- Негізгі бет
- Асыл сөз
- Қараш бидің тапқырлығы...
Қараш бидің тапқырлығы
Балқаш бойын мекендейтін Арғында Ұзақ дейтін батыр болыпты. Сол әлдебір егеспен Іленің оң жағындағы Жалайырдың Байшегіріндегі бір қарт бидің тігерге тұяғын қалдырмай бар малын барымталап айдап кетіпті. Артынан іздеп барған жоқшыларды қайта-қайта сабап қуып жібереді екен. Содан Іленің бойында Қаралыкөпір деген жерде отырған Байшегір биі кісі салып Қарашқа сәлем айтыпты. Сәлемінде: «Атқа қонып дау даулайтын жайым жоқ, бірақ мыңға тарта кәдімгідей үлкен қол жинап қойдым. Босқа қан төгіспелік. Сен ара ағайын болып Ұзаққа барып есемді алып бер!» депті.
Қараш қарт бидің сәлемін қабыл алып, жолға шығуға бел байлайды. Бірақ нөкерлікке төрт-ақ адам алыпты. Төртінші адамы Ерезен Мастақтың он төрт жасар баласы Қажан екен. Бала болғанмен етженді, сүйекті болса керек. Оның әкесі Мастақ та, ағасы Ақжол да Балқаш бойынан жолбарыс алып жүрген кісілер екен. Қажан ағайынды екі жігіттің кішісі екен. Ұзақ батырдың ауылына жеткенде Қараш би атқосшы болып жүрген Қажанға: «Балам, сен үйге кірме. Ертоқым мен аттарымызға қара. Бұлар бізді сыпырып алып жаяу қалдырып жүрмесін. Мен өзім шақырмай келме!» деп ескертіп сыртта қалдырыпты.
Ұзақ батыр ол кезде аты шығып қалған Қараш биді жақсы қарсы алыпты. Жалайыр Байшегірге қатысы жоқтығын, ара ағайындықпен келгенін сезсе керек. Қонақ етіп, алдына астаумен ет тартыпты. Іштің жыланын қайтарып, мол етті «сен же, мен же» десіп отырғанда Ұзақ батыр: «ей, мынау қонақтардың сыртта қалып қалған адамдары жоқ па?» десе қызметшілері «бір бала бар екен, сол кел десек келмейді» депті. Ол тапсырма орындап тұр ғой. Қараш би арнайы белгі беріп шақыртады.
Балаң жігіт үйге кіріп келгенде Ұзақ батыр орнынан ұшып тұрып, жинаулы жүктің артына тығылыпты. Қажан бала «отырыңыз, отырыңыз!» деген қолпаштаумен астаудағы етке тойып, бір аяқ сорпаны сіміріп, үн-түнсіз орнынан тұрып кетеді. Сөйтсе Ұзақ батырдың киесі қасқыр екен. Жолбарыс киелі бала кіріп келгенде қасқыр киелі Ұзақ батыр өрешенің ішіне кіріп кеткені сол көрінеді.
Таңертең жолға шығарда тағы да дастарқан жайылады. Сол кездің салтында дастарқан мәзіріндегі құрметті дәмнің бірі – тары-жент. Қараш би үлкен ағаш қасықпен тары алып жейді. Жейді де әлгі қасықты Ұзақ батырдың алдына шалқасынан тастайды. Ұзақ та сол қасықпен тарыдан екі асап, қасықты төңкеріп қайтарып Қараштың алдына қойыпты. Сонымен таңғы ас ішіліп болып, екі жақ бір біріне амандық-саулық тілесіп Қараш баба еліне қайтады.
Сонда жолда бірге келе жатқан серіктері «Ой, осыны да би деп әкелдік пе. Бітірген түгі жоқ!» деп күңкілдесіпті. Қараш би жолай Қаралыкөпірде отырған Байшегірдің қарт биіне жолығып: «Малыңның көзі барының көзі келеді, көзі жоғының құны төленіп келеді. Қыл құйрығың жоғалмайды» – депті. Байшегірдің қарт биі сынайын дегені болар: «Ендеше мал келгенше жат» деп малдың қайтуын күткізіп жатқызып қояды.
Шынында да көп ұзамай Ұзақ батыр малын түгел айдатып әкеліп береді. Оған Байшегірдің қарт биі қатты риза болып «Қараштай биі бар қаңлыға да күн туар» депті. Сөйтсе Қараш би Ұзақ батырмен бар дауды бір қасықпен ғана шешкен екен. Мәнісі Қараш бабамыз тарыны бір асап қасықты Ұзақ батырдың алдына қойғаны «Сен осы маңдағы рулардың шырқын бұзып осылай барымталап жей бересің бе, жоқ әлде доғарасың ба?!» дегені екен. Алдыңғы кеште жолбарыс киелі Қажан баланы соңынан кіргізуі Ұзақ батырдың сесін қайтару көрінеді. Әрі сөйтіп үлкен қолдың соғысуға дайын тұрғанын да аңғартқан. «Асқанға–тосқан» болатынын сезген Ұзақ батыр алдына қойған қасықпен екі рет асап, оны төңкеріп қайтарғаны: «мына тіршілікте көршілерге істеген қиянатым жетер, мен енді осымен доғарып, алғанымды қайтарайын. Сонымен іс тамам болсын!» дегені екен. Сөйтіп Қараш баба үлкен дауды бір қасықпен-ақ шешіпті. Осы мысалдың өзі-ақ Қараш бидің тапқыр, саясаткер, әділ төреші жан болғандығын әйгілейді.