Балқаш – әлемдегі ірі тұзды көлдердің бірі және оның жанындағы қаланың атауы. Ал бұл атау қайдан шықты? Қандай мағына береді?
Балқаш көлі – Қазақстандағы ең үлкен көлдердің бірі. Көлемі жағынан екінші орындағы тұзды көл, ал әлемде 14-ші орында. Оған Іле, Қаратал, Ақсу, Аягөз, Лепсі, Бақанас, Тоқырауын өзендері құяды.
Ертеректе халқымыз бұл көлді Ақ теңіз және Жұмбақ көл деп екі түрлі атап келген. Ақ теңіз деп көлдің батыс жағалауын мекендеген жұрт атаған. Өйткені көлдің бұлы жағы тұщы су: Іле, Қаратал, Ақсу, Иентек өзендері келіп құяды әрі жер астынан тұщы су шығып жатыр. Сырт көрінісі мөлдір. Ал көлдің оңтүстік-шығысын мекендеген ел оған "Жұмбақ көл" деп атау берген. Бұл тұстан көлге Лепсі мен Аягөз өзендері құяды, ал жер асты сулары бұл жағынан келіп қосылмайды. Сондықтан көлдің бұл жағы ащы, түсі қаракөк.
Көлді "Ұзын арал" деп аталатын арал ортасынан ұзақ екіге бөліп тұр.
Балқаш – көл аты, көне гидронимдердің бірі, ежелгі гидрографиялық термин. Бұл атау жөнінде бірнеше лингвистикалық жорамал бар. Ертеректегі тарихи деректерде Балқаш, Батпақкөл, Көкшетеңіз түрлерінде айтылған. Қытай деректерінде Жо-хай көлі деп келеді. Атау құрамындағы хай қытайша "теңіз" мағынасын береді.
Е.Қойшыбаев өзінің еңбегінде С.Толстов айтқан "Балқаш атауының бірінші сыңарындағы "бал/бар – көне түбір" деген пікірді қуаттап, "балқаш атауы көне түрік тілінде су мағынасын білдіретін "балық" сөзіне гидронимикалық "аш" қосымшасы жалғанып, сын есім түбіріндегі атау пайда болған" дегенді айтады. Яғни, Балқаш – "су шалқыған өңір" мәніндегі көне түркі сөз тіркесі деген пікірге тоқталады.
Ал ғалым, этнолингвист Ә.Қайдар Балқаш атауы "бал+қаш" түбірінен пайда болған дегенді алға тартады: негізгі түбір "бал (ва) – сулы, балықты, батпақты", ал "қаш – балшық, сұйық, жабысқақ, тартпа, сулы дымқыл" деген мағыналарды білдіреді. Демек балқаш (немесе бал+жыр) дегеніміз сулы, балшықты, батпақты жер деген мағынаны білдіреді деген пікір айтады.
Б.Бияровтың айтуынша, түркі тілдерінде балғаш (туб.), палгаш (түрік.) нұсқалары кездеседі. "Топонимжасамда белсенді емес (терминнің көнелігінен болса керек), бірақ тың атау жасау барысында, егер нысан сәйкес келіп тұрса, термин ретінде жаңғыртуға болады" дейді.
Ал "Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде" Балқаш сөзіне "мал жайылымына қолайлы, шөбі шүйгін, сулы, соны жер" деген анықтама берілген.
Э. Мурзаевтың зерттеуінше, түркі тілдерінің көпшілігінде "тув. балгаш, түрк. палгаш "батпақты, томарлы жер" мағынасын береді. Бұл екі пікірге де ортақ сема "сулы, дымқыл жер" болып келуі екені байқалады.