- Негізгі бет
- Асыл сөз
- Бала бидің айтқандары...
Бала бидің айтқандары
Бала би шешен 1811 жылы киелі Шиелі топырағындағы Бәйгеқұм, Жөлек маңында туылған. Бала бидің азан шақырып қойған аты – Бименбет. Ал, Бала би – лақап аты. Бименбет әкесі Есенәліден он үш жасында жетім қалып, әкесінің інісі Арғынбайдың атын ерттеп қасына ереді. Арғынбай бидің алдына келер үш даудың шешімін айтып, Бименбет көзге түседі де, "Бала би" атанып кетеді.
* * *
Төрт кісі бірлесіп, бір ақсақ ешкіні семіртіп соймақ болып қырманға жібереді. Және де сойғанда кім қай аяғын алатынын алдын ала белгілеп қойса керек. Ешкі бір күні шүберек ораған ақсақ аяғын отқа тигізіп алып бақырып, қырманды айнала жүгіріп, содан қырман өрттенеді. Өртке кінәлі кім деп іздегенде үш сау аяқтың иесі: «Отқа жұғысқан да, қырманға өрт қойған да шүберек байлаған ақсақ аяқ», - деп ауру аяқтың иесін айыпты етіп шығарады.
Сонда Бала би (Бименбет): «Ешкі бір аяғымен жүрмейді, үш аяғымен жүреді және ауру аяқпен жүрмейді, сау аяқпен жүреді. Ешкіні отқа айдаған да, отты қырманға әкелген де сау аяқтар. Сондықтан қрттің шығуына оның үш сау аяғы кінәлі», - деп ақсақ аяқтың иесін айыптаудан арашалап қалады.
* * *
Іннен қазып алынған бір түлкіге екі кісі таласып, бірі: «Итім қуып келіп індетті» дейді. Екіншісі, қақпаншы екен. «Жүні жетілсін деп сыртынан бағып, бақылап жүрген түлкім еді. Жер де менікі, ін де менікі», - дейді.
Сонда Бименбет бала:
− Түлкі арлан болса, қуып келіп індеткен қағушыныкі, ұрғашы болса, сыртынан бағып жүрген жер иесі қақпаншыныкі, өйткені ұлан дүз жағалайды, ұрғашы үй сағалайды, − деген екен.
Сөйтіп, ұрғашы түлкі сыртынан бағып, қақпан құрған адамға тиіпті. Жөн біліп, әділ шешеім жасайтын Бименбет «Бала би» атанып кетіпті.
* * *
Досбол мен Бала би бір үйде түстеніп отырса керек. Үй иелері түстікке сүтке күріш бұқтырып, үстіне сары май салып әкеліп қояды. Бала би сонда сары майды өз жағына қарай жақындатуды ойлап:
− Досеке, жасымыздан бірге өскен қатар едік, егіз едік. Атам өлді – келмедің, шешем өлді – келмедің, - деп, күріштің бетінен өзіне қарай екі жол тартып қояды.
Жолдасының қулығын сезе қойған Досбол:
− Рас-ау, мен сені ұмытайын деп жүр деймісің. Жүргіншілік көп. Ел іші ұйқы-тұйқы болған кез ғой, - деп, сары май мен күрішті араластырып жіберіпті.
* * *
Бала би:
Құдай-ау, бай мен мырза танысың ба?
Бұл кедей жек көретін алысың ба?
Паналаған күркемді отқа өртетіп
Көпсінгенің бір құшақ қамысың ба? – деп назаланған соң, Досбол үй көтеріп берген екен.
Н. Үсенова