Қазыбек пен Бұхар
Бұхар жыраудың өте қартайған кезінде көңілін сұрамақ болып Қаз дауысты Қазыбек би келеді.
Төсекте жатқан Бұхар жырау:
- Бірден онға дейін санның мағынасын маған ешкім айтып бере алмады, Қазыбек, сен айтып берші, - деген екен.
Сонда Қазыбектің берген жауабы:
Бір дегеніңіз – бірлігі кеткен ел жаман.
Екі дегеніңіз – егесіп өткен ер жаман.
Үш дегеніңіз – үш бұтақты шідерден шошыған ат жаман.
Төрт дегеніңіз – төскейге шыға алмаған кәрілік жаман.
Бес дегеніңіз – білікті адамнан белгілі бала тумаған жаман.
Алты дегеніңіз – аймағын билей алмаған адам жаман.
Жеті дегеніңіз – жетем деген мақсатына жете алмаған жаман.
Сегіз дегеніңіз – бастаған серкесіз қой жаман.
Тоғыз дегеніңіз – толғанғаныңыз.
Он дегеніңіз – өткеніңіз, о дүниеге жеткеніңіз.
«Қазақтың шешендік сөздері» кітабынан