- Негізгі бет
- Асыл сөз
- Жидебай батырдың Қараменде...
Жидебай батырдың Қараменде биге жасырған жұмбағы
Әлтеке Жидебай батыр әрі шешен болған екен. Жидебай көп жасап, көпті көріпті. 95 жасқа дейін өмір сүріп, нәсілі өсіп, немерелі-шөберелі болыпты.
Бертін қартайған кезінде жастық шағының жолдасы Қараменде би есіне түсіп, өткен жастық уағындағы істерін, қартайып қажығандағы өзгерістерін айтып пікір алыспақшы болуды ойланады. Ол кезде ел арасындағы қатынас тек атпен ғана болғандықтан өзі бара алмайды да, ел танып, сөз мәнісін білетін бір жас жігітті шақыртып:
— Шырағым, Тобықтыда Қараменде деген досым бар еді. Көрмегелі көп жылдар болды, сағындым. Өзім іздеп баруға шамам жоқ, о да қартайды, іздеп келе алмайды. Соған айтатын бір сәлемдерім бар еді, соны жеткізіп келші, — дейді.
Жігіт келіскен соң Жидебайдың айтқаны: «Бес ауыз бір сөзім бар, алты ауыз бір сөзім бар. Осыларды бірімен бірін шатыстырмай анықтап ұғып ал», — деп тапсырады.
Ол кезде көпшілік хат танымайды. Жидебайдың айтқан сөзін жігіт жаттап алады.
Бес ауыз бір сөзім:
Төрт нәрседе үміт бар,
Бір-нәрседе үміт жоқ,—
Осыны айт дейді.
Алты ауыз бір сөзім:
Мұсылман жаудың қолында қалдым.
Бес атаның малын іздеп әуре болдым.
Алпыс ат үйір бермейді.
Жетпіс торғай шырылдайды.
Сексен балапан ұя басып жатыр.
Тоқсан жұмыртқа қашан жарылары белгісіз,— дейді. Жаздың күні, жайлауға қонған қалың елді аралап бірнеше күн жол жүріп, бағанағы жігіт Тобықтыға жетіп, Қараменде биді іздеп табады. Біраз күн жатып, тынығып ел жайы, ер амандығына қанысқасын жігіт қайтпақшы болады. Сонда Қараменде: «Жидекем тірі болса, маған басқа сәлем айтпады ма?»— деп сұрапты.
Сонда жігіт батырдың сәлемін айтыпты. Қараменде шарта жүгініп отырып көп толғанып ойланады. Біраздан кейін:
– Төрт нәрседе үміт бар дегені: адам баласы төрт үмітпен жүріп өтеді екен-ау,— дейді:
Жас өсемін деп үмітті,
Жалғыз көбейем деп үмітті,
Жарлы байимын деп үмітті.
Ауру жазылам деп үмітті.
Бір нәрседе үміт жоқ дегені:
Шіркін, көктемі мен жазы өтіп жапырағы қуарған ағаштай, ұрты солып, жағы суалған кәріліктен ғана үміт жоқ екен,— дейді.
Алты ауыз бір сөзім дегені:
Мұсылман жаудың қолында қалдым дегені: «Бірге жасасып, тәтті өмір сүріскен, бір-біріне иістері сіңіскен жастық шақтың жұбайы қайтып, жесір болып, келін баласының қолына қарап қалған екен ғой. Екі елі аузына төрт елі қақпақ қойса балаға сонда ғана сыйымды болады»,— депті.
Бес атаның малын іздеп әуре болдым дегені: «Қайран батыр қартайып, көзі көр болған екен ғой. Жастан серік болған бес жолдасы: Мүсуақ, тәспіқ, орамал, бәкі, қамшы болар. Осылардың басын құрап жинау үшін жан-жағын сыйпалап іздеп тапқанша, түске дейінгі уақыты өтеді екен ғой. Жанына жан қалта, төсіне төс қалта салсын,— депті. (Ол уақыттағы қазақтың киімдеріне қалта салынбайды екен).
Алпыс ат үйір бермейді дегені: алпыс жас ағайынды жауға беріспейтін қайрат-күштің қайтпайтын кезі екен ғой;
Жетпіс торғай шырылдайды дегені — жетпісте торғай-дай ғана қуатым қалды дегені екен ғой.
Сексен балапан ұя басып жатыр дегені — сексенде ұяда жатқан балапандай төсек тартып жаттым дегені екен ғой.
Тоқсан жұмыртқа қашан жарыларын білмеймін дегені — тоқсаннан асқан жасым бар, бір аяғыммен қабырдамын, ақ дағдыр қашан жетеді деп күтудемін дегені екен ғой, — депті.
Ж. Жұмағұлов