- Негізгі бет
- Асыл сөз
- Жолдасын жамандаған жолдассыз...
Жолдасын жамандаған жолдассыз қалады
Достық – дүниедегі ең ұлы сезімдердің бірі. Ол адамдардың бір-біріне адал, қалтқысыз сеніп, бір мүдделі, ортақ көзқараста болатын асыл қасиеті. Әр адам дүниеге келгеннен кейін, ес білгеннен-ақ жан дүниесіндегі сырын, мұң-шерін тарқатып, қуанышы мен қайғысын бөлісетін дос іздейді. Дос – өмір жолыңда қолдау білдіріп, мұң-сырыңды бөлісетін бірден-бір жақын жан.
Шынайы достық қандай да болмасын өмірлік жағдайларда досыңа көмекке барып, оны қолдай білуді талап етеді. Өзінің досынан белгілі бір нәрселерді қажет ететін адам шынайы достыққа лайық емес.
Дос табу оңай, ал оны сақтау одан да қиын. Достық қатынасқа нәзіктікпен қарап, берік сақтау керек. Өйткені ол да баптауды қажет ететін нәзік өсімдік сияқты.
Өзі шынайы дос бола білген адамның достары да көп болады. Ол жер бетінде өзін жалғыз сезінбейді.
Достықтың маңызы байлықпен өлшенбейді, оның өзі - баға жетпес байлық.
Дос болуға лайық адамды екі нәрседен білуге болады: бірі-досының басына іс түскенде, одан дүние-малын аямайды және кембағал кезінде де одан сырт айналмайды. Екіншісі - досы бұл дүниеден өтсе де, оның отбасына, балаларына қамқорлық көрсетеді.
Адам тірісінде доссыз болмайды. Барлық уақытта дос ұстауды әдет қыл, себебі, досы көп адамның кемшілігі білінбейді, ал жақсы қасиеттері көбейе түседі. Бірақ жаңа дос тапқанда, ескілерінен безбе, олардан сырт айналма.
Нағыз достықтың бір белгісі - шыдам, сабыр. Ежелгі грек философы Биастың: «Кемшіліксіз дос іздеген адам доссыз қалады» дегені рас.
Кісіні жаман достар ғана тастап кетпейді, көп жағдайда жаман кісінің өзі жақсының қадіріне жетпей, жалғыз қалады.
Адам бойындағы барлық жақсы қасиеттер, адамгершілік, кішіпейілдік, әлемнің татулығы бәрі де осы достықтан бастау алады.
О. Сансызбай