- Негізгі бет
- Асыл сөз
- Жыңғылмен мал айдама,...
Жыңғылмен мал айдама, кендірмен мал байлама
КЕНДІР – талшықтарынан мата, арқан, жіп өндіретін көпжылдық жабайы шөптесін өсімдік. Орталық Азияға тән кендір Қазақстанда Іле, Балқаш, Шу, Сырдария өңірлерінде көптеп кездеседі. Қазақты дәстүрлі шаруашылығында кендірдің сабағын қара күзде, әбден кеуіп құрғағанда, кейбір жағдайда, кейде қыстыгүні қардың астынан жинап алады. Көп қылып жиналған кендірді бастырып, сабақтарын босатып алғаннан соң, су сеуіп ылғалдайды, себебі ылғал күйінде талшықтар қабығынан оңай және қалдықсыз ажырайды. Осылай дайындалған кендір сабағын кәдімгі сіңірден тарамыс алғандай, жақсылап түйіп, уқалап, талшықтарды қабығынан ажыратып алып, сапасына қарай бөліп шүйкелейді. Жоғары сапалы талшықтардан мата тоқитын жіңішке жіптер иіріледі. Қысқалау талшықтарды сілемейлеп ұзындығы 30-40 см арқан иіретін шүйке жіптер дайындалады да, дәстүрлі тәсілмен арқан есіп, жіп иіреді. Жетісу, Сыр өңірінде кендір талшықтарын қылмен араластырып қанар, қап тоқып, түрлі арқан, баулар еседі.
Бір айта кететін жайт, кендір арқанмен мал байламайды, себебі кендір арқан су тигенде ісініп қатайып, малдың денесін қажайды. Осыған байланысты ел арасында «Жыңғылмен мал айдама, кендірмен мал байлама» деген мақал бар. Қазақтар көші-қон кезінде кендір қалың өскен жерлерді мүмкіндігінше айналып өтуге тырысқан, себебі қураған кендір сабағын, сояуларын жеген мал уланып іш, өкпе ауруларына шалдығады деп есептеген.
Кендірден тоқылған мата, есілген арқандар зығыр талшықтарынан жасалған бұйымдарға қарағанда сапасының жоғары екендігі зерттеулер нәтижесінде анықталды. XIX ғасырдың аяғында орыс агроном ғалымдарының кендірді мәдени дақыл ретінде өндірістік масштабта өсіруді қоға алуды ұсынғаны белгілі. М.Боровскийдің зерттеулерінде Бұқарада өндірілетін адрас, Ходжентте өндірілетін бекасаб жібек аралас матаның жоғарғы сапалы түрлерін тоқығанда кендір талшығын қосатындығы, сондықтан Сыр бойының қазақтары кендір талшығын Бұқарға көптеп шығарып сатқандығы туралы деректер кездеседі. Кеңес Одағы кезінде де 20-30 жылдары Шу, Сырдария өңірінде кендірді техникалық дақыл ретінде қолданысқа енгізу мақсатында агрономиялық-селекциялық тәжірибелер жүргізілген.
Кендір сөзі кендірдің кең қолданыста болуының нәтижесінде, дәстүрлі ортада малдың жүнінен иірілген арқан-баулардан айыру үшін, өсімдік талшығынан (кендір, зығыр, кенеп т.б.) жасалған бұйымдардың анықтаушы атауы болып қалыптасып кетті.
"Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі" кітабынан
Н. Айдархан