Қанатты сөздердің көбі халық өмір-тіршілігімен біте қайнасып ерте заманнан келе жатқандықтан, мән-мағыналары мен жекелеген сөздер ескіріп, көмескіленіп, ұғынып-түсінуге қиындық тудыратындай дәрежеге жеткен. Сол себептен, әр әңгіменің басында немесе соңында олардың түсіндірмелері де қосы берілген.
Айран ішкен құтылар, шелек жалаған тұтылар
Ел ішінде «Айран ішкен құтылар, аяқ жалаған тұтылар» деген нұсқасы да айтылады. Бұл сөз тіркесі «айып-кінәсіз, нақақтан жазалауға душар болды», - деген мағынада қолданылады.
Өткен заманда екі ұры болыпты. Екеуі бір үйге ұрлыққа түссе, әлгі үйдің айраны бабымен ұйытылған екен. Әлділеуі айранды ішіп қойыпты да, екіншісіне тек шелектегі жұғыны тиіпті. Шелекті жалап отырғанда, үй иелері келіп қалып, ұстап алыпты. Арғысы қашып кетіпті. Ұсталып қалғаны:
- Мен тек шелекті ғана жалап едім, - деп ақталыпты. Үй иелері ұрының бозарған сиқына қарап:
- Айран ішкен құтылар, шелек жалаған тұтылар, - деген екен.
Аққан суаға да бір тосу
Алуа заманында ақын да, керекті жерінде тапқыр екен. Сол елде Кенже деген атағы шыққан адам болыпты. Сол Кенже көптің алдында, тар жерде Алуаға:
- Әй, қатын, бері кел! – депті. Алуа:
- Кенже, атың бар-ау, әйтпесе барып сыбағаңды берер едім, - дегенде, көптің арасында отырып қарт:
- Шырағым, реті келген жерде тартынып қалма, - депті.
Сонда Алуа:
Кел дейсің, келгің келсе, сен келе кет,
Кел дағы, жігіт болсаң, сертіңе жет.
Кел деген ауыз байлық неге керек,
Келмесең, келгендерден садаға кет! – дегенде, отырғандар жадырай бір күліп, «Аққан суға да бір тосу!» десіпті.
Бұл – бетімен кеткен, бейпіл сөзді адамға да бір тосу бар дегені.