"Жалғыз" сөзі мен жалғыздық ұғымының көптеген сыры мен қыры бар. Жалғыздық туралы айтылған ойлар мен дәйексөздер де жетерлік. Әлем халықтарының ұғымында жалғыздық жақсы мәнге ие емес. Әсіресе жалғыз жүріп, жалғыз жоспарлап биік мақсаттарды бағындыру оңай емес. Оны өзіміздің «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» саналатын мақал-мәтелдерімізден де кездестіруге болады.
****
Жалғыз батыр жауға жоқ,
Жалғыз жігіт дауға жоқ.
Жалғыз ағаш орман емес,
Жалғыз кірпіш қорған емес.
Жалғыз жігіт би болмас,
Жалғыз ағаш үй болмас.
Жалғыз аттың пайдасы көп,
Жалғыз жігіттің айласы көп.
Жалғыз жаңқа жанбайды,
Жалғыздың ісі оңбайды.
Жалғыз иттің үргені білінбес,
Жалғыз адамның жүргені білінбес.
Бір қарлығаш келгенмен жаз болмайды,
Бір сауысқан келгенмен қыс болмайды.
Жаманның сөзін сөйлеме,
Жалғыздың дауын даулама.
Кедей болар жігіт
Биесін сатып, ат алар.
Жалғыз болар жігіт
Ағайынмен ұрысып, жат болар.
Жалғыз жігіттің басына іс түссе,
Ақылынан адасады.
Сасқанынан қырық құмалақ алып,
Бал ашады.
Жалғыз мая қайымас,
Жалғыз жігіт байымас.
Қанша жуан болса да,
Жалғыз ағаш үй емес.
Қанша жақсы болса да,
Жалғыз адам би емес.
Жалғыз ағашты жағу қиын,
Жалғыз баланы бағу қиын.
Жалғыз бала жат бауыр.
Жалғыздың діні қатты.