Қазақ танымындағы туыстық атау ерекшеліктері өз бояуын жоғалтқан емес. Ежелден келе жатқан туыстық атаулардың мән-мағынасын, шығу төркінін білген абзал. Сол атаулардың шығу уәжділігін осы жазбадан біле жүріңіздер.
Бәйбіше атауы бәй және біше сөздерінен құралған. Қазақ тілінде бәй сөзі түркі тіліндегі бэг, бий сөздерімен төркіндес келіп үлкен адам мағынасын білдіреді. Ал ұйғыр, қарашай балқар, ноғай, татар тілдерінде «үй бичее», биче, біче түрінде ұшырасып «әйел» деген мағынаны білдіреді. Сонда бәйбіше атауы үлкен әйел деген мағынаны білдіреді.
Қарындас сөзі бүгінге дейін екі мағынада қолданылып келді. Осы күнгі әдеби нормадағы актив мағынасы «ер адамның жасы кіші әйел жынысты туысқаны» және жалпы ер адамға байланысты айтылғанда жасы кіші әйелдің атауы. Бұл сөздің түпкі мағынасы, орта ғасырлардағы түркі ескерткіштері тілінде айқын көрінеді: қарундаш (қарындаш) сөзі бір құрсақтан шыққан аға–іні дегенді білдірген. Бұл дәйектемелерге қарағанда, қарындас сөзінің о баста «бір құрсақтан шыққан аға-іні, қарындас, сіңлі» деген нақты мағынаны бергені, оның «жалпы туыс, рулас, елдес, жұрттас» мағынасы ауыспалы екенінен байқалады. Қадырғалы бидің шежіресінде қарындас сөзін руластар, туыстар мағынасында қолданады да, жасы кіші әйел бала ұғымын қыз қарындаш деп береді: Қутуқут найан(ның) бір ападан екі қыз қарындашы бар еді. Бұл туралы В. Радлов қазақтар туралы жазған еңбегінде жазған екен.
Қарындас сөзі жалпы «туысқандар, руластар» деген мағынамен қатар, одан да жақындау туыстықты – аға-інілікті білдіру үшін де қолданылған. Бұл, әсіресе, көне түркі жазба нұсқаларында «туысқан адам, бір жұрттың адамы, бір қарыннан шыққан адамдар» деп көрсетілген. Қазақ тілінде де бұл сөз бұрын жалпы «туысқандар, руластар, аға-іні» деген ұғымда жиірек қолданылған.
Немере – ұлдың не қыздың баласы (ұлы, қызы); Бұл сөз қазақ тіліне және де басқа да түркі тілдеріне парсы тілінен ауысқан. Парсы тілінде нәбире түрінде дыбысталып, «баланың баласы» деген ұғымды білдіреді. Бұл сөз қазақ тілінен басқа, өзбек тіліне набира, невара, ұйғыр тіліне нәврә, қырғыз, қарақалпақ тілдеріне немире, немере түрінде қолданылады. Немере – ата, әже үшін өте ыстық. Көбінесе олар тұңғыш немересін бауырына салып, «өз балам» деп өсіреді.
Шөбере – немеренің баласы. Қарт адамдар үшін бұл ұрпақтың орны мүлде бөлек. Олар қазақ дәстүрі бойынша кішкентай шөберенің алақанынан су құйып ішеді. Шөберенің қолынан су ішкен адам сауапқа кенеледі. Шөберенің баласы «шөпшек», шөпшектің баласы «немене» деп аталады. Жеті атаның соңы неменемен аяқталады.
Жиен сөзінің пайда болу уәжі тіптен қызық. Ертеде қыз төркіндеп, бала-шағасымен барғанда, нағашысы қызының баласына мал таңдатады екен. Бала қалаған малын таңдап, ен салып кетеді. Жаз шыға мал толысқан соң, әлгі бала нағашылап келгенде, нағашысы: «Балам, жи еніңді!» деп малын жинатып алады екен. Халық аузында «жиен» атауы осылай пайда болыпты деген сөз бар.