Қоғамның әлеуметтік топтарын сипаттау барысында оның екі үлкен әлеуметтік жіктеліске – еркек пен әйелге бөлінетіні белгілі. Кейінгі жылдары тіл білімі саласында гендерлік лингвистика бағыты бөлініп шығып әртүрлі аспектіде әйел мен еркектің сөйлеу ерекшеліктерін, тілінің психологиялық-логикалық құрылымын зерттеу жолға қойылған.
Қоғамда еркек пен әйелдің әртүрлі әлеуметтік рөлі бар. Еркектердің көбі әскери, саяси, өндіріс саласында қызмет етеді әрі табыс табушы, отбасын асыраушы рөлін атқарады, ал әйел тәрбие беру мен білім беру тәрізді миссияларды атқарады. Қазақ халқы да еркектің орны түзде болса, әйелдің орны үйде деп білген. "Ер – елдің иесі, әйел – үйдің иесі" деу арқылы ердің ісі қоғамдық, елдік, ерлік, әлеуметтік, отандық, шаруалық істермен айналасу деп тапса қазақ халқы, әйелдің міндеті тек ошаққасы үй шаруасы мен бала тәрбиесі деп бағалаған. Еркектің рөлі басым саналады, сондықтан оның міндеті де, әлеуметтік атқарар қызметі де үлкен.
Олардың қалыптасқан әртүрлі әлеуметтік рөлінің өзі әйел мен еркектік коммуникативтік амалдарында өзгешеліктер тудырады. Осыдан келіп еркек нақты, құрылымды, анық, дәл сөйлеуге жүгінетін болса, әйел адам абстрактіге, жалпы сөйлеуге, эмоционалды-экспрессивті сөйлеуге ынталы болады. Еркектік гендерлік ерекшелігі оның қайраттылығы, мықтылығы, сенімділігі болса, әйел адам сыпайы, ибалы, инабатты, сезімге босаң, әсершіл келеді. Ал бұл ер адамның сөйлесім әрекеті кезінде нық, нақты, байсалды, сабырлы, сенімді сөйлеуіне ишарат жасаса, әйелдің биязы қасиеті оның құбылып сөйлеуіне мүмкіндік береді.
Тілдік қатынас жасаудағы әйел адам мен ер адамның мақсаттары да әртүрлі болады: еркек адам үшін сөйлесу тек ақпарат алмасудың тәсілі болса, әйелдер үшін бұл өзге адаммен қатынас ұстаудың, сөйлесудің, әңгіме айтудың амалы.
Еркек пен әйел сөйлесуіндегі коммуникативтік мақсаттары да осыған байланысты: ер адам ақпарат алу үшін тілдік коммуникация орнатса, әйел адам өзге тұлғамен жақындасу үшін, байланыс орнату үшін, сөйлесу үшін тілдік қатынас орнатады. Осыдан келіп әйел сөйлесу арқылы келісім жасауға, коммуниканттар арасында байланыс орнатуға, жақындасуға, сезімдік-эмоционалдық күй қалыптастыруға көңіл бөлетіні, ал ер адамның сөйлесу әрекеті кезінде дербес, жеке, тәуелсіз болуға ұмтылатыны байқалады. Ер адамдардың сөйлесу әрекетінде доминанттық басым болса, әйелдер мұндай өктемдік, дербестік қасиетке бой алдырмайды, өзге коммуникантынан биік тұруға әрекет етпейді.
Ерлер мен әйелдердің өзара сөйлеу әрекетін И.С.Веселова айтылған әңгіменің мәтіндік, мазмұндық ерекшелігі адамның жынысы мен жас ерекшеліктеріне қатысты болады дейді. Ғалым әйелдердің әңгімесінде хабардан бұрын өз ойын жеткізу маңызды екенін, серігімен сырласу түрінде келетінін, ерлердің сөйлеу әрекетінде нақты "әңгіме", болған оқиғаның сюжетін әңгімелеу басым болатынын жеткізеді. Әйел мен еркектің көп жерде келісе алмай қалуы да құбылыспен тікелей байланысты, яғни еркек сөйлесу әрекетті тек ақпарат алмасу мақсатында ғана қолданады әрі лебіздесу ұзаққа созылмайды. Ал әйел адам сөйлескен кезде сөйлесу әрекетінен ләззат алуға, эмпатикалық әсер алуға күш салады әрі өзімен таныс, эмпатия туғызған адаммен ұзақ әңгімелесе алады.
Қазақ әйелдерінің тағы бір қасиеті – өзін ерінен төмен ұстау әдеті. Бұл тәрбиенің көрінісі басқа халықтарда ерсі көрінетін шығар. Дегенмен әйелдің мінез-құлқына, кешірімігіне, еріне деген сыйластығына қарай отбасының керегесі берік, шаңырағы шайқалмай, айқай-шусыз өмір сүреді. Еріне деген сыйластығы, сыпайылығы, әдептілігі әйел мінезін ерлердің психологиясынан ерекшелендіреді. Сондықтан да, ертедегі ата-аналарымыздың арасында ажырасу, некені бұзу сияқты теріс қылықтар болмаған. Әйелдердің бұл психологиялық ерекшеліктері әлі де сақталып келеді. Бұл қасиет анасынан қызына, келініне ақыл, өсиет арқылы беріледі.
Қазақтың мақал-мәтелі де ер адамның қалай, әйел адамның қалай сөйлейтінінен аздаған хабар береді. Хабар бергеннен бұрын халықтық сөйлесу ұстанымын танытатын белгі береді. Әдетте қазақ халқы ердің де, әйелдің де көп сөйлемеуін қалайды. "Көп сөз – құлақ сарсытар бос сөз", "Құрғақ сөз құлаққа жақпас" деп кесіп-пішіп айтады. Әсіресе ер жігітке көп сөйлеу, көпіріп сөйлеудің еш жараспайтынын ескертеді. "Ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені", "Екі сөйлеген езден без, ел таңдамас сөзден без", "Ер өтірік айтпайды, ел өтірік айтады", "Жаман теке сүзіскек, жаман жігіт ұрысқақ", "Ердің екі езуі қазына", "Ердің өзіне қарама, сөзіне қара" тәрізді мақал-мәтелдерден еркектің прагматикалық мақсаты да аз сөйлеп, көп іс қылу екені анық байқалады.
Ердің аз сөйлеуі оның ақылын, абыройын, іскерлігін, парасатын танытады. Аз сөйлеу дегеннің өзі – қысқа да нұсқа, нақты, сенімді, байсалды, шешімді, сабырлы да салиқалы, кесімді, дәлелді сөйлей алу. Әдетте халқымыздың түсінігінде әйел адам да аз сөйлеуі керек, бұл оның парасатын, ибасын, даналығын танытады. Дегенмен халық арасында кездесетін "Әйел сырын әйелден сұра", "Әйел көп болса іс бітпейді" тәрізді мәтелдерден әйелдердің өз ішінде сырлас әрі көп сөйлейтінін аңғартады.
"Ері сөйлесе – жол ашылады, әйел сөйлесе – еті ашылады", "Отқа барған қатынның отыз ауыз сөзі бар", "Үйді қырық еркек толтыра алмайды, бір әйел толтырады", "Алты қатын асқа барса, әрқайсысы өзінің мұңын айтар" деуі де әйел адамның көп сөйлетінін аңғартса керек.
Еркек пен әйел адамдардың диалог құрудағы ерекшеліктерін қарастыруда еркек пен әйелдің тілдік акті орнату кезіндегі маңызды параметрлерін қарастырып алу қажет:
– Сөйлесу әрекетіне ену. Еркек адам ақпарат алу үшін ғана диалог орнатса, әйел адам өзге тұлғамен өзара қарым-қатынас орнату үшін сөйлесім әрекетін бастайды.
– Мәртебеге қатысты ұстанымдары. Ер адам сөйлесу әрекеті кезінде өзінің мәртебелік дәрежесін жиі пайдаланады, сол арқылы нәтижеге жетуді көздейді. Ал әйел адам өзге тұлғалармен жақын қарым-қатынас жасауға ұмтылатындықтан мәртебесін, әлеуметтік дәрежесін пайдалануға көп мән бермейді. Әйел адам өзінің туысқандарымен, жақындарымен, дос-жаранымен, өзімен деңгейлес адамдармен сөйлесу кезінде өзін еркін ұстайды әрі мұндайда, әдетте, көп сөйлейді. Ал еркек адам әлеуметтік ортада, топта, ұжымда өзінің мәртебесін қалыптастыруға әрі оны сақтауға ұмтылғанда ғана еркін сөйлеуге, жиі сөйлеуге мән береді.
– Сөйлесім саласы. Ер адам көпшілік алдында сөйлегенді ұнатады, әйел адам жеке, тұрмыстық әңгімені ұстануға тырысады.
– Тақырып. Ер адам жеке өміріне қатысты тақырыптарды қозғағанға қарағанда, саяси-қоғамдық тақырыптарды, өзіне қызықты (спорт, экономика, т.б.) мәліметтермен бөлісуге тырысса, әйел адам жеке, күнделікті өмірге қатысты тақырыптарда әңгіме құрады.
– Еркек пен әйелдің тыңдау деңгейі. Еркек адам сөйлесу әрекетінде ақпараттар мен мәліметтерді тыңдауға ғана мән берсе, әйел адам сөйлесу әрекеті кезінде коммуникантпен тығыз байланыс ортануға ұмтылатындықтан, әңгіменің мазмұнына (мета-ақпаратқа) мән береді.
Одан бөлек, еркек адамның коммуникациялық әрекетінің икемділігі төмендеу әрі коммуникациялық серіктесімен жақын байланыстар болмайды, алайда сөйлесім әрекеті динамикалық үрдіске ие. Сондықтан еркек адамдардың диалогы көбіне, белгілі бір тақырып аясында ғана болады әрі бұл тақырып барынша кең талқыланып, соңы қорытындыланады.
Әйелдің коммуникациялық әрекеті диалог құрушы коммуникантқа тікелей бағытталады, бағынады. Бір диалогтың өзінде бірнеше тақырып талқыланып үлгереді. Диалогтың тақырыбын бірден өзгерте алады.
Ер адам мен әйел адамның диалогтарындағы ерекшеліктерді, прагматикалық бағыттылығын қарастыру барысында қазіргі теледидар бағдарламаларындағы сұхбаттар, сөйлесім сәттері мәтіндерінен материалдар алынып зерттелді. Нәтижесінде, қазіргі қазақ телевидениесіндегі байқалған басты тенденция – сұхбат алушы, диалог құрушы тележүргізушілердің көпшілігі әйел адамдар. Яғни, әйел адам жүргізетін бағдарламалар ер адам жүргізетін бағдарламаларға қарағанда көп. Бұған себеп, біздің ойымызша, қазіргі телевидениенің көңіл көтеру, ойын-сауық бағдарламаларға тікелей көңіл бөлуі. Ал күнделікті, отбасылық, тұрмыстық, көңіл көтеру, ойын-сауық, шаруашылық мәселелерді талқылауда ер адамға қарағанда әйел адамдардың құзіреттілігі басым. Ал ер адамдар жүргізетін бағдарламалар қоғамдық-әлеуметтік және саяси-қоғамдық мәселелерді қозғайтын бағдарламалар болып отыр.
Одан бөлек, сұқбат алушы, яғни диалог құрушы тележүргізушілердің көп болу, біздің ойымызша, әйел адамдардың сұқбат құруға икемділігі, яғни әйел тілінің сөйлесім әрекетіне тікелей прагматикалық бағытталуы да себеп. Ер адамға қарағанда әйел адам сұхбат жүргізуге әлдеқайда епті, икемдік келетіндігі байқалады. Сұқбат алушы адамды прагматикалық-психологиялық жағынан сөйлетудің түрлі амалдарын жасайды әйел адам. Яғни, диалогтың сәтті шығуына, сұхбаттың белгілі бір нәтижеге қол жеткізуіне әйел адам барын салады әрі сөйлеушінің ұзақ сөйлеуіне, тұтынушыға қажетті ақпаратты молырақ беруіне қажетті барлық жағдайларды жасай алады. Ал бұл өз кезегінде диалогтың түрлі ерекшеліктерін, прагматикалық қабаттасуын байқауға мүмкіндік береді.
Әйел адамның диалог құруындағы басты мақсат – сөйлесушімен жақын байланыс орнату, онымен сырласу, қандай да бір тіл табысушылық контакті орнықтыру. Сол себепті екінші коммуниканттың жиі сөйлеуіне, әйел адамның сезіміне қарай тіл қатуына барынша жағдай жасайды. Екінші жағынан айтсақ, коммуникантты манипуляциялауға көңіл бөледі.
Қазақстан телеарнасындағы Ләйлә Сұлтанқызы жүрген "Әйел бақыты" және Хит ТВ арнасындағы "Қыз Жолдас" бағдарламаларын қарастыру барысында әйел диалогының бірнеше ерекшеліктерін атап көруге болады.
1. Әйел адам коммуниканттың барынша ашылып сөйлеуіне, көп сөйлеуіне мүдделі болады. Сондықтан диалогтың ұзын, жан-жақты болуына, ақпаратты болуына мән береді. Сол себепті сөйлеуші қолдап, қолпаштап отырады әрі сол сәтте өзінің сезімінен де хабар беріп отырады.
Мәселен, Әсел Көбеева жүргізетін "Қыз Жолдас" бағдарламасында 45 минуттық "Асқазан ауруын емдеу жолдары атты" шығарылымында дәрігер-хирург Еркебұлан Жантілеумен сұхбат жүргізеді. Адресаттың өзі жас дәрігер ер адам, өте байсалды, емін-еркін сөйлейді, сұраққа өте нақты жауап береді.
– Еркебұлан, айта қойыңыз, асқазан ағзамыздағы мүшелердің барлығымен байланысты екендігі сөзсіз, иә. Демек асты дұрыс ішу, астың дұрыс қорытылуы – бүкіл ағзамыздың жұмыс жасауына себепші. Солай ғой?
– Біріншіден, саламатсыз ба құрметті көрермендер?
– Қош келдіңіз.
– Асқазан ас қорытыу жүйесіндегі ең маңызды ағзаның бірі. Бүгінгі таңда асқазан, ас қорыту жүйесі аурулары өте жиілеп кетті.
– Өкінішті...
– Асқазан аурулары жас пен жыныс талғамайды. Аурудың себептерінің өзі асқазан қызметінің бұзылуына байланысты. Қызмет бұзылысына түрлі факторлар әсер етеді. Асты дұрыс ішпеу, ішімдік ішу, салауатты өмір салтын сақтамау спортпен шұғылданбау. Көбіне қала тұрғындары жиі ауырады...
– Не себепті? Экология шығар...
– Жоқ. Экологияға байланысты емес, стрестік жағдайлардың көп болуына байланысты.
– Ммм...
– Гастрит деген ауру болады. Бұған тұз қышқылының көбеюі себеп.
– Меніңше, адамның 99%-ы осы ауруға шалдығатын сияқты.
– 99% емес, бірақ көп кездеседі. Салыстырып айтқанда, тұз қышқылы бір шегені ерітіп жібере алады. Енді асқазанға ондай қышқылды ұстап тұрудың қандай қиын екенін ойлап көріңіз...
– Әрине...
***
– Ойық жараның қатерлі ісікке айналуы бұл өте қауіпті асқынулардың бірі болып саналады. Ол емге көнбейді...
– Емге көнбейді әрі ұзақ жүреді, иә...
– Ұзақ жүреді әрі емге көнбеуі де мүмкін...
– Масқара, қиын, әрине...
***
– ...Асқазанға сфинктер жабылмай қалғанда астың иісі ауыздан шығуы мүмкін.
– Ал сфинктерді қалай жабуға болады?
– Оны сфинктердің жеткіліксіздігі дейді...
– Демек ол да патологиялық аурулардың бірі ме?..
– Бұл қабыну процестеріне байланысты...
– Ааа, қабыну процесіне...
– Оны ота жасау арқылы емдеуге болады.
– Сфинктерді қатайтады, иә...
– Қалпына келтіреді... Көптеген себептері болуы мүмкін...
– Демек тіс дәрігерімен кеңесу керек дейсіз ғой...
– Міндетті түрде, тіс дәрігерімен кеңесу керек.
– Өте жақсы...
Бұл үзінділерден байқағанымыздай, әйел адам өзінің коммуникантымен жақын байланыс ұстауға тырысады әрі оның ұзақ сөйлеуіне, нәтижелі сөйлеуіне мүдделі болып отыр. Әрі диалог орнату барысында өзінің сезімдік жағдайын білдіру мақсатында әрі коммуникантты қоштау, қолдау мақсатында әртүрлі қысқа репликалар беріп отырады. Ал бұл коммуниканттың одан әрі ашылып сөйлеуіне мүмкіндік береді. Әйелдің диалогтың репликаларында сезімдік жағдайды білдіретін "өкінішті", "масқара, қиын екен", "өте жақсы", "солай ғой", "иә ма?", "әрине, өкінішті", "тамаша", "рақмет сізге", "иә", "өте дұрыс айтасыз", "айта қойыңыз", "...дейсіз ғой", "демек...", "ендеше..." т.б. тәрізді одағай, қыстырма, мадақ сөздерді қосып отырады. Репликаларының көпшілігі осындай тілдік бірліктерден тұрады.
Әйел адам сөйлеу барысында коммуникантты толықтырып отыруға көп мән береді.
Әйел адам диалог барысында бейвербальды амалдарды көп жасайды: басын изейді, таңданады, өкініш білдіреді, "қабағымен ойнайды", қолын сілтейді, басын ұстайды, басын шайқайды, көзін жоғары-төмен қаратады, бетін желпиді, т.б. Бұл диалогтың әсерлі шығуына мүмкіндік береді.
Бұл диалогта екпін ер адамға түсіп тұрғаымен, яғни оның ақпаратын бөлісіп отырғанымен, диалогты басқарып отырған – әйел адам. Әйел адамның диалог құруындағы басты ерекшелік те оның сөйлеушіні қажетті арнаға бұра, бағыттай алушылық қабілетінің терең дамуы, бағдарламалай алу мүмкіндігінің кеңдігі. Міне, осы қабілеті қазіргі телевидениеде әйел тележүргізушілердің көбеюіне себепкер болып отыр.
2. Әйел адамның диалогқа тез араласатыны соншалық – сөйлесуші адамның сөзін жиі бөле береді. Мәселен, жоғарыда аталған 45 минуттық сұхбатта әйел тележүргізуші 26 рет өзінің сөйлесушісінің сөзін бұзған. Ал бұл сәтте "Айтуға оңай" телебағдарламасының жүргізушісі Бейсен Құранбек 40 минуттық бағдарламада сөйлеушісін небәрі 7-9 рет қана бөледі. Сол тәрізді 365info.kz интернет порталындағы "Неге солай?" бағдарламасын жүргізетін Жан Ахмадиев 18-22 минуттық шығарылымында сұхбаттасушысын небәрі 2-4 рет қана бөледі. Ал "Әйел бақыты" телебағдарламасын жүргізуші Л.Сұлтанқызы көрерменмен 8 минуттық сұқбаттың өзінде сөйлесушісінің 9 рет сөзін бөлген.
– Сәлеметсіз бе, эфирдесіз.
– Алло, саламатсыз ба, Ләйлә Сұлтанқызы, мені естіп тұрсыз ба?
– Иә-ә, мен сізді естіп тұрмын.
– Ләйле Сұлтанқызы, мен сізді көргеніме өте қуаныштымын. Мен Қарқаралы ауданы, Теректі отделениесі Шөптікөлден хабарласып отырмын. Бүгінгі тақырыптарыңыз өте өзекті, мінеки... Маңызды тақырып деп есептеймін... Алтын ене, құтты келін. Мен енді өзім жайлы айтатын болсам...
– Сіз келінсіз ғой деймін иә?..
– Иә, келінмін. Иә, иә келінмін. Мен оңтүстіктің қыз-ы-м-ын...
– Қанша болды келін болғаныңызға?
– Ау?
– Қанша жыл болды келін болып түскеніңізге?
– Алла жазса, биыл бес жыл болады...
– Ал жақсы...
Байқағанымыздай, шағын диалогтың ішінде әйел тележүргізуші телефон шалып тұрған сөйлеушінің сөзін 4 рет бөліп үлгерді. Тележүргізушінің бұл жерде сөйлеушінің сөзін бұза беруінің басты прагматикалық ерекшелік – әйел адамның деректі анықтап алуға, көз жеткізуге тырысуы.
Бұл жерде сөйлесіп тұрған коммуниканттардың екеуі де әйел адам әрі бір әйел адамның екінші әйел адамның диалогтық әрекетін бұзуы, олардың тақырыпты өзгертуіне себепші болды. Хабарласып тұрған көрермен шын мәнінде өзінің оңтүстік қызы екендігін әрі Орталық Қазақстанға келіп болып түскенін баяндауға мақсаттанған еді, алайда тележүргізуші әйел оның келін екенін бірден айту арқылы әңгіменің ұзақ ауанын қысқартқандай әрі сөйлесім тақырыбының өзге арнаға бұрылуына ықпал етті.
Әйел адамдардың диалогында сөздің жиі бөлінуі жаңа тақырыптың бастауына түрткі болады. Алайда әйел адамның ер адамның сөзін бөлуі тақырыптың өзгеруіне себепші бола қоймайды, ер адам өзінің сөзін соңына дейін айтып, аяқтап шығады. Мұны келесі диалогтан байқаймыз.
Әдетте әйел адамның сөйлесушінің сөзін бөле беруі оның эмоциясыны, сөйлесім сәтінен алып отырған ләззатын, сезімін жеткізуге тырысуына байланысты. Мәселен келесі диалогтық үзіндіде бұл анық байқалады...
– ...Содан мен өзімді ұстадым да, сол қызды іздеуге бел байладым. Содан үш жылға жуық, яғни екі жыл сегіз ай мен сол қызды іздедім.
– Екі жыл сегіз ай дейсіз бе...
– Иә. Бұрынғы жоғарғы оқу орнына бардым. Барлық құжаттарды ақтардым, көтердім. Бұрынғы тұрғын үйін, мекенжайын іздеп, екі жыл сегіз айдан кейін ғана таптым сол қызды. Сөйтсем ол қыз ауылында тұрады екен. Баламды алмаған... 15 жасар балам бар екен... Тұрмыс құрмаған. Сол ауылда жұмыс істейді екен мектепте. Оған барып барлық сырымды ақтарып, баламды көріп, кейін соған үйлендім...
– Со-ған?!.
– Иә! Екі жылдан кейін егіз қыз туып берді маған. Қазір 18 жасар ұлым, бір жасар екі қызым бар.
– Әне-е-е...
– Осы айтайын деген әңгімем. Мен бақыттымын...
– Мен... мен сіз үшін...
– Содан бері, Құдайға шүкір, өмірім орнына келді...
– Енді... біреу бізге бұл оқиғаны айтып берсе, біз сенбеген болар едік... Бауыржан мырза, желіде тұрсыз ғой. Сіздің өміріңізді көрерменмен бірге көз алдымыздан өткіздік. Кәдімгі бір кинодағыдай...
Келтірілген үзіндіде әйел адам ер адамның басынан өткен оқиғаға шын жан-тәнімен беріліп тыңдап отыр әрі оған толықтай эмоционалды-сезімдік күймен қатынас жасап, кейіпкердің тағдыр тауқыметінен шынайы уайым шегіп, қайғырып қолдау көрсетіп отыр. Кейіпкердің оқиғасы әйел адамды еліткені, елжіреткені соншалық – тележүргізуші әйел өзінің эмоциясын ұстай алмай кейіпкердің сөзін бөле берді. Кейіпкердің сөзін бөлу арқылы әйел тележүргізуші біріншіден, өзінің таңданысын, эмоциясын жасыра алмаса, екіншіден, оқиғаның маңызды деректерін бөліп көрсетуге, фактіге екпін түсіруге тырысады. Коммуникативтік акт кезінде сөйлесушілер арасында интеллектуалдық қатынаспен қатар эмоционалдық ықпалдастық та қатар орнауы қажет.
Ер адам диалогты тек агрессиямен сөйлегенде не бәсекелестігін арттыру мақсатында ғана бөледі. Әдетте, ер адам диалогтың толық аяқталғанын күтеді.
Диалогтық сөйленісті жиі бөле беру оның әртүрлі бағытта сөйленіс әрекетін туғызуға себепкер болады. Тақырыптың әртүрлілігін, жан-жақтылығын орнатады, тематиканың семантикалық өрісін кеңейтеді. Жоғарыдағы мысалдарда әйел адам диалогты бөлу арқылы оны тоқтатуды меңзеп тұрған жоқ, керсінше оның дамуына, кеңеюіне, оның коммуникативтік-прагматикалық бағытының жаңаруына мүдделі болып отыр. Бұл диалогтың ұзақ созылуына, динамикалық өріс алуына мүмкіндік береді.
Әдетте, әйел адамның диалогы еркек адамға қарағанда тақырып жағынан жан-жақты болып келеді. Бір диалогтың бірліктің ішінде бір-біріне қабыспайтын бірнеше тематикалық топ талқылаудан өтуі мүмкін.
3. Әйел адам психологиясына тән қасиет – жасырын мәндермен, пресуппозициялық қондырғы құрылымдармен сөйлесім жасау әрекеті. Әйелдің бойындағы қырсықтық, қасарушылық, қыңырлық тәрізді кейбір жағымсыз қасиеттері мен еркелік, назданушылық тәрізді жағымды қасиеттері диалог репликаларының қысқа, имплицидті болуына әсер етеді. Әйел адам мұндайда ишараға, тұспалдаушылыққа, лебіз танытуға көп барады. Бұл әсіресе, гетерогенді коммуникацияда, яғни әйел адам мен ер адамның диалогтық сөйлесімінде орын алады. Мәселен:
– Саған не болды?
– Не болушы еді? Білдім сенің арамдығыңды.
– Қандай арамдық?
– Бүгін жәрмеңкеге мен үшін келген жоқсың.
– Енді кім үшін?
– Басқа үшін.
– Оны кім айтты?
– Білдім.
– Кімнен?
– Жомарттан.
– Жомарттан? Қай Жомарттан?
– Қанша Жомарт бар еді? Өзіңнің досың Жомарт.
– Ол не дейді?
– Сені Шәйіге үйленеді дейді.
– Е, дей берсін. Шәйіге ме, басқаға ма, түбі біреуге үйленерім хақ қой. Ода не тұр?
– "Басқаға ма?" – деп бұлтақтама. Жомарт айтты, дәп Шәйіге үйленетінің анық.
– Оның анық екенін ол қайдан біліпті?
– О да Шәйіге сөз салғалы жүрсе, сен оның алдын орап кетіпсің.
– Саған соны айтып арсызданды ма? Соншалық оның кімі едің сен?
– Ешкімі де емеспін. Тек ол маған да жақындайын десе, тағы алдын орап кетіпсің.
– Ал менің саған жақын екенімді оған кім айтыпты?
– Мен айттым.
– "Шәйіге айта бар, ол менімен жүреді", – дедің бе?
– "Айта бар", – дегем жоқ, менен күдер үзсін деп айттым. "Қайда барсам, алдымды кес-кестей берді-ау!" – деп кіжінді де, соның ызасымен сенің Шәйіге үйленгелі жүргеніңді ақтарып салды.
– Соның бәрін саған қай оңашада айтып жүр?
– Оңашада емес, нағашым немересін сүндетке отырғызған, сонда айтты. Жомарт біздің үйдегімен аталас қой, сондықтан "жеңге" деп қылжақтай береді.
– Қылжақтап жүріп қойныңа қол салған болды ғой?
– Салған жоқ. Қол салдыратын жындымын ба?
– Жынды болмасаң да, жындандырып жіберіпті ғой.
– Иә, жындандырды. Жынданбағанда қайтем? Үйдегі байым бай емес, нағыз байым сен деп, сенен бала сүйіп, сенің құшағыңда ит тірліктің иттігін ұмытып жүрсем... Тірідей өлтірдің ғой мені! Енді қайтем? Қайтіп сенсіз өмір сүрем? Өзіңмен бірге жүрегімді де суырып әкететін сияқтысың! Мұның оттан ыстық болатынын елден ес білгелі естіп келе жатсам да, тап мұндай деп ойламаппын (Б.Нұржекеев. Әй, дүние-ай).
Әйел адамның ер адамға деген көңілтолмаушылығы, реніші мен өкпесі диалогта жасырын мәндегі репликаның қолданалуына себепкер болған. Әйел адам күнделікті өмірде де ер адамға өзінің реніші мен өкпесін ашып бірден айтпайды, сөйленіс сәтін жасырын, тұспалдап, ишаралап сілтеп сөйлейді. Әйел адамның табиғатына тән ибалық, кей кезде қасақана қырсығу әрекеті оның сөйленіс уақытында ашып айтпай әдейі тұспалдап айтуына себепкер болады. Әйел адамның өкпешілдігі де ер адаммен болатын мұндай сілтеме, жасырын репликалардың көп қолданылуына әкеледі. Мұндай әрекет диалогтың өрістеуіне мүмкіндік туғызатын болса, кей уақытта диалогтың дамуына тежегіш болады.
Жоғарыдағы диалогта әйелдің жасырын сілтеме жасау репликасы ер адамның – сөйлесушінің тарапынан қызығушылық, бір жағынан таңданыс тудыра отырып диалогтың өрбуіне мүмкіндік береді. Әйелдің нені жасырып тұрғанына қызыққан ер адам одан мән-жайды сұрай бастайды. Ал әйел адамның сөйлесуші тұлғамен – ер адаммен арасындағы қарым-қатынасты анықтап алу үшін диалогты ары қарай жасалғастырады. Әйел адам өзінің ренішін жеткізе отырып, бір жағынан ер адамның жауабына қанағаттандай болады да диалогтың соңында ағынан жарылып, бар сырын ақтарып салады. Бұл диалогтың аяғы болғанымен нағыз кульминациясы тәрізді әсер береді. Жасырын мәнді репликалармен басталған диалог әйел адам тарапынан толықтай прагматикалық мақсатына жеткен – өзінің реніші мен өкпе-назын толықтай айтып жеткізді.
Әр сөйлеу актісінде сөйлеу жағдаяты көрсеткіштерінің сөйлесім мазмұнын құрастыруға қатысы өзгеріп отырады. Сөйлесім мазмұнын дұрыс түсіну тілдік және тілдік емес факторларға тікелей тәуелді. Тілдік факторларға: мәтіннің толықтығы, сөздердің дұрыс, түсінікті жалпы мағынада қолданылуы, өзара байланысуы жатса, ал тілдік емес факторларға сөйлесім мазмұнының шындыққа сәйкес келуін қамтамасыз ететін шарттар жатады. Сөйлесім мазмұнын анықтайтын шарттарды пресуппозиция деп атайды. Әдетте, пресуппозиция сөйлесім әрекетіне жасырын, жанама әсер етіп тұрады, оқиғаның мәнмәтіндік жағдайы басты рөл ойнайды.
4. Әйел адамдардың диалогі ер адамдарға қарағанда динамикалы келеді. Ер адамдардың диалогі арнайы кульминацияға жеткен соң, аяқталуға бағытталады. Белгілі бір келісімге келу арқылы не өзара ақпарат алмасу арқылы тоқтам жасайды. Әйел адамдар тілдік қарым-қатынасты ақпарат алмасу мақсатында емес, ішкі сөйлесім қажеттілігін қанағаттандыруға ұмтылатындықтан, сөйлесім процесінің ұзаққа созылғанын тілейді. Соған әрекет етеді. Мәселен мына үзіндіде екі әйел адамның диалогі бір-бірін қостау арқылы қалай бірден дамып отырғанын, жылдам қозғалыста болғанын байқай аламыз:
- Әй, имансыздың ісін қарашы... Е, айта бер... Шешесі қайтіпті?
- Шешесі ойбайын салып қызына жабысқан екен, «сенің керегің жоқ, сүйгеніме қосыламын» деп милициялардың арбасына мініп алыпты, - дейді...
- Астапыралда-ай, құдай-ай, не сұмдықты көрсеттің-ау!.. Не деген бетсіздік еді!
-Сол қыз биыл ауылына келген екен. Ауыл да жағасын ұстап отыр дейді. Бұрынғы киімнің бәрін тастап, құйрық-жалын күзеген байталша сып-сида болып, коммунистік киімін киіп алса керек, мойнында кресі бар дегенді де айтады...
- Не дейді, шешей-ау! Рас дей ме? Ол бетпақты ауылдан неге қумайды?
- Қайдан қусын, қит етсе коммунисіне айтады.
- Бәсе, десейші... Ай, заман азды ғой. Кешегі біздің жас күндерімізде ол Биағаларды қараңғы үйге қамау түгіл, жан бетіне қарай алмаушы еді... Өзіміз өткен өмірімізде сол кісінің үстіне кіріп көрген емеспіз.
- Ол атамды ұрлыққа араласқаны үшін жауапты дейді ғой, - деп есік жақта отырған жас әйел Рәш күңк ете қалды (Б.Майлин. "Раушан-коммунист").
Сөйлеуші мен тыңдаушы диалогтік қатынасқа тең дәрежеде араласып отыр. Сөйлеушілер өз ойын айту барысында әңгімені одан ары өрбіту үшін жауап күте сөйлеу немесе өзінің жауабын белгілі сауалды қайталап қою арқылы тіл қатып отыр. Диалогтағы ой сан-саққа бағытталып, әңгіме бірден қызған. Қатысушылар белгілі бір тақырып (әйел-коммунист) маңында өз ойын бөлісіп, бірінің ойын бірі жалғап әкетіп, диалогті динамикалық қатынас үрдісіне айналдыра алған.