- Негізгі бет
- Асыл сөз
- Дінмұхамед Қонаевтың даналық...
Дінмұхамед Қонаевтың даналық ойлары
ХХ ғасырдағы қазақтың кемеңгер ұлы, өз заманының заңғар саясаткері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 110 жыл толып отыр.
Тарих тағылымына қарасақ, Қонаевтай ірі тұлғалардың үлгілі ісі мен әрекеті халықтың рухын асқақтатуға қызмет етеді. Елдің елеулі ұлдары мен қыздары көп халық тарихта елеусіз қалмайды.
Дінмұхамед Қонаевтай мемлекет пен қоғам қайраткерінің өмірі тағылымға толы. Содан болар, ол кісінің айтқан әрбір сөзі қазіргі ұрпақ үшін тәлім-тәрбие беретін нақылға айналған. Даналығы бір төбе.
****
Тәуелсіздіктің жүгі ауыр.
****
Тарих боямалауды көтермейді. Бары да, шыны да осы... Әр кездің өз әні бар ғой. Оған орындаушы кінәлі болмаса керек.
****
Сөз киесі – иесінде.
****
Сатыға аяқ салмай жатып, баспалдақтан аттама.
****
Өртті сөндіруден гөрі – оны тұтатпау ерлік.
****
Орынды сын ойлантпай қоймайды.
****
Өмір – өзен. Асып та, тасып та жатады. Сабасына түсіп, бір қалыппен де ағады. Бірақ онда тоқтау жоқ.
****
Қиянаттан асқан қылмыс болмайды.
****
Қараң қалған билік қайтып оңалмайды.
****
Қанмен сіңгенді қасиеттемесең, қадірің болмайды.
****
Қазақ ауыр істен емес, ауыр сөзден қорқады.
****
Елдің наласын қара басының бір күндік рахатына айырбастап кетуден асқан сатқындық болмас. Сақтансаң, осындайлардан сақтан, болашақ!
****
Жібі түзу, жаны таза адам кез келген жағдайда, қандай қызметті істемесін қашанда ар-ожданын биік ұстап қалады.
****
Жалпы, жар таңдау, үй болу – есі дұрыс адамға бір-ақ рет берілетін бақыт. Ол бақытты баянды ету біздің өзімізге байланысты. Өмірге сергек қарау осы отбасынан, оның түтін түтетері – сүйген жарыңды сыйлаудан басталады.
****
Жалада шындық болмайды.
****
Дүние түске дейін киіз, түстен кейін мүйіз болуы әп-сәтте.
****
Бітімі қисық ағаштың көлеңкесі де өзіндей болады.
****
Билікке көтерілдім, бірақ халықтан аласа екенімді ұмытпадым, қайтып ашар есігімді қатты жаппадым. Түптің түбінде оралар ортам – ел іші, ағайын ортасы. Басар жерім де, барар жерім де – қара жер. Қастерлей білсем қадірімнің кетпесін білдім. Панаң да ел, данаң да ел. Соған арқа сүйедім, содан үйрендім.
****
Ақиқаттан аттап кету – арға сын.
****
Адамға жазаның үлкені – жұмыссыз қалдыру.
****
Адам айнасы – адам.
Н. Үсенова