Шақшақұлы Жәнібек батыр Төле биге: «Түзу мылтық ұшқыр құс, жүйрік ат, мақтаншақ жігіт, ұрыншақ ат – бесеуін жиып қойдым. Бозбала болып ерлік қылайын ба? Үлгі алып, билік құрайын ба? Еліңде кәрің болса – жазулы тұрған хатың. Жайлаған көліңнің алдында төбе болса – ерттеулі тұрған атың деуші еді, ақыл сұрайын деп келдім», - дейді.
Сонда Төле шешен:
- Менен ақыл сұрасаң
Өгізді ер салма,
Қанатың талар.
Наданға көзіңді салма,
Сағың сынар.
Досыңа өтірік айтпа,
Сенімің кетер.
Дұшпаныңа шыныңды айтпа,
Түбіңе жетер.
Жал-құйрығы қалың деп
Жабыдан айғыр салма,
Жаугершілік болғанда,
Жағдайлап мінер ат тумас,
Жақының үшін
Жақсының жағасынан алма,
Жерің тарылар.
Ит жүгіртіп, құс салсаң
Әуейі боларсың.
Әйел алсаң,
Көріктіні алма, тектіні ал.
Мақтаншақ жігіт жисаң,
Жөніңнен шығарсың,
Ұрыншақ ат жаз жарға,
Қыс қарға жығар.
Тұмау түбі құрт болар,
Тұман түбі жұт болар,
Ақылдың түбі құт болар.
Қарап отырғанша
Бір нәрсеге жарап отыр,
Кәсіп болмай, нәсіп болмас
Қабырғадан қар жауса
Атан менен нарға күш,
Ел шетіне жау келсе
Қабырғалы биге күш
Менің ақылым осы, - депті.
«Қазақтың шешендік сөздері» кітабынан