- Негізгі бет
- Асыл сөз
- Жастардың сөйлеу ерекшелігі...
Жастардың сөйлеу ерекшелігі
Жастардың психологиясы мен дүниетанымы, менталды ойлау жүйесі ересек адамнан өзгеше. Соған сай сөйлеуі де бөлек. Жастар өз арасында диалог құру барысында емін-еркін қарым-қатынас орнатады. Әлі әлеуметтік мәртебесі, қызметтік бабы мен ресмилік-дәрежелік ахуалы өсе қоймаған жастардың диалогтың қатынасы көп жағдайда бейресми, тұрмыстық деңгейде болады.
Ересек адамдар әлеуметтену жағынан жетілген, мәртебесі де қалыптасқан, қызметтік бабы мен әлеуметтік рөлі де айқындалған, ресмилік дәрежесі өскен социалды топ болғандықтан, мұндай тұлғалардың арасындағы қарым-қатынас жастардың сөйлесуіндей еркін бола бермейді. Есесіне, байсалдылық пен сабырлылық, байыпты, кесімді сөйлеу әрекеті басым. Бейвербальды қарым-қатынасы да өте ұстамды келеді.
Ересек адамның қоғамдағы рөлі жастардан биік тұрады, жас қоғам мүшелерінің арасындағы ересектің басты міндеті – оларды жөнге салу, ақыл айту, кеңес беру. Бұл әлеуметтік топ жастарды әлеуметтендіру істерін мойнына алған топ болып саналады. Сондықтан қоғамның ақылшысы, данагөйі, көсемі есептеледі.
Бұл жайында Б.Соқпақбаевтың "Менің атым – Қожа» повесінде мынандай сипаттама беріледі: «Осы үлкендер деген қызық халық. Бір менің әжем емес, қай-қайсы да балаларға шетінен өсиет айтқыш, жөн сілтегіш, ақылгөй келеді. Олай етпе, бұлай ет, ананы істеме, мынаны істе деп, тәптіштеп тұрғанда, таңдайларынан шаң көтеріледі..." (Б.Соқпақбаев. Менің атым Қожа).
Келесі диалогта құрдас жас кейіпкерлердің және жас кейіпкер мен ересектің (профессордың) арасындағы диалогтан жастар арасындағы диалогтың әлдеқайда еркін келетінін байқаймыз:
Қабен. Кілт тұра қал!
Тайман (аңырып). Ал, жақсы.
Қабен. Маған келдің бе?
Тайман. Саған келдім.
Қабен. Әдейі іздеп келдің бе?
Тайман. Әдейі іздеп келдім.
Қабен. Өтірік айтасың. Өз шаруаңмен жүрсің.
Тайман. Олла да рас. Жер беті қияннан тек сен үшін келдім. Жеткен бойым...
Қабен (жүзін жылытып). Қалғанын қоя тұр. (Тайманды құшақтай алып, бір орындыққа отырғызды). Тырп етпе, отыр осы арада. Қазір... (Профессорға беттейді).
Тайман (өзіне-өзі). Қызық-әй өзі... Менімен бірге ұйықтап шыққандай. Амандық жоқ, саулық жоқ, салған жерден... Ай, сенің мінезің бе, сенің мінезің...
Профессор (Қабенге). Қалай, жүрегің орнында ма?
Қабен. Әрине.
Профессор. Қорғап шығамыз ба?
Қабен. Дау жоқ.
Профессор. Бәсе, қобалжыма! Қорғау сәтті өтуге тиіс.
Қабен. Әлбетте.
Профессор. Ғылыми кеңесте маған қарсы бір-екі кісі бар. Солар болмаса, өзгелері құптар.
Қабен (қызығып). Кімдер олар? Неге қарсы?
Профессор. Ей, қалқам-ай, неге қарсы дерің бар ма? «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» деп қазақ тегін айтты деймісің...
Қабен. Түсінбедім.
Профессор (түсін суытып). Жә, түсініп керегі жоқ саған. (Аз ойланып). Біреулер болады... ғылымнан гөрі ғылым адамдарының ара қатысын, тату-араздығын білуге көбірек күш салады. Ондайлардан түбінде ғалым емес, залым шығады.
Қабен. Кешіріңіз, мен әлі түсінбедім. Сізге қарсылар маған да қарсы болуға тиіс пе?
Профессор. Мүмкін. (Жайбарақат). Оңбағандық ғой.
Қабен. Неге? Неге оңбағандық? Сізге қарсы болу оңбағандық па?..
Профессор (зекіп). Жә, қоялық... Сенің осы мінезің... Қашан да, қалай да қарсыласуың керек саған!.. (З.Қабдолла. Сөнбейтін от)
Екі жас сөйлесуші – Қабен мен Тайманның арасындағы диалогтық қатынас экспрессивті, эмоционалды, спонтанды күйде орнағанын байқаймыз. Одан бөлек, жастар диалогында көп кездесетін әзілдесу сарыны да айқын аңғарылады. Емір-еркін сөйлесу мотиві басым. Ал жас сөйлеушінің – Қабеннің ересек коммуникантпен – профессормен тілдесуі ұстамды, сенімді түрде шыққан. Ересек тұлға мен жас тұлғаның диалогында жастық қызбақандылыққа тән сенімділік, өз ісіне ширақтылық анық байқалады. Қабен өзінің диссертациясын қорғап шығатынына кәміл сенімді. Сондықтан да сенімді жастық диалогына сәйкес диалогтық репликаларын сенімді, қысқа, кесімді аяқтайды.
Бұл жерде ересек тұлға мен жастардың арасындағы диалогтың тағы бір айырмашылығы байқалады: ересек адам жасырын, айқындалмаған, имплицидті, тұсталдап сөйлеуге жақын келеді. Ал жастардың диалогтық қатынасында пресуппозициялық тілдік қатынас көп болмайды. Оның үстіне ересек пен жас тұлғаның арасындағы имплицидтік құрылым жас коммуниканттың тарапынан интеллектуалдық түсіністік орын алмайды. Өмірде көрген тәжірибесі мен оқығаны, тоқығаны мол, белгілі бір салада ұзақ жыл еңбек етіп үлкен өмірлік ұстаным жинаған ересек тұлға өзінің диалогтық репликасына үлкен имплицидті мән сыйдыра алады. Нәтижесінде өмірде көргені мен түйгені аз, әлеуметтік жетілудің белгілі бір дәрежесінен өтпеген жас тұлғаның мұндай имплицидті құрылымдардың мәнін аңғара қоймайды. Бұл жерде референтті мәндердің, ментальды байланыстың орын алмай тұрғанын байқаймыз.
Ментальды байланыс, референтты мазмұны орнамаған кезде диалогтық қарым-қатынастың да дамуы кешеуілдейді.
Жас тұлғаның қызбақандылығы мен жасырын ақпаратты ашуға деген қызығушылығы диалогтың одан әрі дамуына әкеледі. Ендігі кезекте жас кейіпкердің диалогтық репликасы сұрау түрінде, қабаттаса сұрақ қою күйінде дамиды. Ересек адам мұны түсіндіру үшін тағы да имплицидті құрылымдарды құра бастайды. Бір жағынан, профессордың жас ғалымға барлық мән-жайды түсіндіруге құлқы болып тұрмағаны байқалса, екінші жағынан, жас кейіпкердің барлық нәрсені ұғынып-білгенін қалап та тұрмағаны аңғарылады.
Жастардың диалог ерекшелігі
1. Жастардың диалогі ересектермен салыстырғанда өте қысқа келеді. Жастардың диалогтік сөйлесуінің қысқа болуына көптеген себептер болуы мүмкін. Біріншіден, жастардың белгілі бір тақырыпқа қатысты мол ақпаратының болмауы. Ал ересек адамдардың өмірде көрген, жинаған тәжірибелері де көп болғандықтан кез келген сауалға жеткілікті дәрежеде жауап бере алады. Одан бөлек күнделікті, тұрмыстық диалогте де ересектердің негізгі позициясы жастарға ақыл үйрету, кеңес беру болғандықтан, яғни ақпаратты бөлісу болғандықтан, барынша интеллектуалдық әлеуетін кең пайдалануға күш салады. Одан бөлек, жастардың тілдік тәжірибесі де әлі қалыптасып, жетіліп жатқандықтан да сөздік қорының, лексикалық аппаратының жеткенінше ғана өз ойын білдіре алады.
Екіншіден, жастардың психологиялық-физиологиялық табиғатына тән ширақтық, шапшаңдық, жылдамдық тәрізді қабілеттерімен қатар өткірлік, елгезектік қасиеттері диалогті қысқа да шапшаң құруына себепкер болады.
Үшіншіден, жастар өздерінің сөйлесуіне имплицидті мәндерді сыйдыруға тырыспайды. Жауап-репликаны анық айтады, өз ойын ашық жеткізеді. Диалог репликалары көбінесе семантикалық жағынан байланысады. Бұл оның ұғынықтылығын арттырады. Ал жастар тілінде репликаның прагматикалық жағынан байланысуы ересектерге қарағанда аз кездеседі.
Сонымен қатар, бұл жерде жастардың психологиялық болмысына да тікелей байланысты. Әдетте, жастар белгілі бір шектелген ұжымда ғана қарым-қатынас жасайды: мектепішілік, достармен, отбасы, жоғары оқу орны, т.б. Жастар тек өзі үйренген ортада, ұжымда ғана кең ашыла алады. Сол ортада ғана өзін емін-еркін ұстай алады. Өзге ортамен қарым-қатынас жасауда үлкен әлеуметтік үрдістерді бастан кеше қоймаған. Сондықтан сырттан келген тұлғамен де бірден қарым-қатынас, оның ішінде диалогтық қарым-қатынас орнатып үлгермейді.
Одан бөлек, бұл жастар тіліндегі үнемдеп тенденциясын кең етек алуымен де байланысты.
Тілдің негізгі табиғатына екі үлкен тенденция тән: оның бірі – тілдік үнемделуге (қысқа болуға) ұмтылуы болса, екіншісі – артық ақпарат беруге тырысуы (содан тілдік құбылыстардың ұзаруы, созылуы). Аталмыш тенденциялар диалог құрылысына да тән нәрсе.
Сөйлесімге қатысушы кез келген тұлғаның өзінің ойын уақыт пен күшті үнемдеу арқылы дәл әрі толық беруге тырысатыны белгілі. Мұнымен қоса, ой логикалық жағынан қисынды әрі екіұдайылықтан ада болуы керек. Сондықтан сөйлеуші тұлға өзінің коммуникативті интенциясын қарым-қатынас мақсатына толықтай жеткуі үшін тілдік формалардың нақты түрлерін вербалдауы, қолданысқа салуы тиіс.
Бұл жерде сөйлеушілердің лингвистикалық факторынан өзге экстралингвистикалық та факторына жататын референтті жағдайдың дұрыс орын алуын айтуымыз керек. Сөйлеушілердің танымында сөйленіс жүріп отырған сәтке сай келетін шынайы өмірдің қандай да бір фрагменті, заттық, құбылыстық ортақтығы орнауы қажет.
2. Жастар диалог тақырыбынан жиі ауытқып отырады. Коммуниканттардың репликасына көптеген факторлар әсер етуі мүмкін: сөйлеушінің тұлғалық қасиетіне, оның коммуникативтік-тілдік стратегиясы мен тактикасына, тұлғаның сөз сөйлеу мәдениетіне, диалогтың орын алу жағдайына (ресми, бейресми), тыңдаушы не көрерменнің қатысу деңгейіне, т.б. факторлар әсер етуі мүмкін.
Жастардың көп уақытта диалог тақырыбынан ауытқып кетуіне коммуникацияның дайындалмаған, спонтанды болуымен байланысты. Жастардың әдеттегі диалогтық қатынасы тұрмыс жағдайында, бейресми ортада орын алатындықтан ресми емес, жоспарланбаған диалогтық қатынасқа түскен кезде өздерін біртұтас тұлғалы индивид ретінде таныта алмайды. Сондықтан көптеген жағдайда бірден қойылған сұраққа бірден жауап қата алмағандықтан, репликалық ауытқулар жібереді.
3. Жастар диалогында әртүрлі экспрессивтік күй, интонациялық кідірістер, әзілдесу әрекеті, сұрақтан жалтару, интертекстуалдылық, логикалық жағынан қисынсыз семантикалық бірліктерді мен қажетсіз тілдік бірліктерді шектен тыс қолдану орын алады. Жастар диалогында экспрессивті күйдің орнауына олардың әзіл-қалжыңды жиі қолданатындығымен, бейресми ортада қарым-қатынас жасайтындығымен байланысты. Керсінше, ресми ортада жастардың толықтай коммуникативтік құзіреттілікке ие бола алмайтындығын байқаймыз, қандай да әлеуметтік лифтіден, сатыдан өтіп, өмірлік тәжірибені қалыптасырмаған соң жастардың да үлкен трибуналдарда еркін тіл қатуы сирек кездеседі.
4. Жастардың үлкендерге қарағанда көшбасшылыққа ұмтылуы басым болғандықтан әрі жастық шағына тән максимализм мен көшбасшылық қасиеттердің басым болуы, агрессияға жақын келуі олардың диалог барысында өктем сөйлеуіне, сөйлесім кезінде доминантты рөлге ауысуға ұмтылуы жиі кездеседі.
Ересектердің диалог ерекшелігі
1. Ересектер диалогында репликалар семантикалық байланыс арқылы (сөз қайталау, жалғаулық шылауларды қолдану, өзге синтаксистік көрсеткіштерді пайдалану, т.б.) емес көбінесе, сөйленістің прагматикалық бағытына байланысты жалғасатындығы анықталды. Ересек адамдар қойылған сұрақ пен сауалға бірден жауап бергенге қарағанда қандай да бір эмоционалдық-деректік, кеңес берушілік, алдыңғы оқиғаға сілтеме жасау тәрізді алғышарт байланыстарды орнатып алады. Содан кейін ғана барып өз ойын тұжырымдайды.
Ересек тұлғалар диалогтық қатынасты бастар алдында белгілі бір прагматикалық байланысты орнатып алуға, тілдік актіге қосылып алуды жөн санайды. Тура жауапқа емес, жасырын, ишарат мәндегі тілдік құрылымдарға жүгінеді. Яғни, қойылған сауалға тіке жауап бермей, сұрақтың мазмұнымен семантикалық-мәндік байланысты тудырмай, сөйленісті өзге прагматикалық өрістен, мазмұннан бастайды. Былайша айтқанда, алғашқы кезекте тұжырымның себебін түсіндіреді де кейін барып қана тұжырымын ұсынады.
2. Ересектер мен жастар диалогының тақырыптық шеңбері әртүрлі келеді. Ересектер мен жастар арасындағы тақырыптық түсініксіздің орын алған сәтте диалогтың прагматикалық мақсаты орындалмай қалатындығын байқаймыз. Әдетте, ересектердің әлеуметтік-интеллектуалдық әлеуеті жастармен салыстырғанда өзге мәдениет пен менталитеттің тәжірибесіне сүйенгендіктен, жаңашылдықты түсінбей, қабылдамай жатады. Мұның өзі диалогтық қарым-қатынастың орын алуы мен дамуына (дамымауына) тікелей әсер етеді.
Мәселен, бұл мысал Т.Әбдіковтің «Қонақтар» әңгімесінен алынған үзінді. Шығарманың өзі өмірдің шынайы болмысын, мәселесін көтеріп отырғандықтан, кейіпкерлерін сөйлету кезінде де тұрмыстық, күнделікті тілдік қарым-қатынас формасын әдеби пішіндемеде мейлінше дағдылы қолдануға тырысқан.
... Көрші ауылдан шалдар келген. Сөйлеп отырған Сапабек.
- Жалпы геология халық тіршілігінің ең басты қажеттілігіне айналды, - деді ол «мұны тыңдап алыңдар, бұл өте қажетті» деп балаларды өзіне қаратқан мұғалімдей жастар жағын көзімен щолып. – Мынау тұрған жердің асты – тұнған байлық. Біздің Қазақстанда өте сирек кездесетін элементтер бар. Асыл тастар қаншама! Меруерт, маржан, інжу, жақұт, гауһар – не керек, бәрі бар. Гранитке байланысты пайда болатын мөлдір, қызыл, көк түсті слюда, ашық қызыл микроклин, мөлдір көк флюорит, қою жасыл турмалин, қан қызыл граниттердің өзі неге тұрады. Бұл жөнінен бар ғой, бұл жӛнінен біздің Қазақстан бүкіл дүние жүзіне әйгілі.
– Шырағым-ау, - деді қатар отырған қоңқақ мұрынды Абыл қарт. – Сол тасыңнан өзі пайда бар ма? Маған біреуін әкеп берсеңші. Тілі ащы шалдың қиқар сөзіне бұрын күліп үйреніп қалғандар қарқылдап күлісіп алды.
– Оның пайдасы деген пайда шаш етектен, ақсақал. Мәселен, сонау Украина гранитті бізден алады. Оны өңдеу тәсілін шығарған да біздің ғалым. Жалпы мұның маңызы деген маңыз тіптен керемет.
– Қайдам, – деді Ерекең. Осының маңызына онша түсінгісі келмей, – осы бір тастардың соңында кеттің ғой өзіңмен-өзің болып. Тым болмаса жылына үйге бір апта да түнеп кетпейсіңдер.
... Шалдарға бұл әңгімені түсіну тым қиын еді. Сондықтан олар жастарға араласпай, өздеріне түсінікті басқа әңгімеге ауысты (Т.Әбіков).
Автор диалогтық тұтастықтың соңында сөйлесімге араласып отырған ересектердің жастардың коммуникативтік кеңістігіне ене алмағандығын ашық айтады. Әңгіменің өз нәтижесіне жетпегендігін соңғы сөйлеу актісінен да байқауға болады.
Бұдан диалогтық тақырыптық тұтастығының коммуниканттар тарапынан қолдау таппауы диалогтық қарым-қатынастың сәтсіз аяқталатындығын аңғарамыз. "Тақырып", "коммуникативті орталық" ұғымдарымен макродиалог, микродиалог, диалогтің типтері сияқты мәселелер байланысты болып келеді. Тақырыптың бірнеше тақырыпшаларға таратылуы, коммуникативті-прагматикалық фокустың диалог мазмұны мен құрылымында сөйлеу актілері бойында ауысып, негізгі мақсатты жүзеге асыруы макродиалогті қалыптастырса, микродиалог оның құрамдас бөлігі - жекелеген қосымша мақсаттардың өзара үйлесімде шағылыс құрап, шендесуі болып табылады. Макродиалогтің шекарасы берілетін сөйлеу актілерінің санымен емес, "сөйлеу жағдаятына қарай олардың қалыптасуын, сөйлеу бірліктерінің таңдалу себептерін негіздейтін" ортақ коммуникативті-прагматикалық тақырыптың болуына байланысты.
3. Жастар мен ересектердің тілдесімінде ересектің білімі мен тәжірибесі де мол болғандықтан өзінің идеясы мен тәжірибесін өзінен жасы кіші тұлғаларға мәжбүрлеп таңуға, өз пікірлерін өткізуге тырысады. Сондықтан мұндайда ересек пен жастар арасындағы диалог ересек тарапынан өктемдікке құрылады. Мәселен, "Тақиялы періште" фильмінен бәрімізге белгілі үзіндіде ересек тұлғаның өзінің ұлына үйленуді міндеттейді:
– Бұларыңыз кім?
– Қалыңдық?
– Не?!
– Қалыңдық дейм!
– Мұныңыз қалай?
– Не қалай? Мұндай қыздар қолыңа түсе бермейді. Оң жақтағы сұлу аспирант. Әкесі ғалым адам, профессор. Ал сол жақтағы қыз болашақ дәрігер, әкесі директор!
– Қайдағы директор?!
– Саған бәрібір емес пе, әкесін алмайсың, қызын аласың!Тезірек жуын да, ана киімдеріңді киіп, адам құсап отыратын бол! Бол тез! ("Тақиялы періште" фильмінен)
Жастар диалогы ерекше тілдік белгілерге ие болмаса да, жастар тілі экспрессивті әрі эмоционалды болып келеді. Жастарға көшбасшылық қасиет тән болғандықтан да, олардың сөйленісінде де жеке тұлғалық ой-пікір мен индивиуалды көзқарас басым болады. Заманауи жастар өзінің эмоциясын еш жасырмайды, ойын анық айтады, құндылықтары мен көзқарастарын нақты таныта алады.
Жастық максимализм, көшбасшылыққа ұмтылуы, өзін сенімді ұстауы тәрізді қасиеттер жастардың негізгі белгісі екендігі қоғам ортасында көп айтылады. Жастардың көшбасшылыққа ұмтылуы олардың сөйлесінде де, тілдік қатынасында да көрініс табатын феномен болып саналады. Қазіргі заманда көшбасшы болу түсінігі мақсат қоя алатын әрі оған жете алатын, жетістігі мол адамды сипаттауға қолданылады. Заманауи жастар өзінің мансап жолын, мақсат жолын барынша жетістіктер мен табысты сәттерге толтыру үшін де жігерлі, амбициялы келеді. Сол тәрізді күнделікті өмірде де жастар сөйленіс кезінде өзінің көшбасшылық қасиетін барынша көрсетіп қалуға тырысады. Сондықтан айналасындағы ортадан өзін бөліп көрсету үшін де агрессивті тілдік қатынас үлгілерін қолданады.
Егер осыдан жиырма жыл бұрынғы жастардың сөйленісі мен қазіргі жастардың сөйленісін салыстырып көрсек, қазіргі жастардың индивидуалдылыққа, өзіндік пікір мен көзқарасқа ұмытатындығын әрі өзінің жеке көзқарасын өзгелерге де танытуға, иландыруға тырысатындығын байқаймыз. Кеңес кезінде де қоғамның өзі индивидуалдылыққа емес, ұжымдық қатынасқа құрылғандықтан ол кездің жастары қоғамның пікірімен санасуға, үлкеннің тілін алу мен басшының бұйрығына бағынуға тура келетін. Қазіргі жастардың бойынша креативтілік пен жеке ойлау қасиеті басым болғандықтан, өзгенің пікіріне, ұстанымы мен көзқарасына, қоғамдық ортақ қағида мен ережеге мойынұсына бермейді. Ал бұл жастардың өзара сөйленісі кезінде де Ынтымақтастық қағиданы ұстануға, өзара мәміле мен келісім жүзінде сөйлесу, шешім қабылдауға мән бермейді. Жеке-дара мінез бен қабілет танытуға, тілдік қатынаста өз өктемдігін өткізуге мән береді.
Қ. Слямбек