"Тіл жүректің айтқанына көнсе жалған шықпайды" – дейді дана Абай. Ия, адамның ең аяулы жері – жүрек. Ең тазасы да сол. Жүрек бәрін басқаратын мүше. Адам баласының денесіндегі қан айналымы жүрек арқылы жүзеге асады. Одан бөлек, ол – ең нәзік, ең сезімтал. Бұл туралы талай аңыз-әңгімелер естіп жүрміз. Данышпан халқымыздың мақал-мәтелдері жүрек туралы не дейді екен?!
Ақымақтың ақылы білегінде,
Ақылдының ақылы – жүрегінде.
Жек көргенді жек көрсең,
Жүректі зіл басады.
Жүрек туласа, кірпік буланады.
Көздің тазалығын кірпік сақтаса,
Жүректің тазалығын ұят сақтайды.
Жүрек тілесе жүрдек аяқ жүгірер.
Жұдырығы қаттыдан, жүрегі қатты жаман.
Жүрек – ер, бас – кемеңгер.
Жүрегінде мұз жатса, аузынан жылы сөз күтпе.
Жүрек қалаған жер – пейішің.
Кілемнің түгі көшсе де,
Жүректің дығы өшпейді.