- Негізгі бет
- Асыл сөз
- Дәстүрлі мал пішу...
Дәстүрлі мал пішу тәсілдері
Дәстүрлі күнкөрістің үлкен бір саласы – малшаруашылығына қатысты қарекеттер мен мәдени элементтерге қатысты этнографизмдер, соның ішінде халықтық білімге қатысты ұғымдар мен атаулар тілдік қорымыздың үлкен бір бөлігін құрайды. Әсіресе дәстүрлі этнографиядағы халықтық малдәрігерлік біліміне қатысты атаулар мен ұғымдар қазақ тілдік қорының сүбелі бір қатпарына саналады және ол халқымыздың өзіндік ментальдық ерекшелігі мен ойлау жүйесі туралы шынайы ақпарат береді.
Бұл саладағы тілдік ақпараттардың дені этнографиялық зерттеулерде ұдайы қаралғанымен, өкінішке орай пәнаралық "ынтымақтастықтың" әлсіздігі салдарынан көптеген құнды атаулар қазіргі қазақ тіл білімі зерттеулерінің нысанына енбей отыр, дәлірек айтқанда қазақ терминологиясындағы олқылықтардын бірі болып отыр.
1946 жылы бір топ авторлардың редакциясымен жарық көрген сөздік 1954 жылы жарық көрген тіл білімі саласындағы тұңғыш ғылым докторы Н.Т.Сауранбаевтың редакциясымен жарық көрген еңбек кейінгі уақытта бірнеше мәрте толықтырылып үш томдық болып жарық көрген еңбектерде дәстүрлі этнографизмдерге қатысты недәуір деректер мен мәліметтер бар. Біз мақалаға арқау етпек тақырыбымыз қостілді сөздіктерде толық қамтылмаған. Тіптен, кейінгі салалық және қостілді сөздіктерде қазақ тілінің бұл саладағы үлкен әлеуеті ескерілмеген, яғни бүгінгі күнге дейін салалық тақырыптық әдебиеттер түгілі, терминологиялық еңбектерден өзіндік орнын ала алмай келе жатқыны – қынжыларлық жай. Сондықтан этнографиялық деректерді ветеринариялық әдебиеттер, ел арасынан жинақтаған мәліметтер (оны калька аудармада түздік этнографиялық жазбалар деп жүр) мен мұрағат деректерімен шендестіре отырып, қазақтарда ондаған түрлі мал пішу тәсілдері болған және ол жаңа заманғы кастрация әдістерімен толық шендесе алатынына және оның терминологиялық мүмкіндігіне тоқталмақпыз.
Ертеде ел арасында малды ақтайтын, пішетін кәнігі емсектерді қазақтар пішуші, оташы, кесікші, ақташы, кесуші деп түрліше атаған [1,9]. Тілімізде мал пішуге қатысты айтылатын ұғымдар төмендегідей: ақтау, кесу тарту, сылу, мыту, жаншу, байлау, буу [2,77] уызын ағызу; бездеу, күйдіру, мыту. Мұндағы етістік баламалары пішу, сұлулату [3, 281] ақталау, кестіру. (Күнделікті қолданыста аталған таулар бір-бірімен алмастырылып, жөн-жосықсыз қолданылып жүр, тіптен, сүндетке отырғызған баланы "баланы піштіру, кестіру" (этнофор ортадағы ұғым бойынша бұл әтек ету, азбанқұл жасау деген мағынаға саяды) дегендей атаулар жөн-жосықсыз қолдану үрдісіне еніп бара жатқандай).
Ақталау сөзі көбіне жылқыға қатысты айтылады. Көне түркі тілінде және әдебиет үлгілерінде агта, ақта, пішілген ат, жүйрік ат мағынасын беретінін ескерсек, ақталау – атқа айналдыру деген сөз.
Казақта пішілген аталықты азбан, ала, ақта қатарлы бірнеше вариантпен атайды және мұндағы азбан сөзінің мағынасы халық поэзиясында мықты аттың символы, батырлар мінген мықты ат. Сондықтан болар азбан мен ала атаулары поэзия тілінде жылқыға қатысты жиі қолданылған және азбан –үйірге түсіп жүрген, яғни, әбден жетілген, бірақ піштірілген дегеннен шығады [4,240].
Күйек мерзімінде туған қозы-лақ өсіп жетіліп, "қарын шашын", яғни алғашқы өлі жүнін тастаған соң күзгі суық түспес бұрын мал көбеңсіп, семіздік ала бастаған. Жұлдызшылар есебі бойынша Үркер жерге түскеннен кейін жүргізеді, "бейсенбіге бер де тіле" деп бейсенбіде атқарған. Пішудегі белгіленген жас шама жылқы мен бура 4 (дөнен), бұқа 3 жасында пішсе, оған дейін ені шонтай қалтасына түсіп, уызы тарап, шомбалданып өсіп, қайрат күші кемелденеді деп есептейді [5,98].
Пішілетін сәуріктің құйрық, кекілін тарап, ақ матадан ақтық байлайды.
Этнографиялық зерттеулеріміздің сорабымен басталған ойымызды, жоғарыда атап өткендей этнографиялық, мұрағаттық, ветеринариялық және ел арасынан жинақталған мәліметтермен шендестіре отырып, қазақтың дәстүрлі малдәрігерлігіндегі мал ақтау (пішу) тәсілдерінің ғылыми негізі мен терминдік параллеліне қатысты мынадай қорытынды жасап отырмыз. Пішу, ақтау тәсілдерін ғылыми жіліктеу бойынша екі түрге топтап қарастырамыз (оның қазақы атауы мен орысша баламасын жарыстыра береміз):
Біріншісін шартты түрде кесу деп атаймыз. Оған оташылықпен жасалатын (ғылымда - открытый кровавый способ делінетін) айналдыру, үзу, күйдіру, кесу, уызын ағыздыру, сылу деген тәсілдер енеді. Зауық бездерін (орысша калька аудармамен малда да жыныс безі деп жүрген) толық және жартылай алу деген екі түрі бар: кесу (полное удаление семенников и придатков) және сылу (частичное удаление элементов половых желез).
a) Қарапайым жолмен ұманы тіліп, енді (жұмыртқаны) алу, яғни сылу (вскрывается мошонки, оболочки яичек сжиманием рукой), ұрық түтігін үзу (сосклабливание), енді сылып алып, түтігін бұрап үзу (откручивание), ұрық түтігін темірмен қару (отжигание каленным железом семенного канатика) және т.б. Бұл аталған күрделі тәсілде қысқаш ағаш немесе сапсалғының (орысша – лещетка) көмегімен жүріледі, ұманы кездікпен тілген соң шыққан ұрық түтігінің астына салып, зауық безін түбінен қатты буындырған соң қару, үзу, буу, кесу шаралары жасалады. Мұндай қысқашты бір жағынан қайыспен біріктіріп буған, ұзындығы қарыс жарым, сәл қайқы келген екі таяқшадан тұрады [5, 99, 187-189 ].
Байлап маталған пішпені тыпырламайтындай етіп ұстаған соң оташы ұма қалтасын (мошонка) терісін екі елідей тілген соң ен бездерін қоршап тұрған майлы, сірнелі қабат - "ақшел дорбаны" ашады. Сонан ұма қалтасынан көзге көрінген енді сыртынан қаумалай сыға отырып шығарады да, қысқашты оның астынан жүгіртіп буындырып тұрып ыстық темірмен ен бауын қарып үзеді. Аттың өз құйрық қылының бірнеше талын салып күйдіреді, жараға алабота шөбінің өртелген ыстық күлін себеді де, ұмасын ішіне аударып қояды. Үзілген еннің біреуін қызыл шүберекке түйіп, аттың құйрығына байлайды, екіншісін үйдің оң жақ босағаға, кереге басына іліп қояды (соңынан таза жерге көміп тастайды [6, 73,105; 5, 48, 99].
ә) Азбан құтпандарға кең қолданылатын пішу (закрытый способ) тәсілі. Бураны осы әдіспен қыстың аязды мезгілінде пішеді және оны сыту деп атайды [7,72].
Зауық бездерін жартылай алу немесе енді сылу (ғылымда – частичное удаление элементов половых желез делінеді) да екі түрлі:
б) Ен немесе зауық безіне үшкір, өткір жебелі біз қандауыр шаншып ойып, қалыпты қызметін бұзатын уызын ағыздыру (удаление паренхимы семенников) тәсілі оташының кәсіби біліктілігін талап ететін тәсіл [7, 28].
в) Енге жабысқан қалақ тәрізді безді басқа бөлігінен ажыратып жекелей кесіп алу, немесе мамандар тілінде сылу тәсілі (резекция хвостов придатков немесе соскабливание). Енді ұмадан сығып отырып шығаратын қазақтар сылу деп атаған ұғым орысша-қазақша сөздіктерде бұл атауды (соскабливание дегенге) "қыру" деп бір мағынасы ғана берілген.
Пішуші адамға 10 түйені пішсе 1 қой тартылады немесе шапанымен (тексте халат) және ақшаға шаққанда 1 теңгеден кем емес пұл төлеген [8, 236].
Екінші тәсілдер тобы қан шығармай жасау (бескровные методы кастрации) қазақтар атауы бойынша ақталау (ақтау) тәсілдерінде ұманың ту сыртынан әрекет жасай отырып аталық қуатынан айыру жатады. Оның тарту, жаншу, мыту, біздеу деген түрлері бар.
г) Ұманың сыртынан ұрық түтігін тартып үзетін енбауды үзу (перкутанное нарушение целости семенных канатиков) қозы-лақты пішуге өте ыңғайлы болғанымен, ірі малға қолдану қиынға соғады. Қазақтар "ойлап тапқан" тарту тәсілін (прерывание семенных канатик) зерттеп, оның Моңғолияда кең таралуына атсалысқан малдәрігері Шабдан Әлғалиұлының зерттеуі бұл тәсілдің артықшылығын дәлелдеді: аталық енінің бауын (ұрық түтігін) саусақпен ілмектеп тарту (ол темір қысқышпен жаншуды ұсынған) жасалған соң бездер 4-8 ай ішінде семіп, оның құрамындағы гормондар мен биоактивизаторлар мал денесіне толық сіңіп, малдың жыныстық түйсігі біртіндеп жоғалғанша жас организмнің өсімін жеделдететін маңызы бар. Тартылып ақталған төлдің ісігі тез қайтады, қозы-лақтың әрі салмағы басқа тәсілмен пішілгендерге қарағанда артық болады [9, 2-14; 16,16]
д) 1892-95 жж. Торғай облысының малшаруашылығы туралы қолжазбаларында тарту, байлау тәсілдері (байлау, буу-перевязка семенных канатиков) ұсақтың төлін пішу мен шабының жарығы бар ересек аталықтарды азбан етуге қолданғаны туралы айтылған [5, 100; 6, 70; 8, 235].
e) XIX ғасырдың 20-30-жылдары қазақтар бұқаны кәдімгі бізді шонтай қалтасына пісіп жасайтын "біздеу" (ғылымда – эластрация аталатын) тәсілінде кәдімгі бізді 20-30 мәрте ен қалтаны пісіп уызын ағызған. Бұл тұрпайы тәсілден шығын көп болған [6, 71, 102; 10, 61-63].
ж) Компрессиялық кастрация деп аталатын ту сыртынан мыту (компрессионная кастрация или разможжение) арқылы жыныстық зауқынан айыру тәсілі шабы жарық малдарға қолданылады. Мыты етістігі жайында тілші Ә.Нұрмағанбетов парсының "мошт" – жұдырық сөзінен шығара отырып, мыту-жұдырықтау мағынасын беретінін айтады және ол сөз туысқан қырғыз, өзбек тілдерінде ұшырасатынын жазады [11, 213]
Пішілген аттың аяғын шешіп тұрғызған кезде жиналған еркек кіндіктілер ат бопайын лақтырып, "ат бол, ат бол, ат бол!" деп үркітіп жібереді. Ол атты сол жылы әйел адамның мінуіне тыйым салынады [12,154]. Пішу аяқталған соң "пішпе шашу" дастарқанына жиналып, "ақтық" аталатын ақ мата шытты оташының қолының мойынына байлайды (тілдік зерттеуге қатысы шамалы этнографиялық, фольклорлық мәліметтер түсіндірме, қостілді сөздікке арқау болатындығы бар). Зерттеуде ұшырасқан азғана фольклөрлық тың дерек – ауыл ақсақалының беретін мынадай "пішпе батасы" бар:
Биссмилла, Құдай жарылқасын,
Мал-жанын аман сақтасын!
Пішпенің азабы жеңіл болсын.
Биылғы жылы аз піштірсе,
Келер жылы көбейе түссін.
Мал басы өне берсін! [13, 183].
Пішумен бірге жасалатын шараның бірі – қозы, лақтың құлағына салу, тайлақ, торымның танауын тесіп, шығырық, сілбі, мұрындық өткізу. Ол тесік жырылудан "сетік танау" болса, оны оташылар тарамыспен тігіп тастайды [8, 62]. Мал пішілген соң басқаға ақ тағамдар берілмейді, тіптен 3-7 күн бойы көршілерге ұйытқыға айран беру, ақ тағамды жолға алып шығуға тыйым салынады [12,132].
Мал пішуге қатысты табу мен эвфемизмдердің бұрын белгісіз болып келген қырлары этнографиялық деректерді ғылыми, тілдік параллельдермен шендестіре қарағанда тың деректерді анықтаудың сәті түсті. Көшпелі ортада этнографиялық табудан туындайтын ырым мен табуларды алмастырушы тұспал сөздер мақсатқа жету, сәттілік пен табысты қамтамасыз ететін фактор ретінде қабылданған қоғамдық қатынастардың институтталған ұстанымдар қатарынан орын алады.
Қазақтың мал емдеу дәстүрінде, дәлірек айтсақ, пішу үрдісі барысында аталық малдың зауық мүшелерін, оның бөліктерін атауға тыйым салынады. Себебі дәстүрлі сенім бойынша, малдың қиналуын "құты қашады", тіптен тыйым салынған атауларды көп мәрте қайталау малды өлімге душар етуі мүмкін деп түсінген. Пішу үстінде аталық малдың зауық безін "еннің бүйрегі" немесе "бүйрек" деп тұспалдап айтады. Атау бездің сыртқы пішініндегі ұқсастығынан туындаған имитативтік меңзеуден туған және (зауық және зәр шығару) мүшелер қызметінің сабақтастығына байланысты.
Ал осы зауық (жыныс) безімен байланысқан қан және жүйке тамыры, бұлшықеттен тұратын шоғыр (ғылыми параллелі орысша - семенной канатик, латынша -funiculus spermaticus) [14] "еннің бауыры", "бүйректің кіндігі", "бездің тамыры" немесе "титан тамыр" деп келетін эвфемистік синонимдермен тұспалдап аталған. Қазақтар ашуланғанда "титаныма тиме", яғни, "жанды жеріме тиме" деуінен ашуланудың шегі ретінде қабылданады деп жазды Жағда Бабалықұлы.
Мұндағы тілдік табуды алмастыратын эвфемизмдер әмбебап емес, шартты түрде жағдаятқа байланысты және кәсіптік сипатта. Сондай-ақ оның қолданыс ареалы да шектеулі, малшаруашылығымен шұғылданатын аймаққа тән. Тыйым салынған бұл ұғымды тұспалдаушы эвфемизмдермен атау пішкен кезде ғана емес, жазылып кеткенге дейін қадағаланатын ұстаным болған. Сондай-ақ әйел адам мал пішіп жатқан жерге баруына тыйым салынады, оған пішілген атты бір жылға дейін мінуіне болмайды.
Мұүндай тыйымның түп-төркіні көне дүниетанымдық түсініктермен байланысты. Табиғаттағы тірі, өлінің барлығының иесі бар делінетін анимистік түсінікпен байланысты (егер ауырған саулық малды емдемей қойса, "мал төркінен обалдық жасағаны", ал құтпан малға көңіл аудармаса – "мал иесінің құты қашуы" деген қағида қазақтардың ең басты ұстанымдарының бірі), ең бастысы сөз магиясы, негативтік магия, өсіп-өну магияларымен тікелей қатысты туындағаны байқалады. Дегенмен сөз болып отырған бұл құбылыстың түп-төркіні түркі халықтарындағы көне мәдениеттің сан салалы идеологиялық кешені "құт" ұғымымен байланысқан. Казақтар бақыт пен молшылықтың, сәттілік пен байлықтың бастауы, бақ пен тіршілік көзін "құт" идеясымен сабақтастырады. Көшпелі ортадағы тіршілік қамы жүйесінің арқауы – төрт түліктің өсіп-көбеюінің, молшылыққа кенелуінің бастауында, аталық мал тұрады. Сондықтан да қазақтар аталық малды құтпан деп ардақтаған. "Құты" мен "құтты байлығының" басына балаған идеалдан туған ұғымның тілдік ықшамдалу заңдылығы бойынша "құтпан" атауына ауысқан. Тіршілік күш-қуатының бастауы – "құт" ұғымы мен құтпан малға қатысты жоралғылар түркі халықтарында берік сақталған.
Қазақ-қырғыздардың сенуінше, – деп жазады Н.Ф. Катанов, – әр шаңырақтың, әр қотанның желеп-жебеушісі (духи-хранитель двора делінген тексте) атының (бұл арада жаңсақтық кетуі ықтимал, анығы – айғырдың.) жалында шырмалып (байланып) жүреді деп сенеді. Олай дейтініміз – қазақтар сенімінде айғырдың күш қуаты мен құты оның жалында деп санайтындықтан оны күзесе немесе айғырға өлік артса, құты қашады, қуат-күші қайтады деп санаған (қазақта атанға өлік артса құлағын тығындап бітеп қоятын болған). Аталық малды ардақтаудан оның зауық мүшелерінің атын тұспалдап атауы мен қастерлеуінің түп-төркіні осында жатыр [15, 5-6].
Өсіп-өну магиясы мен "құт" ұғымымен сабақтас түсінікке қатысты табу саулық малға қатысты да айтылады. Саулықтағы жатыр түсу (выпадение матки) кінәратын "үйі түсу" деп атауы да сондықтан (эвфемизм)…
Сөз болған эвфемизмдер ("еннің бүйрегі", "бүйрек", "еннің бауыры", "бүйректің кіндігі", "бездің тамыры", "титан тамыр") бейнелі образды емес, мәнмәтіннен (контекс) тыс тұрғанда семантикалық мағынадан айырылмайды, бірақ түсінуге қиындық туғызады, яки мағынасы көмескіленген немесе қолданыстық ілкімділікке сай емесі байқалады.
Осы тәрізді дәстүрлі мал емдеу қарекетінде көрініс беретін көптеген этнографизмдер мен тілдік табуларды алмастыратын эвфемизмдер пәнаралық зерттеулерде шендестіріле зерделеніп, бүгінгі кезеңнің тілдік талаптарына сәйкес терминология мен лексикографияда лайықты орнын алуы қажет мәселе. Өйткені қазақ тілінің терминологиялық лексикасын байытудың бір әлеуетті жолы, өнімді бір саласы аймақтық қолданыстағы сөздер, қолданыстық мәні көмескіленіп, этнографизм, архаизм, диалект сөздерге айналып кеткен (алайда, этнофор ортаға түсінікті). Қазір жалпы қолданыстағы сөздерден терминге телінген кейбір ұғымдар (атаулар) қазақы сананың символдық ойлау ерекшелігі мен поэтикалық-образды бейнесін толық бере алмауы өз алдында, сонымен бірге синонимдер қатарын арттырып, тілдің нормалану үрдісін қиындата түсетін жақтары да жоқ емес. Өйткені, мұндай тілдік бірліктерді терминдік баламаға алу тек атаудың ұқсас қырларына емес, керісінше, ұғымдық параллелге негіз бола алады.
Пішілген малдың ұма тұсы піше салысымен ісіп шыға келетін "пышақ уыты" оташы құралы дұрыс суарылмаудан өршиді деген. Пішу жарасына ұялаған қанды іріңге қазақ пішпешілері кергіш ағаш қойып, тотияйын, ашудас, мүсәтір ұнтағын сеуіп отырады. Малды пішкен соң түрлі ауыртпалықтарды қазақтар "кезеп алу" (оның орысша баламасы – осложнение после кастрации) деп атаған.
Аталық малда жыныстық күйі болса да үйірге салуға келмейтін, пішкен кезде білінбей қалатын түрлі кінәраттарды қазақ шопандары танып айыра біліп, шаруашылық практикасында қолдана білген. Мәселен белсіз (мүлдем аталық қасиетін жойған ) шарттық, сыңар ен, ен шонтай қалтасына түспеген, (немесе бір ені ішінде қосжынысты, (гермафродит) қортық (крипторхизм) кінәраттары еркек (аталық) малдың белсіздігінен яғни бедеулігінен хабар береді.
Аталық пен саулық малдың күйі келгенін білдіретін ұғым тіркестерде синонимдік параллелизммен қатар өзіне тән жеке-жеке аталады: тілімізде төсеу, күйт келу, аңсары ауу, айғырдың биені қайыруы, баурау зауықтану, күйлеу, аңсау, құрағыту, сансырау, әуесі арту (әуселе – половой потенциал) сауырлау, бас көтеру, саң ауу [2,190, 212] қатарлы сөз тіркестерімен беріледі.
Үйірге салу, көзіктіру шөгеру (түйеде) күйек алу, қошқар (теке) қосу жеке бағылған қошқар текені табынға қосу) әдейілеп үйірге салу, күйек уақытынан есебін бастау болып саналады. Ірі қара мал өзі табиғи түрде күйі келсе, ұсақ малда күйегін алып үйірге қосады.
Қарығы қайтпау, "сартеке соғу" күштала күйті қайту, айғырдың желкуықтануы (көктемде көкке тойып, үйіріне қарай бастауы) бура жарау, шабыну, "сәдір", "қайықберу" оқырану, өкіру, күжілдеу, бақылау, күндеу, қызғану (Бабалықұлы, Жәнәбілов еңбектері бойынша берілді) ұғымдары аталық малдың салтанат кезінде қызметінің әр сатысы мен қызметін бейнелейтін ұғымдар дәстүрлі сөздік қорымыздың өлшемі ғана емес салалық терминологиядан өзіндік орнын алуға тиісті "қазыналар" қатарында.
Әдебиет
1. Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігі. 1.том. Алматы: Ғылым, 1997.
2. Бабалықұлы Ж. Мал ауруларының қазақша атаулары. Алматы: Қайнар, 1986.
3. Аманжолов С. Вопросы диалектологии и истории казахского языка. Алматы, 1959
4. Сыздықова Р. Сөздер сөйлейді (сөздердің қолданылу тарихынан). Алматы, 1980.
5. Добросмыслов А.И. Скотоводство в Тургайской области. Оренбург, 1895.
6. ҚРОММ. 25-қор, 1-тізбе, 4199-іс.
7. Жанәбілов Ш. Қазақша мал атаулары. Алматы: Қайнар,1982.
8. ҚРОММ. 25-қор, 1-тізбе, 4219-іс.
9. Әлғалиұлы Ш. Тарту тәсілімен қозы, лақ, бұзауды пішу туралы нұсқау // Монголия Ауыл шаруашылығы Министрлігінің хабаршысы Улаанбаатар, 1986 (моңғол тілінде)
10. ҚРОММ. 25-қор, 1-тізбе, 4210-іс.
11. Нұрмағанбетов Ә. Бес жүз бес сөз. Алматы,1994.
12. Арғынбаев Х. Қазақтың мал шаруашылығы жайында этнографиялық очерк. Алматы: 1969.
13. Ахмади Ж. Жүрек қартайса, ажал аңду салады. Алматы, 2000.
14. Общая ветеринарная хирургия под. общ. ред. А.Д. Белов и B.А. Лукьяновского. М.: Агропромиздат 1990 С.5-9.)
15. Катанов Н.Ф. Среди тюркских племен (оттиск). СПб., 1894.
16. Руденко С.И. Очерк быта Северо-Восточных казахов // Казаки. Сборник статьей. Л.,1930.
Хинаят Бабақұмар, ҚР МОМ, т.ғ.к.
Қ. Слямбек