Дос – өмір жолыңда қолдау білдіріп, мұң-сырыңды бөлісетін бірден-бір жақын жан. Достық жырын жырына қоспаған ақын мен жыршы кем. Себебі дүниедегі ұлы сезімдердің бірі — осы достық.
Дос егіз – дұшпан сегіз.
Достың санына қарама, жанына қара.
Досы көппен сыйлас,
Досы азбен сырлас.
Дос көтерер көңілді,
Мал көтерер өлімді.
Дос бергенінің тісіне қарама,
Дос сүйгенінің түсіне қарама.
Достың ескісі, киімнің жаңасы жақсы.
Достым дос, есебім дұрыс.
Досыңды мақтағаның – өзіңді мақтағаның.
Адал дос жаныңды сақтайды,
Аяр дос малыңды сақтайды.
Достың көзінде болғанша көңілінде бол.
Құдайдың бергені қолдануға жақсы,
Достың бергені мақтануға жақсы.
Қатыныңмен дос бол,
Үйіңе береке кіреді.
Азаматпен дос бол,
Қадіріңді біледі.
Білімдімен дос бол,
Сасқанда ақыл береді.
Қасыңның жылмыңдағанынан,
Досыңның түнергені артық.
Жаман аттан аяғым жақсы,
Жаман достан таяғым жақсы.
Шын дос басыңа ырза,
Кей дос асыңа ырза.
Асың барда досың көп.
Досыңның үйі – өз үйің,
Досыңның сыйы – өз сыйың.
Жақсы дос пайдасын тигізбесе,
зиянын тигізбейді.
Жаман дос алдыңды орап жүргізбейді.
Достыққа адалдық – рухқа адалдық.
Табы бірдің ары бір,
Адал достың жаны бір.
Байлықтан артық достық бар,
Достықтан артық байлық жоқ.
Біреуге беріп жағасың,
Біреуге еріп жағасың.
Сабы жоқ шотпен отыр жарма,
Сабырсыз доспен жауға барма.
Жаман дос жауыңмен бірге шабар.
Аста тұз тәтті, адамда дос тәтті.
Қасың мен досыңды,
Қас-қабағы танытар.
Ерегескен ел болмайды,
Есептескен дос болмайды.
Айырылар дос аяулыңды сұрайды.
Данышпанға да дос керек.
Палуанға да демер күш керек.
Тістем нанның қадірін,
Тарыққанда білерсің.
Адал достың қадірін,
Зарыққанда білерсің.
Мың досың болса да,
Біреуінің орны бөлек.
Досыңа ат берме,
Ат берсең, ақырын жүр деме.
Досы көптің жаны семіреді,
Асы көптің тәні семіреді.
Дос табылса, ас табылады,
Ас табылса, дос табылмайды.
Ел сүйгендей досың болсын,
Жер сүйгендей қосың болсын.
Айырылмастай досыңа,
Ақылы көпті дау алмайды.
Досыңның атын алма, тайын ал.
Алыстағы дұшпаннан,
Аңдып жүрген дос жаман.