Әйел заты өте эмоционалды, сезімдік қабілеттері басым болып келеді. Сондықтан әйелдер тақырыбы көптеген психолог, социолог, әдебиетші, тілші ғалымдарды қызықтырып, зерттеулеріне арқау болып жүр.
Сезімдік жағы басым болғандықтан әйелдер бір жағдаяттан екіншісіне, еркектерге қарағанда, тез көшеді. Мысалы, әйел жылап отырып аз уақыттың ішінде күле салуы ғажап емес. Әйелдерде сезім түрлері көп болғаны соншалық, олардың барлығы бет-әлпетінен, қимыл іс-әрекетінен, сөйлеу тілінен анық көрінеді.
Әйелдің тілдік қолданысындағы сөздер де, сол эмоцияның әсерінен түрлі мағыналық реңке ие болып жатады. Солардың бірі – «байғұс» сөзі. Әйел ренжіп, бір адамға жекігенде, о бастағы аяушылық мәніндегі сөз, эмоцияның әсерінен интонациясы өзгеріп дөрекі сөз ретінде қолданылады. Яғни, ұрысу жағдайында бұл сөз – қолынан түк келмейтін, ештеңеге жарамайтын, жолы болмайтын адамның кейпін білдіреді.
- Әдірем қал, байғұс! Қатынын сабаған сенің неңді алған, - әйелінің дегенінен тосылып қалды (Ө. Мұқаев).
Тек эмоционалды сөз ретінде ұрысқанда, я жаны ашығанда ғана айтылмай, «байғұс» сөзі әйелдердің сөз қолданысында жиі айтылып, әдетке айналғандықтан, жай қаратпа түрінде немесе ешқандай зілсіз сөз ретінде де іске асады.
- Байғұс бала менің қырық төртке биыл толатынымды ұмытқан-ау... – деп қалды Ақлима. (Ғ. Мүсірепов).
Бұдан басқа аяушылық мәніндегі сөздердің бірі «сорлы». Бұл сөз де интонациясына қарай ауысып, кейде аяушылық мағына үстесе, кейде ұрысу, жеку мағынасында айтылады.
- О не, сорлы-ау, өлсең айтып өлсеңші?! Саған емделу керек! (Л.Омарова).
«Бейшара» аяушылық сөзі де ауысып келіп, әйелдердің мінез-құлқының құбылмалылығына қарай, аяу және ренжу мағынасын береді. Оны сөйлеу барысында әйелдің түр-тұрпатына, айту интонациясына қарай қандай мағынада айтылғандығын білуге болады.
- Бейшара, көмірдің бәрін тасып кіргізіп бердің-ау, - деп оны аяп қояды (Л. Омарова)
- Бозөкпе, бейшара! Сен бе, сен қатын балаңды асырай алмай тентіреп жіберетіннің нағыз өзісің! (Ө. Мұқаев)
Әйелдердің сөйлеу әрекетінде аяу мағынасындағы сөздерден басқа қарғыс сөздер де айтылу интонациясына қарай ауыспалы мағына беріп отырады. Мәселен, әйел бір нәрсені ұмытып қалған жағдайда «Қара басқыр басым-ай!» немесе «Сорым күшті сорлы-ай!» деп айтады. Мұнда әйел өзіне қарғыс тілеп тұрған жоқ. Тек қарғыс сөздерді айту әдетке айналғандықтан, күнделікті тіршілікте зілсіз сөйлеу құралы ретінде қызмет етіп тұр.
Байқағанымыздай, әйелдердің кейбір сөз немесе сөз тіркестерінің айтылуының әр алуан болып қолданылуы – олардың тапқырлығы мен тіліндегі құбылмалылықты білдіреді. Бұл ерлердің сөйлеу әрекетінде көп кездесе бермейтін қызықты да қиын, әрі кез-келген адамды ойландыратын тілдік құбылыс.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
филология және әлем тілдерінің доцент м.а., PhD докторы,
Д. Койшигулова