыл, жерін тауып тыныс қыл.
Күрекке боқ көп.
Қарманған қарап қалмайды.
Күшіңе сенбе, ісіңе сен!
Тамыздығын тапсаң, тас та жанады.
Бермейтін нәрсе болмайды – сұрауын таппайды.
Атасы жырта білмегеннің баласы тұқым себе білмейді.
Ата өнері балаға мұра;
Әр нәрсеге асық болғанша, бір нәрсеге машық бол.