Тіл – табиғи қозғалмалы құбылыс. Үнемі дамып түрленіп отырады. Лексикасына жаңа сөздер қосылып, олар уақыт өте реңк пен жаңа мағыналарға ие болады.
Тіл құбылыстарының ішінде – сөздің нұсқаға бөлінуі, дубликаттануы сынды ерекше процестер бар. Бұл – жаңа сөздің, лексикалық мағынаның пайда болуына әкелетін құбылыс.
Қазақ тілінде қатар айтылатын "бейіл" және "пейіл" екі сөз бар. Сырт қарағанда екеуі де бір формадан шыққаны көрініп тұр. Алайда уақыт өте келе дубликаттардың әрқайсысы өзіне тән мағынаға ие болған. Ендеше осы екі сөздің қазіргі мағыналары қандай – соны анықтап көрейік.
"Пейіл" сөзі араб тілінен енген сөз, сонымен қатар оның қазақ тіліндегі дупликаты "бейіл" сөзі болып табылады. Мұндай бейіл сөзі "бейіл бермеді", "бейіл салды", "бейілі бұзылды", "бейілі кең", "бейілі кеңіді", "бейілі қашты" тәрізді тіркестерге қарасақ, әрекетті білдіретін, бейілдің қимыл-әрекетін білдіретін мағынаға ие екенін танимыз.
Ал "адал пейіл", "қара пейіл", "мөлдір пейіл", "пейілі ашық", "пейілі бұзық", "пейілі кең", "пейілі қас", "пейілі тар" тәрізді тіркестерге назар аударсақ, "пейіл" сөзі тұрақты қалыптағы, статикалық күйдегі сөз екенін, атаумен ғана шектелетінін аңғардық. Бұл екі сөздің әртүрлі бір мағынаны бере тұра әртүрлі қолданыстарда өзін таныта алады.
Екі сөздің мағыналық айырмашылығы мынада. "Бейіл" дегеніміз ниет, ықылас, көңіл дегенді білдірсе, ал "пейіл" дегеніміз пиғыл, есеп, аужай, талап деген сынды мағыналарға саяды. Яғни, "бейіл" таза, ақкөңіл келеді де позитив реңкі басым. Ал "пейіл" дегеніміз негатив реңке жақындау.