Қазақтар ертедегі тұрмысында табиғат құбылыстарын бақылаудан тіршілік күнтізбесіне түрлі болжамдар енгізіп, соған орай шаруа дайын ыңғайлаған. Жаңа ай туған сайын, бұл ай суық бола ма, жоқ шаруаға жайлы келе ме – мұның барлығын жаңа айдың туған сәтіне қарап-ақ болжап отырған.
- Өлара – ескі ай бітіп, жаңа ай туғанға дейінгі аралық. Аспанда ай көрінбей кететін кез. Өларада ауа райы қалай болса, туар айда да солай болады деген қалыптасқан тəжірибе бар. "Өларада жауын-шашын болса, туар ай да жауынды-шашынды болады" дейді халқымыз. Бұл болжам əрқашан қатесіз келіп отырған.
- Ай арасы толас болады. Кейде екі ай аралығында – өларада, керсінше, боран немесе жауын-шашын саябырсиды.
- Айдың тік туғаны халыққа жайлы, шалқасынан туғаны өзіне жайлы. Ай фазасының өзгеруін ғасырлар бойы бақылаумен болған халық тәжірибенің көрінісі.
- Ай қырынан туса, айбалтаңды сайла, шалқасынан туса, күрегіңді сайла. Ай қырынан туғанда ауа райы жақсы болады, қысқа отын жинап алуға қамдан, ал ай шалқасынан туып, ауа райы бұзылатындықтан қар күреуге дайын бол демекші.
- Ай тігінен туса алдағы күннің ауа райы шаруаға жайлы, жаймашуақ жылы болады.
- Ай шалқасынан туса алдағы күндер суық, малға жайсыз болады. Мұндайда қазақ шаруасы "өзіңе жайлы болсаң да, шаруаға жайсыз екенсің" деп әрі суық, әрі мал жағдайына қолайсыз болатынын жорамалдап білген.
- Ай қораланаса, арбаңды сайла, Күн қораланса, күрегіңді сайла. Ай қоралану – толған айдың қызыл арайланып мұнартуы. Айдың қоралануы – ауа райының жақсарып, шөп шауып алуға, Күннің қоралануы ауа райының бұзылып, қар күреуге дайын бол дегені.
- Ай қораланса, қыс қатты болады.
- Ай қызыл түспен қораланып әрі шыңбері кеңейіп барып жоғалса, келесі күні күн ашық болады. Егер шеңбер біреу емес, екеу және күңгірт болып келсе, онда қатты суық болады.
- Ай мен Үркер тоғыс кезінде бір-біріне жақын болса, ауа райы мал-жанға дайлы болады, егер алшақ болса, ауа-райы мал-жанға жайсыз болады.
- Ай туғанда бұрынғысынан үлкендеу көрінсе, сәулесі қызғылт болса, жауын жауатынның белгісі.