Кімнің бай болғысы келмейді? Қалаған дүниеңге қол жеткізіп, шалқып тірлік кешкенге не жетсін. Әрине, көп асқанға - бір тосқан деген сөзді бір сәт естен шығармай. Бай болу бар да, оған лайықты өмір сүру бар. Асқақтап кетпес үшін һәм тойып секірмес үшін басып тұрар салмақ керек-ақ. Бұл мәселеде бабаларымыз айтқан асыл сөздерге айналып соғып отырармыз хақ.
1. Бар малына сенеді,
Жоқ қарына сенеді.
2. Базары жақын байымас,
Байымаса да налымас.
3. Малы бірдің – жаны бір.
4. Байлық – мұзға жазылған сөз,
Білім – тасқа жазылған сөз.
5. Жомарттыққа не жетсін,
Жүйріктен құтылып не кетсін.
6. Жалғыз болсаң, түйе сақта,
Жарлы болсаң, бие сақта.
7. Байлық – мұрат емес,
Кедейлік – ұят емес.
8. Сараң бай союға қозы таппай,
Жарлының жалғыз тоқтысын сұрайды.
9. Малға жарлылық – жарлылық,
Ақылға жарлылық – сорлылық.
10. Барымтаны бай алады,
Бәлесі кедейге қалады.
11. Байдан пайда артылмас,
Қудан айла артылмас.
12. Бай болып көргеміз жоқ,
Кедей болып өлгеміз жоқ.
13. Көптен дәметкен
Аздан құр қалады.
14. Жалқаулық деген жақсы екен,
Жатып ішер ас болса.
15. Базар бар да, малың сат,
Базар білмес, бақ білер.
16. Мың ділда
Бардың қалтасында,
Жоқтың аузында.
17. Мыңды айдаған да бірді мінеді,
Бірді айдаған да бірді мінеді.
18. Теңгелі жерде
Теңдік жоқ.
19. Жоқшылық жомарт ердің қолын байлайды.
20. Кежірлік – кедейліктің ордасы.