Эсперанто. Жасанды тілдер жайлы не білеміз?

Эсперанто. Жасанды тілдер жайлы не білеміз?
Фото: www.bbc.com

Тіл – тірі ағза, халықтың табиғатымен, дүниетанымымен үйлесіп жатқан, ғасырлар бойы жинақталып, құрылымға ие болып қалыптасқан коммуникация құралы. Тілді халықтың өзі ойлап табады, нақтырақ айтсақ, жандүниесінен, әлемді тану түсінігінен шығарады. Бұлар енді табиғи тілдер.

Әлемде бірақ жасанды тілдер де бар. Мұны белгілі бір адамдар (көпес, лингвист, философ) белгілі бір мақсатта ойлап тапқан түсінікті, өзгермейтін тұрақты тіл. Мұндай жасанды тілдің айқын мысалы – эсперанто тілі.

Тарихы

Эсперанто тілін 1887 жылы поляк ғалымы, лингвист Людвик Заменгоф құрастырып шыққан. Ғалым жұрттың бәріне түсінікті, үйренуге оңай әмбебап тілді құрастырып шығуды мақсат етіп, сол жылы тіл үйренудің нұсқаулығын жазып шығады. Нұсқаулықты зиялы және ғылыми қауымға жіберіп, пікірін біледі. Көбі әмбебап тілді болғаны жақсы деп қолдау көрсетеді.

Эсперантоның өзі алғашында Ресей империясы аймағында қолданылған екен, кейін 1905 жылға қарай Канада, Мексика, Алжир, Жаңа Зеландия мен Еуропа елдеріне таралады.

Жасанды тілдің жұртқа ұнағаны сонша – энтузиасттар тіпті Еуропаның төрінде осы тілді қолданатын жеке мемлекет құруды құптаған көрінеді. Мемлекеттік тілге "амикехо тілі" деп атау бермек те болады. Алайда ХХ ғасырдағы екі бірдей дүниежүзілік соғыс бәрін астан-кестең қылғанын бәріміз білеміз. Идея сол күйі жүзеге аспай қалады.

Тілдің ерекшелігі

Жоғарыда айтқанымыздай, эсперанто тілінің иесі жоқ, белгілі бір ұлт пен халықтың тілі емес. Жеке бір адамның ойлап тапқан құранды тілі. Үйренуге жеңіл, грамматикасы оңай, грамматикасында бар-жоғы 16 ереже ғана бар. Ал сөздердің көбі ағылшын, неміс, итальян және испан тілдерінен алынған.

Эсперанто тілінде сөз қалай жазылса, солай оқылады. Әліпбиінде 28 дыбыс бар. Оның бесеуінің төбесіне арнайы белгі қойылады. Екпін бар: алдыңғы буынға түседі.

Мысалы

Сәлеметсіз бе! – Saluton

Мен сені сүйемін – Mi amas vin

Атыңыз кім? – Kiel vi nomiĝas?

Менің атым… – Mia nomo estas…

Рұқсат етсеңіз, өзімді таныстырайын – Permesu, ke mi prezentu min

Түсінбедім, ұқпадым – Mi ne komprenas

Көп рақмет! – Multan dankon

Абайлаңыз! – Atentu!

Қайырлы түн! – Bonan nokton!

Танысуға рұқсат етіңіз – Estis agrable renkonti vin

Қ. Слямбек